Жә. Ши Жин Пиң Қытай басшысы ретінде алғашқы жұмыстарын неден бастады? Қандай қадамдар жасауда? Біз осыны сараптап көрелік. Батыс баспасөзіне сенсек, Ши Жин Пиңнің жалғыз қорқынышы бар. Ол екінші Горбачев атану. Бұл да жөні бар сөз. Ғасырлар бойына бір ғана «Ханзу» деген атқа топтасқан мың сан ұлысты айтпағанда, бүгіннің өзінде Қытай елін 56 ұлт «отан» санап отыр. Тибетті, Шыңжаңды, Гансуды негіз еткен автономиялы аймақтар «Шың елінің шиқаны» десек те болады. Ұлттық болмысынан айырылып бара жатқан ұйғырлар мен тибет тұрғындарының әр жылдардағы бұлқынысы соның айғағы.
Сондықтан болса керек Ши мырза «бісімілләсін» биліктің майлы басын ұстаған коммунистердің моральдық тазалығынан бастаған сыңайлы. Тіпті миллиард жұртты тітіретіп ұстап тұрған коммунистік партияның өзіне сындарлы сын айтылуын қалайды. Шындап келгенде, экономиканың еселеп артуы себеп болды ма, бүгінгі Қытай билігін көлеңкелі жемқорлық жайлаған. Көлеңкелі деп отырғанымыз біздегідей «Әбілиязовта 5 миллиард, Храпуновта 300 миллион ақша бар екен» деген әңгіме ол жақта ашық айтылмайды. Есесіне түбі жоқ тұңғиық.
Соның салдарынан, әсіресе, аз ұлттар қоныстанған аймақтарда қарапайым халықтың ата-бабасынан қалған жерден айырылып қалуы, ойыншық лауазым иесі атануы, тіпті, кеше көшіп келген Қытайдың қолына қарап қалуы таңғалмайтын жағдайға айналған. Мысалы, Шыңжаң өңірінде негізгі басшылық орында ұйғырлар мен қазақтар отыр. Бірақ шын билік «ханзудың» қолында. Бұл жағдай Қытай үкіметі үшін қанша тиімді болғанымен, аз ұлттардың ішкі назарылығын тудыратындығы сөзсіз. Соңғы кездері жемқорлықтың кесірінен, «өкіметтің өндіріс орынын ашу» қажетіне байланысты мыңдаған гектар жерін түкке тұрмайтын ақшаға беруге мәжбүр болған Іле қазақ облысындағы егінші-малшылардың мұңы да жиі айтыла бастады.
Осындай келеңсіздіктер Шидің құлағына жетсе керек. Кейінгі кездері жерінен айырылған шаруалардың тұрмыс деңгейін жоғарлату үшін Қытай биілігі барын салып жатқан көрінеді. Соған қарағанда, әлеуметтік араздықтың қалай туылатынын, оның аяғы неге соғатынын су жаңа Президент қаперіне нық ұстаған сыңайлы. Батыстың көзімен қарасақ, мұның бәрі бір тұтас Қытайдың ыдырап кетпеуі үшін, Шидің Горбачев атанбауы үшін жасалып жатқан тірліктер.
Бір қызығы, Ши жин пиң туралы ақпараттардың дені оның пара алмайтындығы, әйелге қызықпайтындығы жөнінде болып келеді. «Викиликс» сайтының мәліметтеріне сүйенсек, Ши бұдда дініне сенеді. Оның тазалық қағидаларын ұстанғанды жөн көреді. Ал ақшаға көз қызарту мен әйел затына деген құмарлықты Ши мырзадан таппайсыз… Тіпті оның қарапайымдылығының өзі біраз әңгіменің арқауы болған. Мысалы, өткен жылы Халықаралық астрономия бірлестігінің жиналысына қатысқан Ши мырза аталған бірлестік төрағасы Роберт Уилиямспен қол алыса бергеде, Роберттің көзәйнегі жерге түсіп кетеді. Қытай басшысы еңкейіп, көзәйнекті алып, иесіне ұсынған көрінеді. Бұл жайт әлем баспасөзінде біраз талқының өзегіне айналған.
Не десек те, әр мемлекеттің өз тыныштығы алдымен өзіне керек. Ши мырзаның қытай жұртына қаншалықты қайырымды болатынын уақыт көрсетер. Дегенмен көрішінің нысапты болғаны, ондағы бір жарым миллион қандасымыздың ұлттық құндылықтарын жоғалтпай өмір сүргені жақсы-ақ. Соңғы кездері Қытай жұртының тек өз ішінде ғана емес әлемдік саясатта «беруден» гөрі «алуға» аңсары ауғанын әлем журналистері жарыса жазып жатыр. Оны таразы басын тең ұстай алмай отырған Қазақ пен Қытай үкіметі арасындағы бүгінгі экономикалық байланыстардан да байқауға болады. Тіпті іргесін шекара сызығы ғана бөліп тұрған аз ағайындарымызды көшіріп алуға екі мемлекет тарапынан да мың сан кедергілер жасалған. Осының өзі Қытай билігімен, оның тізгінін ұстап отырған Ши мырзамен алдағы күнде шешуге тиіс мәселелердің шаш етектен екенін көрсетсе керек.
Ринат Саматов
masa.kz