Бабалар бастаған осы мерекенi ұрпақтар қалай қостап жүр? Бұл күнде шығысымыздағы көршi Қытай елiнде 2 миллионнан астам қандасымыз тұрады. Олардың бабадан қалған мерекенi қалай тойлайтынына қысқаша тоқталайық.
Ескiше жыл есебi бойынша, «әз болмай, мәз болмаймыз» деп ырымдап, «әз»-дiң келуiмен, бiрдiң айының (10-15 ақпан аралығы) соңын ала, қазақтар жиi шоғырланған Алтай, Тарбағатай, Iле аймақтарында Наурыз мейрамы басталып, тура бiр айға жалғасады. Әуелi әрбiр үй наурызкөже жасайды. Халықтық дәстүрге сай бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты кем дегенде жетi түрлi дәмдi араластырып жасалған көжеге тақ санын сақтап, әркiм өз жағдайына қарай дәндi тағам түрiн көбейте бередi. Ол, негiзiнен, бидай, тары көже түрiнде әзiрленедi. Наурызкөженi әр аймақ өз ауанына қарай «тiлеукөже», «көпкөже», «наурызкөже» деп те атайды. Ауылда наурыз айы жақындаған сайын әрбiр отбасы көже жасауды мiндетiм деп санайды. Жас келіншектер де үлкендерден ақыл-кеңес сұрап, дәмге не қосу керектiгiн саралап жатады. Арнайы ас iшудiң де өзiндiк ырымы бар, оны сұрап iшсе, жақсы, ырыздығы мол болады. Ыдысқа толтырып құйылған дәмдi түбiне дейiн қалдырмай тауысып iшу – үй иесiне деген құрметтiң бiр белгiсi саналмақ. Ауылда бертіндегі жылдарға дейiн көженi бәстесiп iшетiндер де болған.
Наурызкөжеге жұртты арнайы шақырмайды. «Ел құлағы – елу» дегендей, бiрiнен-бiрi естiген жұрт көже берген үйге келiп: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» айтысып, өз сыбағасынан ауыз тиедi, кейде әжелерiмiз оны жасқа толмаған сәбидiң ернiне жағып, бiр жасқа толдың деп ырымдап жатады. Наурыз айында мерекеге арнап арнайы мал сойылмайды, себебi көктемде жас төлдiң өсуiне кесiрi тиедi деп есептейдi. Әрi осы айда салт бойынша тұзақ құрып, ешкiм аңға шықпаған. Бұл күнi ешкiмнiң тiрi жанға зияны тимеуi керек деп есептеген. Наурыз айында жас келiндер мен бойжеткендер кесте орамал тiксе, оған әжелерiмiз ауыл аралап, дәм тата жүрiп, «анау пәленбайдың келiнiнiң сырмағының өрнегi керемет айшықты болыпты. Тамаша тiгiлiптi» деп, жас арулардың өнерлерiнiң төселе түсуiне төрелiк айтып, игi тiлек бiлдiрген. Бозбалалар болса, ағаштан, темiрден сәндiк заттар жасап, осы жұмыстары күн мен түн теңесетiн шақта кәдеге асатын «Ұйқыашар», «Селтеткiзер» жоралғыларының сый-тартулары болған. Бойжеткендер соғымның соңғы етiн уызға салып пiсiрiп, ұнатқан жiгiтiне тартады. Бұл қазақта «ұйқыашар» деп аталады. Ұйқыашардың қарымтасына жiгiттер «селтеткiзер» рәсiмiн жасайды, яғни қалауынша айна, тарақ, әтiр суын сыйлайды. Айна — пәктiктiң, жастықтың, тарақ — әдемiлiк пен сұлулықтың, ал әтiр суы — жаңа бүршiгiн жарған жауқазындай құлпырар деген игi тiлектiң белгiсi. Мереке түнi жастарға мол мүмкiндiк жасалады. Келiншектер де өз күйеулерiне наздана еркелеп жатады. Керемет қасиеттi күнде қыз бен жiгiт бiр-бiрiне сырын айтып, шынайы сезiмiн ақтарса, баянды болады деп есептейдi. Бiз бiреудiң таңсығына асылмай, осы күндi «Ғашықтар мерекесi» деп атасақ та болатындай. Өйткенi бұл күн – ата-бабадан жалғасын тауып келе жатқан өнегелi дәстүр.
