АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қытайдың жаңа ойыны

BwjJWOkk1ygӘлемдегі бірде-бір елдің даму үрдісі мен халықаралық қарым-қатынастағы өз мүддесін ұстану дәстүрі Қытайға ұқсамайды. Бұл ел ешбір мемлекеттің ішкі ісіне араласпайтынын ұдайы алға тартса да, империялық пиғылдан бас тартқан емес. Сыртқы сыпайылықтан жазбаса да, түпкі мақсаты тек ұлттық мүддеге тірелетінін тану қиын емес. Сондықтан іргелес отырған көршілері түгілі, мұхиттың арғы жағында отырған АҚШ-тың өзі оның шамадан тыс күш алуынан сескенеді. Бірақ Біріккен Корольдік елі бұлардың қатарында емес. Керісінше, Ұлыбритания Қытаймен өзара әріптестіктің «алтын ғасырын» бастан өткеруге бейіл.

Қытай Халық Республикасының төра­ғасы Си Цзиньпиннің билік ба­сына келуімен Пекиннің халықаралық гео­саясаттағы үні қаттырақ шыға бас­тады. Бұдан былай Пекин әлемдік гео­саясаттағы түйінді мәселелерді ше­шуге тегеурінді ықпал еткісі келетіні анық. АҚШ-тың үстемдігіне қарсы астыртын да анық саясаты осыны аңғартады. Бұған дейін халықаралық даулы мәселелерде өз көзқарасын іште ұстағанды тәуір көретін ұстанымын өзгертіп, белгілі бір деңгейде шешім қабылдау үдерісіне үлес қоса бастады. Бұл орайда Пекин БҰҰ аясында Сирияға қатысты АҚШ резолюциясына бір емес, үш рет вето жариялағанын айтсақ жеткілікті. Сондай-ақ Пекиннің Иран мәселесіне қатысты келіс­сөздерге қатысуы да тосындау еді. Бірақ Пекиннің халықаралық сая­саттағы өз ұстанымын жүргізу мәнері АҚШ-қа да, Ресейге де­ ұқсамайды: ол кикілжіңдерді келіссөздер, өзара ықпалдастық арқы­лы шешуге ұмтылады. Ешбір елге әскери интервенция жасау әрекетін қолда­майды. Бұған қоса, Қытай БҰҰ аясында климаттық өзгерістермен күрес және кедей елдерге қаржылық көмек беру мәселелерінде белсенді үн қатып, халықаралық бедел жинай бастады.

Пекиннің әлемдік үстемдікке жету ниетін жүзеге асыру жолы да ерекше. Осы орайда, Пекин таңдаған тетіктің бірі – «Бір белдеу – бір жол» атты стратегиясын жүзеге асыру. Бұл жоба болашақта тек экономикалық әріптестікті емес, саяси, әскери салалардағы одақтастықты қамтуы мүмкін.

Екі жыл бұрын Си Цзиньпин Астанаға ресми сапармен келгенде ежелгі Жібек жолын жаңғырту туралы идеясын бірінші рет жариялаған болатын. «Бір белдеу – бір жол» жобасы Орталық Азия, Ресей, Еуропа мен Африканы Қытаймен байланыс­ты­ратын тізбек құрайды.

Си Цзиньпиннің сөзіне қарағанда, «Бір белдеу – бір жол» ұлт­тық жо­басына әлемнің 60 мем­ле­кетінің қа­тысуы жоспарланған. Белдеудің эконо­микалық қуаты 4,5 миллиард адамды қам­тымақ. Бұл кө­р­сеткіштің ішінде бей­ресми саны 1,5 миллиардтан асқан Қытайдың өз халқы да бар, әрине. Сонда да, Пекин алыс көкжиекке көз тіккенде, ең кемінде жаһанның жартысын өз ықпалына алуды көздеп отырғаны байқалады.

Осы орайда, Қытай басшысының мем­лекеттік сапары алдында «Financial Times» газетінде арнайы мақалалар сериясы жарық көргенін айта кеткен жөн. «Қытайдың жаңа ойыны» атты тақырыппен жария­лан­ған мате­риалдарда Қытайдың саяси-эконо­микалық амбициясы ғана емес, «Бір белдеу – бір жол» жобасының Орталық Азия мен Қазақстанға ықпалы да талданған. Оның ішінде, «Қорғас» құрғақ порты арқылы қытай тауарларының Батысқа қарай жол тарту мүмкіндігін саралайды. Осы орайда, басылым Пекиннің Орталық Азия мемлекеттеріне миллиардтаған долларлық инвестиция құюға ниетті екенін жазады. Ал Кремль болса, бұл жобаны Еуразиялық экономикалық одаққа қарсы қолданылуы мүмкін тетік ретінде қарастырып отыр.

