Әлемдік қауымдастық заңсыз деп таныса да, кеше, яғни, 2014 жылдың 16 наурызында Қырымда референдум өтті ақыры. Украина мен Ресей арасындағы саяси текетірес басталмай тұрғанда-ақ Қырымды уысынан шығарып алудан қорыққан Ресей байбаламға басты. Анығы, халқының басым бөлігі орыс ұлтынан құралған Қырымда Ресейге қосылу не қосылмау туралы жалпықырымдық референдум өткізуге мәжбүрледі. Қырымның ежелгі тұрғындары – татарлар «Біз Украина құрамынан кетпейміз, Еуропалық Одақпен бір болғымыз келеді», – деп бірнеше рет ашық мәлімдесе де, құлақ асқан ешкім жоқ. Мұның соңы Қырым мен Севастопольде референдум өткізуге әкеп соқты.
Кеше алдын ала жарияланған есеп бойынша жалпықырымдық референдумға дауыс берушілердің 72 пайызы қатысқан. Олардың 95,5 пайызға жуығы Ресейге қосылуды құптаған, 3,5 пайызы Украинаға қосылуға бейіл, ал бюллетеньдердің 1 пайызы жарамсыз деп табылған.
Қырымдағы ақпарат агенттіктері мен бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Симферепольде өздерін ресми түрде бекітілмеген қырымдық үкіметтің өкілдеріміз деп таныстырған Владимир Константинов пен Сергей Аксенов: «Қырым дегеніміз – Ресей» деп мәлімдеді. Кеше референдумға дауыс бергендер мен бақылаушы ретінде қатысқандар референдум барысында бірталай заң бұзушылықтардың болғанын хабарлады. Мысалы, белгісіз біреулер дәу автобусты адамдарға толтырып алып, сайлау учаскелерін аралаған, бюллетеньдер Ресей азаматтарына да таратылған. Сондай-ақ, Қырым Мәжіліс секретариатының жетекшісі Заир Смедляев барлық жерге Қырымның Ресейге қосылуын қолдауға шақырған билбордтар ілінгенін айтса, референдумды бақылаушы журналистердің бірі Екатерина Сергацкованың хабарлауынша, Қырымдағы сайлау учаскелерінде тізімде жоқ азаматтарға да бюллетеньдер таратылып жатыр, олардың арасында тіпті, басқа елдердің де азаматтары бар екенін растады.
Ескеретін жайт, бұл референдумды халықаралық қауымдастық өкілдері заңсыз деп таныды. Шара нәтижесін ресми түрде бірде бір мемлекет мойындамайды. Өткен аптада Біріккен Ұлттар ұйымы қауіпсіздік Кеңесінде Ресейді тіпті, Қытайдың өзі қолдамады. Ал Еуропалық Одақ өкілдері батыстық бағытқа ұмтылған Украинаның жағында. Қырымды украиндардан бөліп алуға жанталасқан, анығында, ел ішіне іріткі салуға тырысқан Кремльді Қазақстан да жақтамайды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украинаның территориялық тұтастығына нұқсан келтірмеу керектігін және екі ел арасындағы дауды бейбіт түрде шешу қажеттігін мәлімдеді. Қазақ басшысын арағайындыққа тартқан АҚШ, Еуропалық Одақ пен Ресей мәселені бейбіт шешуге мүдделі. Бірақ референдум нәтижесін Кремль саяси пайдасына қалай жаратуды көздеп отыр? Талай ғасыр Қырымды жаулап алу жолында соғысқан Ресей Еуропалық Одаққа қырымды қиып бере ме? «Бейбіт түрде шешуге» мүдделілік танытқанмен, Кремль Украина, АҚШ пен Батысқа қандай талаптар қояды? Бұлардың бәрі де уақыт еншісіндегі мәселелер.
Нәзия Жоямергенқызы