Әр түрлі шай сорттары мен көптеген ыстық сусындар арасында қыстың аязды күндері жылытатын, әсіресе қаңтар, ақпан айларында таралатын вирустардан қорғайтын, жалпы иммунитетті күшейткіш арнайы топ бар. Оларға глинтвейн, түрлі жеміс-жидектер, цитрустар, зімбір, даршын қосылған түрлі шайлар жатады. Оның барлығын Алматыда қайдан ішіп көруге болатынын «Екпін» тексеріп, алдарыңызға ең дәмді әрі пайдалы 9 ыстық сусынды ұсынып отыр.
1. «Классикалық глинтвейн»
Cafeteria
Құрамы: қызыл шарап, бал, қалампыр, лимон, апельсин, даршын (корица)
бағасы: 1199 тг
Бұл тұмауға қарсы күшті ем болып саналатын ыстық сусын қалалық Cafeteria кафесінде «Санта Кристина» атты тосканалық құрғақ қызыл шараптан дайындалады. Шарап белгілі градусқа дейін қайнатылып, одан соң жоғарыда айтылған басқа да ингредиенттер қосылады. Оның құрамындағы қалампыр мен даршын жақсы антисептиктер болып саналады. Сондай-ақ глинтвейн қысқы көңілсіздіктен де сақтайтын бірден-бір дәмді сусын. Алайда оның құрамында біраз алкоголь барын да ұмытпау керек. Шарап, қалампыр, балға аллергияңыз болмаса, қыс аяғының жабырқау күндерін осы сусынмен жайдарлы өткізіңіз.
2. «Жемістер жұмағы»
Cafeteria
Құрамы: апельсин, алма жемістері мен шие, анар сироптары
бағасы: 499 тг
Бұл сусын қыста әрқайсымызға қажетті денсаулыққа пайдалы дәрумендерге бай. Құрамында тек қана жемістер болғандықтан, кішкентай балаларға да ішуге болады. «Біз италиялық табиғи негіздегі сироптарды қолданамыз» деп бармен бізге «Fabbri» деген жазуы бар шәрбат бөтелкелерін көрсетіп жатты. Сондай-ақ бұл шайды үйде де оңай жасауға болады екен. Ол үшін кәдімгі демделетін қара шайға шие, анар сироптарын және алма, апельсиннің кішкентай бөлшектерін қосып қайнату керек. Ішер кезде үстіне тағы да қосымша апельсинді турап салуға болады. Құрамындағы жемістер үшін балдай тәтті болып шығатын шай қант қосуды қажет етпейді.
3. «Жеміс бақшасы»
Чайкоффский
құрамы: түрлі қақтырылған жеміс-жидектер, даршын
бағасы: 899 тг (шәйнегі)
Бұл шайдың ең бірінші назар аудартатын нәрсесі — мұрын жаратын тәтті иісі. Дәрумендерге бай сусын ағзаның түрлі инфекциялармен, тұмаумен күресуге көмектеседі. Сондай-ақ астың тез қорытылуына да септігін тигізеді екен. Көптеген жеміс шайларының құрамында гибискус, яғни судандық раушан бар. Ал каркаде негізінде жасалынған шай ең пайдалысы болып есептелінеді. Олар шөлді тез қандырып қана қоймай, құрамындағы органикалық қышқылдардың әсерінен жалпы ағзаның жұмыс істеуін күшейтеді.
4. «Лимон — Зімбір (имбирь)»
Чайкоффский
құрамы: Сенча мен Улун көк шайлары
бағасы: 799 тг (шәйнегі)
Қыс аяғы әдетте көңіл-күйсіздік пен дәрумендерге мұқтаждықпен (авитаминоз) сипатталады. Құрамында «Қара айдаһар» аталынатын Қытайдың ең ерекше әрі байырғы шайы Улун да, жапондық ең танымал шай Сенча да бар «Лимон — Зімбір» сусыны бірден адамға сергектік сыйлайды. Шайдың тәтті дәмін лимон мен зімбір ноталары толықтырады. Екі алып шығыс елдерінің атақты шайларын қосып, әдемі жаңа сорт жасаудың өзі ерекшелік. Улун немесе Оолонг шайын қытайлардың өздері көк шай мен қызыл шайдың арасында тұрады дейді. Қызыл шайдың хош иісі мен көк шайдың қанық дәмін құрайды. Бұл шайды қытайлар «гун фу ча», яғни «жоғарғы шай шеберлігінде» бекер қолданбайды екен. Ал Сенчаға келетін болсақ, ол Хонсю аралының жағажайында өсіріледі. Оның хош иісінде теңіздің нәзік реңкін сезуге болатыны да содан шығар. Бүкіл Жапония бойынша өндірілетін шайдың 80% осы сортқа келеді екен.
