Қырғызстанның Кеден одағына қосылуы жөніндегі Жол картасын іске асыруға Қазақстан бөлетін 100 млн доллар ауыл шаруашылығы мен мал дәрігерлік қызметті дамытуға жұмсалады. Бұл туралы Бішкекте Қырғыз Республикасы экономика министрінің орынбасары Данил Ыбыраев айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kzтілшісі.
«Бұл қаражат ауыл шаруашылығындағы кейбір мәселелерді шешуге — фитосанитарияға, ветеринарияға жұмсалады. Бұл — олардың, біздің әріптестеріміздің мүддесі», — деді Ыбыраев.
Қазақстанның қаржысына Қырғызстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын тексеретін зертхана салып, Кеден одағы елдеріне экспортталатын өнімдерді сертификаттайтын базаны жетілдіруі керек. Кеден одағына енуі үшін Қырғызстан барлығы 102 нормативтік-құқықтық актіні оңтайландыруы тиіс. Республиканың экономика министрлігі құжаттардың бәрін 2014 жылдың күзінде дайын қыламыз деп отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстан 2005 жылы енгізген тыйымға байланысты Қырғызстан Кеден одағы елдеріне ет өнімдерін экспорттай алмай отыр. Кеден одағы нарығына сүт өнімдерін Қырғызстанның кейбір кәсіпорындары ғана шығара алады. Еске сала кетейік, өткен шілде айында Қырғызстанның Кеден одағы елдеріне қосылу мәселелері жөніндегі құжатқа қол қойылған болатын.
http://alashainasy.kz/