АЛТЫНОРДА
Новости

Қытайдағы қазақтар виза алуға зар болып жүр. (видео)

©azattyq.orgҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің, ҰҚК басшысы Нұртай Әбіқаевтың, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың, Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбековтің назарына.

Екі жылдан бері тоқырап қалған «Қазақ көшіне» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайта қамшы салды. «Атажұртына келем деген қазаққа барлық жағдайды жасаңдар» деп Министрлеріне тапсырма берді Мемлекет басшысы. Дегенмен осы іске дәл қазір бел шешіп кіріскен шенеунікті көрмедік. Көштің басы шетелдегі қазақтарға виза беруден басталатынын ескерсек, оның өзі қиямет қайым болып тұр. Айталық, мына тұрған Қытайдағы қазақтар туысшалу визасын алуға зар болып жүр…

Қазақстанның Үрімжідегі виза беру қызметі соңғы жылдарға дейін нағыз былық-шылықтың ортасы болып келген. Осыдан үш жыл бұрын сол тәртіпсіздіктерді Қайыржан Сәрсебаев деген азамат дұрыс жолға салып еді. Қайыржан мырза ұзақ өтпей қызметінен кеткен. Мүмкін оның «Қазақ көшіне» даңғыл жол ашқаны әлдекімдерге ұнамаған сыңайлы. Қазір сол жақсы үрдіске қайтадан қара көлеңке түсті.

Биылғы жазда Қытайдан Атажұртына келгісі келген ағайынның Үрімжідегі визалық қызметтен әбден көңілі қалды. Ол туралы біздің редакциямызға бірнеше адам хабарласып, назарылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, үш аймақты мекендеп жатқан қазақтардың шалғайдағы Үрімжі қаласына қайта-қайта баруға мүмкіндіктері жоқ. Тек жазғы, қысқы демалыстарды пайдаланып, виза алып, Қазақстанға алғашқы сапарын немесе кезекті қадамын жасағысы келеді. Сол ниетпен алып ұшып Үрімжі қаласына жеткен қандастарымыз Қазақстанның визалық қызметіне барғанда, көңілдері су сепкендей басылған. Сөйтсек, бәрінің еститіні «виза кезегіңіз қазан немесе қараша айында» келеді дейтін суық сөз көрінеді.

Ал сонда визаны кімдер алып жатыр десек, ерте қамданған кейібр ағайындар мен өзге ұлт өкілдерінің қарасы қалың көрінеді. Оны мына видеодан көре аласыздар.

Қазақстанға виза сұрап кезекте тұрғандардың көп сандысы ұйғыр ұлтының өкілдері екені анық. Сонда, Елбасы кімді шақырды? Қазақстанға келіп жатқандар кімдер? Қазақтар не үшін Атажұртына жете алмай зар еңіреп жүр? Бұл сұрақтардың жауабын ең алдымен сол Үрімжідегі визалық қызметте отырған мырзалардан сұрағанымыз жөн шығар… Тіпті, соңғы кездері ұлтын «қазақ» деп өзгертіп, еш қиындықсыз Қазақстанға келіп жатқан «ұйғырлар» туралы да ақпараттар желдей есуде.

Естуімізше, соңғы бірер жылда виза беру қызметінің тізгінін ұстаған Ерлан Ибраим қазір уақытша демалыста ма, әлде қызметінен босады ма? Әйтеуір, Бауыржан есімді қызметкер мен Ырымбек дейтін азаматтың есімі жиі аталуда.

Неде болса, мына видео көңілге күдік ұялататыны сөзсіз. Сіз не дейсіз?
Нұрғали Нұртай

Abai.kz