5. «Апельсин бәліші»
Чайкоффский
құрамы: қара шай мен түрлі дәмдеуіштер
бағасы: 999 тг (шәйнегі)
Аты қызық естілгенімен, бұл шайдың құрамында бәліш жоқ, қорықпаңыздар. Бұл шай көк шайды ұнатпайтындарға таптырмас қысқы сусын. Ашық қоңыр түсті болып шығатын шай құрамындағы дәмдеуіштерінің әсерінен дәмді де, хош иісті болып шығады. Тез жылытып қана қоймай, бойды сергітеді. Сондай-ақ тамақ алдында ішсе, тәбетті ашып, ал тамақтанып болғаннан соң ішсе, ас қорытуды жақсартатын қасиеті бар екен.
6. «Элегантность»
Чайкоффский
құрамы: ерекше сапалы ірі жапырақты көк шай мен қызыл қарақат, құлпынай, папайя, күнбағыс, көктікен жидектері
бағасы: 999 тг (шәйнегі)
Элегантты шай өзінің дәмін аса білдіртпей, нәзік шығарады екен. Тәтті шабдалы мен папайяның қанық дәмі қызыл қарақаттың сәл ғана қышқыл дәміне ауысып, гүлдің хош иісімен сізді толыққанды жайбарақат әсерге бөлейді. Бұл шайдың ең басты қасиеті — шаршаған жүйкені қалпына келтіру. Сондықтан ол жақындарыңызбен бірге көңілді отыруларыңызға себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ қыста әр адамға қажетті иммунитетті қатайтып, ас қорытуды жақсартады екен. Тері қатпарында ылғалды біразға дейін ұстап тұрады.
7. «Итмұрыннан жасалынған дәруменді сусын»
Aroma
құрамы: итмұрын жемісі
бағасы: 499 тг
Бұл С дәрумені мен аскорбин қышқылына бай пайдалы сусынды үйде де дайындауға болады. 2 литр қайнаған суға жуылып, тазартылған 250 г итмұрынның құрғақ жемісін салып тұнба жасаймыз. Тұнба 4 сағаттай тұру керек. Содан кейін барып оны сүзіп, құйып беруге болады. Сусынды тоңазытқышта сақтау керек. Алайда екі күннен кейін оның дәмі бұзылып, шай пайдалы қасиеттерін жоғалта бастайды. Сол себепті екі күннен ары сақтауға болмайды. Жалпы итмұрын тұнбасы қышқыл болып шығады, сондықтан оны ішер кезде бал, апельсин не жалбыз қосуға болады. Ол қан айналымы мен жүрек жұмысына жағымды әсер етеді.
8. «Шамборт ликері қосылған шай»
Aroma
құрамы: Шамборт ликері, 50 г қызыл шарап, цейлондық қара шай, раушан гүлшанақтары, даршын таяқшасы, шие шырыны
бағасы: 999 тг (шәйнегі)
Бұл шайды бірден-бір қысқы сусын деуге болады. Алдымен оның құрамындағы қызыл шарап суық күнде адамды жылытады. Aroma шай салонында да бұл сусынға әдетте бокалдарға құйылатын тосканалық құрғақ қызыл шарап «Санта Кристина» қолданылады екен. Құрамында спирт болғандықтан, бұл шайды көлік жүргізушілерге ішуге болмайды. Шамборт ликері қара бүлдіргеннен тұрғандықтан, шайдың дәмінде де тәтті жидек сезіледі. Бұл сусынды да барлық құрамдастары болса, үйде дайындауға болады. Ликер, шарап, шие шырынын шәйнекте араластырып, үстінен қайнаған су құйып, кәдімгі шай секілді дайындаймыз. Үстіне қалған раушан гүлшанақтары мен даршын таяқшасын қосып жіберуге болады.
9. «Флэт Уайт»
Aroma
құрамы: ристретто кофе сорты, көпіршітілген сүт
бағасы: 599 тг
Бұл кофе өзінің ерекше дәмімен бүкіл Аустралияны жаулап алған. Екі еселенген ристреттодан тұрады. Жалпы ристретто кофе сорты өте қою болып саналады. Италияндықтардың өздері таңертең ұйқыдан тұра сала, осы ристреттоны ішіп оянады екен. Ал «Флэт Уайтта» оның мөлшері екі еселенген. Сондықтан оны таңертең ішіп алып, күні бойы энергияң тасып жүруге болады. Қыс мезгіліндегі ұйқышылдықтан, маубастықтан сақтайтын сусын десек, қателеспейміз. «Жалпы күніне бір рет, яғни таңертең, кофе ішу — пайдалы» — дейді Aroma бармені — «Мен өзім ұйқыдан тұра сала, әрдайым кофе ішіп аламын да, күні бойы сергек жүремін. Сондай-ақ кофенің құрамындағы кофеин ағзаға дем беріп отырады». Ал кофенің үстіндегі суреттер (кофе арт, латте арт) сүт көпіршігімен салынады. Кофе сапасын оның жан-жағындағы қоңыр көпіршігінен білуге болады. Жақсы кофенің қоңыр көпіршігі қою әрі тығыз болады екен.
Кофеханаларды аралаған:
Айжан Кәрібаева kerbez
http://yvision.kz/post/319771