Ықылым заманнан берi тамырын тереңге жайған ұлттық мерекенiң бұл өлкеде тойлануына 1966-1976 жылдар аралығындағы «Мәдениет зор төңкерiсi» кесапатын тигiзген. Ел аумағында жүрген осы бiр солақай саясат салдарынан мереке жасырын тойланған. Онжылдық былықпалықтан кейiнгi жылылық кезеңнен бастап қайта тойлана бастады. Ал ондағы қала жағалаған қазақтардың бұл мейрамды тойлауы Қытай астанасы Бейжіңнен бастау алған екен. 1982 жылы сол қалада тұратын әз ағалар мен аналар ұйытқы болып, Орталық ұлттар университетiнiң концерт залында кiшiгiрiм мерекелiк ойын-сауық ұйымдастырған. Алғаш рет Наурыз ұйымдастырудың басында болған орталық ұлттар ән-би үйiрмесiнiң танымал бишiсi, сазгер Әнуар Нүсiпұлы ағамыздың айтуынша, өзге ұлттар, көктем шығысымен өздерiнiң төл мерекелерiн тойлап жатқан шақта, бiр топ қазақ жастары ағаға келiп қолқа салыпты, «Наурызды неге ауыл деңгейiнде қалдырамыз, бұл мерекенi орталық қалада тойласақ, басқалар да көрсiн, қазақта осындай қасиеттi мереке бар екендiгiн» деген өтiнiштiң жетегiнде осы мейрам тойлана бастаған екен. Содан берi әр аудан, әр қалада ұйымдастырылған топтық көжеден дәм татып, көңiлдi концерт нөмiрлерiн тамашалаумен өз жалғасын табуда. Көктем лебi ескен Әз-Наурыз мерекесiн бүгiнде Шыңжаңдағы қазақтардың бастамасымен ұйғыр, өзбек, қырғыз қатарлы ұлттар ортақ тойлайды. 2012 жылдың Шыңжаң өлкелiк екiншi мәжiлiсiнде Хотан уәкiлдер үйiрмесi осы жөнiнде ұсыныс берiп, 3500 жылдық тарихқа ие бұл мереке Шыңжаңның жергiлiктi дәстүрлi мерекесi қатарына енгiзiлдi. Әр жылы 21 наурыз күнi өлкенiң заңды мерекелiк демалысы болып бекiтiлдi. Әрбiр ұлт сол күнi демалып, құтты мерекенi ортақ тойлайды.
Үлкендердiң айтуынша, ертеректе, Ұлыстың ұлы күнi ерекше табиғат құбылыстары да көптеп болады екен. Наурыздың 21-нен 22-сiне қараған түнi ұлы күштiң кереметi соншалық, ауаның тұнық кезiнде таңғы сағат үш мезгiлiнде аспаннан гуiлдеп бiр дыбыс өтедi екен. Мұны «үт» дейдi, қазақта «үт келмей, құт келмейдi» деген сөз осыдан қалса керек. Мұны төрт түлiктiң iшiнде қой ғана сезедi екен де, аспанға аңырып қарап қалады екен.
Бұл күндерi ұлттық тәрбиенiң кемшiлiгi салдарынан барынша даңғазаланып, мереке тек концерт көруге айналып барады. Осы күнi балаларын базар аралатып, ойыншық алып берудi Наурыз өткiзумен шатастырып жүр. «Бала жасындағысын ұмытпайды», сондықтан әрбiр ата-ана Әз-Наурызды өз отбасында тойласа, оның жас ұрпаққа берерi мол болар едi. Асыл дәстүрдi қалтқысыз қастерлей алған халық қана ұрпақ болашағын қамтамасыз ете алады. Себебi бар жақсылық Наурыздан басталады.
Автор: Нұршат ТӨКЕН, Оңтүстік Қазақстан облысы