Астана. 30 сәуір. Baq.kz Қытай туристері әлемдік туризм саласындағы ең белсенділердің көшін бастап тұр. Жуырда Қытай туризм академиясының басшылары осындай мәлімдеме жасап, бұл елде саяхатшылардың көбеюін экономикалық дамудың көрсеткіші екенін атап өтті.
Newsru.com интернет порталының хабарлауынша, өткен жылы Қытай Халық республикасынан 80 млн адам әлем елдерін аралауға аттанған. Бұл көрсеткіш туристерінің көптігімен алдыңғы қатарда жүрген Америка мен Германия елдерінен бірнеше есеге асып түсті. Мамандардың айтуынша, 2012 жылы қытайлықтар саяхат үшін 100 млрд АҚШ долларын жұмсаған және бұл соманың үштен екісі шопингке арналғандығы анықталып отыр. Global Вlue операторларының мәліметтеріне сенсек, Қытай туристері Еуропа, Гонконг немесе Сингапурға бір барып-келу үшін 15 мың доллар жұмсайды, ал оның орта есеппен 1,5 мыңы дүкен аралауға кетеді екен. Саяхатта кететін шығынды есептеп көрген сарапшылардың мәлімдеуінше, өткен жылдармен салыстырғанда қазір Қытай азаматтары 30%-ға дейін артық ақша жұмсайтын болған. Қытайдың туризм академиясы басшыларының айтуынша, туристердің көбеюі – халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілгендігінің белгісі.