ҚХР Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қарамай қаласының 35 жастағы тұрғыны Берік Ықлас The Voice China («Қытай дауысы») жобасының қазылар алқасын таңғалдырды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Көрмей тыңдау кезеңінде ол испандардың ырғақты Señorita композициясын орындады, оған тек қазылар алқасы ғана емес, көрермендер де риза болды. Төрт сарапшының үшеуі Берікке бұрылды, ол танымал әнші әрі композитор Ванг Фенганы (Wang Feng) таңдады. Енді екінші кезеңде жетекшілер өз тобындағыларды жұптастырады. Әншілер өзара бақ сынайды.
Сұхбат кезінде Берік 15 жасынан бері сахнаны жаулауды армандайтынын, кішкентай кезінен бері вокалмен айналысатынын айтты. Беріктің ұлы мен қызы бар. Олар аналарымен бірге әкелерінің жанкүйері.
Еске сала кетейік, 2013 жылы да осы жобаға Тасқын есімді қазақ жігіті қатысқан болатын. Бірінші кезеңде ол Қытайдағы танымал әндердің бірін орындады, дегенмен қазылардың ешқайсысы оған өз дауысын берген жоқ. Бұдан кейін ол қазақ тілінде «Дударай» әнін шырқады. Қазылар алқасы көздеріне жас алып, Тасқынға екінші мүмкіндік берді.
http://kaz.tengrinews.kz