Қырым татарлары осы жылдың көктемінде наразылық шарасына шыққан төртінші адамды тұтқындаған жаңа биліктің рақымсыздығына наразы. Қырым татарлары жетекшілері Ресей аннексиясына қарсы болған еді.
2014 жылы мамырдың 3-і күні Қырым татарлары полициямен қақтығысқан еді. Сол шараға қатысқан Қырым татарлары әлі күнге тұтқындалып жатыр.
Қарашаның 25-і күні полиция Эдем Эбулисовті ұстап әкеткен. Оған «Қырымның солтүстігіндегі Армянск қаласында мамыр айында болған қақтығыс кезінде полицияға шабуылдады» деген айып тағылып отыр.
«МЕДЖЛИС СЕНДЕРДІ ҚОРҒАЙ АЛМАЙДЫ»
Ол — «3 мамыр ісі» аталатын оқиға бойынша тұтқындалған төртінші адам. Қырым татары басшылары «мұның бәрі — Ресейдің түбектің аннексиялауын сынатпау үшін істелген әрекет» дейді.
Қырым татарларының өзін-өзі басқару органы — Меджлис басшысының орынбасары Нариман Жәлелдің пікірінше, билік осылайша адамдарды қорқытып, қандай да бір қарсылық шараларына қатысудан айнытпақ. Ол «Билік Меджлистің артынан ерсеңдер сендердің де жағдайларың осындай болады. Меджлис сендерді қорғай алмайды дегенді білдірмек» дейді.
Оқи отырыңыз: Қырымдағы мешіттер неге өртене береді?
Эбулисов мамырдың 3-і күні Украинаның құрлықтағы шекарасына келген ардагер жетекші Мустафа Жемилевті қарсы алуға барған мыңдаған Қырым татарының ішінде болған. Мәскеуге арқа сүйейтін жаңа билік Жемилевті түбекке кіргізуден бас тартқан соң Қырым татарлары мен полиция арасында қақтығыс болған.
Қырымның байырғы тұрғындары – Қырым татарларының басым бөлігі түбекті Ресейдің қосып алуына қарсы екендерін ашық білдірді. Мұсылман Қырым татарлар 18-ғасырдың соңына дейін — 300 жылдан астам уақыт өз хандықтарында дербес билік құрды. 1944 жылы СССР диктаторы Иосиф Сталин жергілікті халықты Орталық Азия елдеріне жер аудару туралы бұйрық шығарды.
200 мыңнан астам адам сол депортация кезінде опат болды. Қырым татарлары отандарына тек 1980-жылдардың соңында ғана орала бастады. Қазір олардың саны — түбектегі халықтың 13 пайызы. Қайғылы тарихын есте сақтаған халықтың ұлттық бірлігі күшті, сондықтан болар жаңа биліктің көзіне шыққан сүйелдей болып отыр.
«ПОЛИЦИЯҒА ШАБУЫЛ»
Қырым татарлары басшылары «3 мамыр ісін» «татарларды қорқыту үшін жасалған шаралардың бірі» дейді. Мұса Апкеримов, Рустам Абдурахманов және Таир Смельдяев үшеуі өткен айда «полицияға шабуылдады» деген айыппен тұтқындалған еді. Қазір олар қамауда отыр.
Жәлел «Олардың айтып отырғаны қандай полиция? Тарап кеткен Украинаның «Беркут» жасағы ма? Олар Ресей заңына сілтеме жасап отыр, бірақ мұндағы полициялар әлі күнге дейін Украина формасымен жүр. Сондықтан бұл істің анық саяси астары бар» дейді.
Таир Смельдяевтің қорғаушысы Эмиль Курбединов те Жәлелдің бұл пікірін қостап, «бұл — жүз пайыз саяси іс» деп мәлімдеді.
Курбединовтің айтуынша, тергеушілер Смельдяевтің полицияға шабуылдағаны жазылған видеоға сүйенеді. Бірақ қорғаушы кадрде ешқандай шабуыл жасалмайтынын айтады. «Смельдяев камуфляж киген ер адамды мундирінің жағасы мен иығынан ұстап тұр, бар болғаны сол» дейді. Оның сөзінше, полиция қызметкері Смельдяевті бетінен ұрып жіберген. Курбединов «Тергеушілер ол адам жарақат алмаса да, жапа шекпесе де, ауырсынып қалған деп іс қозғап отыр» дейді.
Тақырыпқа сай мақала: Қырым татарлары қысымның күшейгенін айтады
Қырым татарлары басшылары Мустафа Жемилев пен Рефат Чубаров Қырымға кіру құқығынан айрылды. Оларды «ұлтаралық араздықты қоздырды» деп айыптайды. Соңғы рет өткен жергілікті сайлауға қарсы шыққаны үшін Ресей билігі Меджлистің ғимаратын да тәркіледі.
Бетперде киген қарулы солдаттар мен офицерлер ғимаратқа кіріп, Меджлис отырысының хаттамаларын, компьютерлер мен заттарын, діни кітаптарын тәркілеген.
Мұстафа Жемилев — СССР заманынан келе жатқан танымал құқық қорғаушы. Ол 1966-1986 жылдар аралығында алты мәрте СССР түрмелерінде отырған.
(Наталья Джанполадова мен Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
http://www.azattyq.org/content/crimean-tatars-arrested-/26714852.html