Сонымен, ағылшын газеті «Орталық Азия Пекин мен Мәскеу, сондай-ақ Иран, Түркия мен Батыс елдері арасындағы жаңа «үлкен ойын» алаңына айналуы мүмкін» деп тұжырады.

Дегенмен, мамыр айында Мәс­кеуге барған сапарында Си Цзиньпин Кремльді «Жаңа Жібек жолының» еуразиялық интеграцияға тосқауыл болмайтынын, керісінше, септес болатынын айтып, сендіруге тырысты. Ақыры көп сағаттық келіссөздерден соң Пекин мен Мәскеу Еуразиялық экономикалық одақ пен «Бір белдеу – бір жол» жобасы арасындағы әріптестік туралы декларацияға қол қойды. Осылайша екі алып Орталық Азиядағы саяси және экономикалық үстемдік ролдерін өзара «бөлісіп» алды деген жорамал бар.

«Өзара тәуелділік жолы»

Таяуда халықаралық саясаттың келешегіне әсер ету ықпалы мол оқиғалардың бірі – Си Цзиньпиннің Ұлыбританияға төрт күндік ресми сапары болды. 19 қазанда басталған сапар төрағаның бұл елге тұңғыш іссапары. Қытай басшысы бұл жолы Тұманды Альбионға арнайы келді: басқа бірде-бір еуропалық елдерге бұрылмады. Осылайша, Пекин Еуроодақ мемлекеттерінің ішінен Ұлыбританиямен арадағы қарым-қатынасқа ерекше мән беретінін аңғартып кетті. Ал британ премьер-министрі Дэвид Кэмерон қытайлық әріптесін құшақ жая қарсы алып, екіжақты қарым-қатынастың «алтын ғасыры» басталды деп мәлімдеді.

Шынында да, Біріккен Король­діктің Қытайға деген ынта-ықыласы ай­рықша екенін аңғару қиын емес. Ресми қатынасты сипаттар болсақ, Ұлыбритания Азиялық инфра­құрылымдық инвестициялар банкін құру идеясын қолдап отыр. Пекин үшін бұл жобаның маңызы жоғары, орны бөлек. Оған қоса Қытай Еуропалық қайта құру және даму банкіне қосылудан үмітті және бұл мәселеде Лондонның қолдауынан дәмелі екенін жасырмайды.

Экономикалық байланысты сөз етсек, Ұлыбритания мемлекеттік облигацияларды юаньмен шығаруға тәуекел еткен бірінші еуропалық мемлекет. Сондай-ақ юаньмен есептесу орталығын ашты. Осылайша, Лондон юаньның халықаралық резервтік валюталар қатарына ілінуіне ықпал етуі мүмкін.

Екі елдің қарым-қатынасының жаңа белеске көтерілуіне басты себеп­кер болған энергетика сала­сын­дағы әріптестік деуге болады. Қытай компаниялары Ұлыбританияда қайта­ланбалы қуат көздері жобаларына қатысуда. Сондай-ақ үнемді көлік түрлерін дамыту жобаларына да инвестиция құйып келеді. Си Цзиньпиннің осы сапарының нәтижесінде Ұлыбритания мен Қытай арасында жалпы құны 62 миллиард доллар болатын екіжақты келісімдерге қол қойылды.

Өткен айда ғана Ұлыбританияның қаржы министрі Джордж Осборн Қытайға ресми сапармен барып қайтты. Ол сол сапарында қытайлық кәсіпорындарды «Хинкли-Пойнт» АЭС құрылысына қатысуға шақырды. «Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, жоба құны 25 миллиард фунт стерлингке жетуі мүмкін. Англияның оңтүстік-батысында салынатын АЭС құрылыс жобасына қытайлықтармен бірге француз компаниялары да қатысады.

Осы жолы Си Цзиньпин қытай-британ іскерлік саммитіне қаты­сып, ұлттық экономикаға қа­тысты түсініктеме берді. Қытай эконо­микасының өсімі биылғы жылдың үшінші тоқсанында 6,9 пайыздан аспаған. Яғни, Қытай үкіметінің биылғы жылдық өсім деңгейін 7 пайыздық көрсеткіштен түсірмеу мақсаты орындалмауы мүмкін. Бірақ Си Цзиньпиннің айтуынша, 7 пайыздық өсімнің өзі ұлттық экономиканың жылына 800 миллиард долларға ұлғаюын қамтамасыз ете алады. Қазір Қытай сыртқы импорт көлемін азайтып, ішкі тұтынушылық қабілетін арттыруға ден қойды. Әйтсе де, төраға нарықтық экономикалық реформаларды жалғастыруға, шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасауға уәде етті.

