29 наурыз күні Бақшасарайда өткен қырым татарларының кезектен тыс құрылтайында Қырым татарлары халқының ұлттық-территориялық автономиясын құру туралы қаулы қабылданды. Бұл қаулыда: «Қырым татарларының тарихи отаны Қырымда Қырым татар халқының ұлттық-территориялық автономиясын құру туралы саяси және құқықтық жүргізу тәртібі басталғанын жариялау. Қырым татар халқы өзінің тарихи отанында ұлттық территориялық автономия формасында өзін-өзі билеу құқығы туралы барлық мәселелері бойынша халықаралық ұйымдар БҰҰ, Еуропа Кеңесі, Еуропа одағы, ЕҚЫҰ және мемлекеттердің үкіметтері, парламенттерімен қарым-қатынас орнатуды Мәжіліске тапсыру» туралы айтылған.
Құрылтайға арнайы қатысқан Татарстан президенті Рустам Минниханов, Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы шейх Равиль Гайнутдин қатысып, өз тараптарынан қолдау білдірді. Айталық, Татарстан президенті Рустам Минниханов мәжіліс жетекшісін Ресей президенті Путинмен кездесуін ұйымдастырып беру жөнінде уәде беріп, онымен осы тұрғыда әңгіме өрбіткенін де айта кетті. Татарстан басшысының пікірінше, Путіннің өзі де «қырымдық татар халқымен байланысты мәселелердің оңды шешілуіне мүдделі екенін» білдірген.
Ал Қырым татарлары мәжілісінің басшысы Рефат Чубаровтың айтуынша, Қырымның статусының өзгеруі қырымдық татар халқының еркінен тыс жүзеге асырылды. «Демек, бұл шешім БҰҰ-ның түп-тамыры тереңде жатқан халықтың құқығын қорғау тұрғысындағы декларациясы мен басқа да халықаралық актілерге сүйеніп жасалып отыр. Қырым әу бастан қырымдық татар этносы қалыптасқан тарихи территория болып есептеледі. Біз Ресейдің Қырымды өзіне қосып алуына байланысты арнайы мәлімдеме жасап, қырымдық татарлар мен басқа да ұлттардың байкот жариялауын сұрадық. Тіпті, 16 наурыз күні қырымдық татарлар сайлау учаскесінің табалдырығын аттауға үзілді-кесілді қарсы болды», деді Рефат Чубаров.
Қырым татарларының қайраткері, Украина парламентіндегі жалғыз өкілі, Жоғары раданың депутаты Мұстафа Джемилев аралдың Ресей құрамына енуіне орай өткен референдумның жалпыхалықтық, жалпыұлттық деңгейде өтпегенін айтады. «Референдумға тұтастай қатысты деген жаңсақ ақпар таратты. Шын мәнінде, оған 34,2 пайызы ғана дауыс берген. Ал қырым татарларының үлесі 0,5 пайыз ғана. Алайда, Путиннің империялық саясаты дегеніне жеткізді. Бірақ біз Қырым үшін күресті тоқтатпаймыз. Ислам елдерінен, мұсылман бауырлардан, Еуропа, Батыстан Ресейге қатысты санкцияның күшейтілгенін күтеміз. БҰҰ, басқа да әлемдік қауымдастықтан Ресейдің Украинаның тұтастығын құрметтеуін талап етеміз» дегенді қадай жеткізді.
Айта кету керек, Қырымдық татарлар бұл аумаққа XIII-XVII ғасырда қоныс тепкен. Ал ХІІІ ғасырдың ортасында арал Алтын Орданың бір бөлігіне айналған. 1475 жылы Қырымды Осман империясы жаулап алып, кейінірек Стамбұл татарларға автономиясын алып берген. 1783 жылы орыс-түрік соғысынан соң Қырым Ресей империясының құрамына еніп кеткен. Дәл қазіргі уақытта республика аумағында 260 мың татар тұрады. Олар жергілікті халықтың 14 пайызын құрайды.
Динара Дүрмән
http://www.turkystan.kz/