Жыл соңына дейін Қытайға 10 мың тонна қазақстандық астық экспортталады. Бұл туралы «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
«Ағымдағы жылдың қараша айының соңында ҚХР-ға алғашқы бидай жөнелтілді. Жалпы Азық-түлік корпорациясының ҚХР ірі астық трейдерімен жасаған бітімге сәйкес 2013 жылдың соңына дейін 10 мың тонна бидай жеткізу көзделіп отыр. Аталған көлемді жеткізгеннен кейін қытай жағымен қазақстандық бидай экспорты көлемін ұлғайту бойынша келіссөздер жүргізілуі жоспарлануда», — дейді мекеме өкілдері.
Бидайды экспорттау аталған мемлекетке қазақстандық бидай мен ұн жеткізу туралы қытай жағымен келісімдер нәтижесі бойынша мемлекет Басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылуда. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан мен ҚХР басшылары 2013 жылдың сәуір мен қыркүйек айларында өткен кездесуде екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығы, сонымен қатар Қазақстаннан Қытайға бидай экспорттау сұрақтары қарастырылған болатын.
Бидайды жөнелту Азық-түлік корпорациясының Ақмола облысындағы уәкілетті НҚҚ бірінен іске асырылды. Жалпы алғанда, Азық-түлік корпорациясы жоспар бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін 200 мың тонна бидай экспорттауды көздеп отыр. Жеткізілімдердің негізгі бағыттары – Қытай, Иран, Ресей, Әзірбайжан.