Британ-қытай әріптестігінің бұдан әрі тереңдей түсуін монарх әулеті де қолдайды. Королева ІІ Елизавета Букингем сарайында Си Цзиньпин мен оның жұбайына арнап дастарқан жайды, жүз елуден аса қонақ шақырып, салтанатты қабылдау өткізді. Қытай басшысының сапары аяқталуға жақындағанда, онымен қоштасу үшін сарайға арнайы келді.

Өзі кешегі империялық тари­хын ұмыта қоймаған Біріккен Корольдік Қытай экспансиясынан еш сескенбейді. Керісінше, Қытайдың Еуро­паға жақындауынан өзіне қажетті ресурс іздейтіндей. Лондон Пекинді «ең жақсы еуропалық әріптес» болатынын айтып, сендіруге тырысып жатыр.

Қазір Ұлыбританияның ірілі-ұсақты қалаларында қытайлық миг­рант­­тардың қарасы жылдан-жылға көбейіп келеді. Қытай аудандары, қытай мейрамханалары, қытай ұлттық нышандары мұнда көзге үйреншікті болғалы қашан. Жергілікті орта қытайлық жастардың тезірек сіңісіп кетуін ынталандыратындай көрінеді. Еуроодақ елдерінің ішінде қытай студенттерінің санының көптігі жағынан Біріккен Корольдік алда тұр. Шынында да, көптеген британ жоғарғы оқу орындарындағы аудиториялардың кем дегенде жартысын қытайлық жастар толтырады десек, артық айтқандық емес. Англияның көше­ле­рінде ағылшыншамен қатар қытай сөздерін жиі естисіз, себебі қы­тайлық мигранттар, оның ішінде студенттердің көбі өз тілдерінде сөйлейді.

Қытайлық тұрғындардың көбеюі­мен қатар қытай мәдениеті мен тарихы, философиясы мен тұрмыс салттары жергілікті халық үшін таңсық мәселеге айналған. Ресми деректерге жүгінсек, Ұлыбританияның ірі қалаларында 29 Конфуций институты мен 126 сыныбы бар екен.

«Синьхуа» агенттігінің хабар­лауын­ша, Си Цзиньпин осы сапарында жыл сайын өткізілетін Конфуций институттары мен сыныптарының биылғы конференциясына қатысқан. Қытай басшысы, британ азаматтарының қытай тілі мен мәдениетін үйренуге деген құлшынысына таң қалысын жасырмады. Осы кездесуге қатысқан принц Эндрю бұдан былай қытай тілін үйренетін британдықтар қатары көбейеді деген үмітін білдірген.

Британ парламентінде сөйлеген қысқаша сөзінде Си Цзиньпин «екі мемлекеттің қарым-қатынасы бұрынғыға қарағанда өзара тәуелді болып келеді» дегенде, нені меңзеді екен? Ал бұл кезде Дэвид Кэмерон әріптесінің сөзін құптайтынын білдіріп, басын изеп отырған еді…

CNTV арнасының хабарлауынша, Дэвид Кэмерон қытайлық әріптесін қала сыртындағы резиденциясына шақырған. Төрт сағатқа созылған ресми келіссөздерден соң екі саясаткер сол маңдағы пабтардың біріне бас сұғып, сыра ішіп, балық жеп, жергілікті тұрғындармен әңгіме-дүкен құрған. Ағылшын пабы жергілікті халықтың мақтан тұтар ұлттық ерекшеліктерінің бірі екені белгілі. Шамасы, британ премьері Қытайдың үнсіз мәдени экспансиясына қарсы қояр ағылшындық өмір сүру салты бар екенін меңзегісі келген болуы керек.

Жалпы, Қытайдың Еуропамен қарым-қатынас орнатқанына қырық жылдан енді асты. Біріккен Корольдікпен тығыз байланыс орнатуы Қытайдың кәрі құрлықпен қарым-қатынасын жаңа белеске көтеруі әбден ықтимал.

…Биыл ерте көктемде, наурыз айында принц Уильям Қытайға арнайы сапармен барып-қайтқан болатын. Сол жолы Си Цзиньпин принцпен сөйлесіп отырып, Қытайдың да, Ұлыбританияның да әлемдік державалар екенін, сондықтан екі елдің әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға жауапты екенін баса айтқан болатын. Екіжақты тығыз қарым-қатынастың пайдасын түйсіне отырып, халықаралық саясаттағы Пекиннің белсенді ұстанымға көшкенін меңзегені еді бұл.

 

Гүлбиғаш ОМАР. Ұлыбритания

http://turkystan.kz/