АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қытай: «қара қазақ қаптаса…»

Дабырғайлы, ендеше, дабырғайлы, киіз үйдің есігі жабылмайды» деп өлеңдететін қазақпыз ғой… Есігіміз ашық, төріміз сайлаулы. Басқа елді айтпай-ақ қояйық, Қытай жұртының өзінен күніне жүздеп, мыңдап қонақ келеді Қазақстанға. Олардың ішінде Атажұртым деп келген ағайынның қатары сирек. «Нұрлы көшті» сорлы көшке айналдырғалы қашан?! Көбісі қысық көз «құдалар».

Бір қызығы, «Қара қытай қаптаса» деген сөзді бұрындар біз айтушы ек. Енді қытайлар айтатын болған сияқты. Өйткені соңғы жарты жылда қазақтар үшін «Жунгоға» бару мұңға айналған. Соған қарағанда миллиардатар елі де «қара қазақ қаптағаннан» қорқа бастаған сыңайлы… Әйтпесе шекарасын бір аттағанға 25 мың теңге сұрамас еді. Бұрындар 7 мың теңгеге беріліп келген рұқсаттың құны бұл күнде 200 долларға жуықтайды. Оның өзі тек үш айдың ішінде бір рет барып-келуге жарайтын виза.

Шындығын айтқанда екі ел арасындағы экономикалық байланыстар нығайғалы шекараны жол қылған қазақтардың да қатары молайған. Олар үшін бір жылға көп мәрте виза алу таптырмайтын мүмкіндік. Бірақ қазіргі кезде мұндай визаның кілті аспанда. Яғни бір жылдық виза қысқарған қазір. Дегенмен ұзынқұлақтардың айтуынша, көзін тауып, көмейін толтырсаңыз оның да жолы ашық. Бұған енді қарапайым қазақтың шамасы келмесі анық. Сондықтан көп сандысы үш айға берілседе, бір мәрте визаға зәру. Оның өзін алуға кемінде бір ай кезекте тұруға тиіссіз.

Қалтасы қалың саудагерлерді айтпағанда, екі елде шашылып қалған ақкөңіл ағайынның біразы Қытай консулының есігін сығалап жүр… Біреуінің баласы қалған, біреуінің жақыны қайтыс болған, біреуінің шаруасы күтіп тұр… Бәрінің қолында Қазақ елінің көк паспорты. Шын мәнінде,  Қытайдың «қыл көпірінен» әрең өтіп, қазақ жеріндегі мың сан құжатты жинап «азаматтық» алған ағайынның бітірер шаруасы шаш-етектен. Өйткені бауыр-тустың бас-аяғын жинап, қора-қопсыны ақшаға жарату біраз уақытты талап етеді.

Бұл тек өзіміз «оралман» атаған бауырларымыздың басындағы жағдай емес, кез келген Қытайға баратын Қазақстан азаматының алдынан шығып жатқан кедергі. Құлаққа сенсек, Қазақстан мен Қытайдан тату ешкім жоқ. Көзге сенсек, көрініп тұрған көп тосқауыл. Бұған жауап беретін бір орынның болмағаны ма? Әлде визасын қызғанған Қытайға жеріміз бен мұнайымызды беріп отыра береміз бе? Сіз не дейсіз?

Masa.kz