Қытай халық республикасы мен Жапонияның арасындағы онсыз да оңып тұрмаған қарым-қатынас осы аптада тағы шиеленісіп кетті. Оған себеп Шығыс Қытай теңізіндегі екі ел таласып отырған аралдарға екі Қытай кемелерінің жақындауы еді.
СNN-нің хабарлауынша екі жақтың бір-бірін айытпауы да сан түрлі болып отыр. Жапондардың жағалау күзеті 8 қытай кемесі Шығыс Қытай теңізіндегі екі жақ таласып отырған аралдарға жақындап келгенін айтады. Оның үстіне кемелердің саны да аралдарға талас басталған сәттен бері ең көп мөлшерде болған. Ал, Қытайлар болса өз әскери кемелерінің сол өңірде болған жапон кемелерін бақылау үшін барғанын айтады. Өйткені, жапон ұлтшылдары балықшылар қайығымен флотилия жасақтап даулы аралдарға белсенділер жеткізген.
Жапония сыртқы істер министрлігі Токиодағы Қытай елшісін наразылық нотасын тапсыру үшін шақыртты. Жапондар Окинава мен Тайван арасындағы өздері Сенкаку, қытайлар Дяоюйдао деп атайтын аралдардың төңірегіне қытай кемелерінің келгеніне наразылық білдірсе, Қытай елшісі Чэн Ионгуа қытай территориясына кірген жапон кемелері бар екендігін айтқан.
Бұл оқиғадан бір күн бұрын Пекин үш жапон министрінің Токиодағы Ясукуни храмына барып, отан үшін мерт болған жапондардың, соның ішінде әскери қылмыскерлер саналатын адамдардың рухына тағзым жасағаны үшін наразылық білдірген болатын. Сөйтіп, Екінші дүниежүзілік соғыстан бұрын және сол соғыс кезінде жапондардан қатты зәрі көргендіктерін ұмытқылары келмейтіндігін байқатты. Осы наразылықтан соң 168 жапон депутаты әлгі храмға барудан бас тартқан еді. Бәлкім Қытайдың наразылық танытуынан болар жапондар да қырсыға қалды.
Бірқатар шетелдік сарапшылар аралдарға қатысты даулар, соғыс құрбандарына құрмет көрсету сынды бірқатар мәселелер екі жақ үшін де тиімсіз екендігін айтады. Жапонияда да, Қытайда да билікке жаңа тұлғалар келген болатын. Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ де, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин де жаңа адамдар. Алайда, екі жақтың бетпе-бет қалып отырған мәселелері өте өзекті һәм нәзік. Тіпті, әзірге бір-біріне наразылық танытумен ғана шектеліп отырған текетірес бақылаудан шығып кетуі де мүмкін. Онда АҚШ Жапонияға көмектесуге мәжбүр. Арада келісім бар.Бұл өңірдегі ахуалды шиеленістіріп жіберері сөзсіз. Онсыз да Солтүстік Кореяның қыр көрсетіп отырған белгілі. Енді Қытай мен Жапония дауы қосылайын деп тұр.
Жебе-ақпарат