Сарапшылардың зерттеулеріне қарағанда, қазіргі кезде Қазақстанда әрбір оныншы қалыңдық басқа ұлттың өкілімен некеге тұрады екен. Шетелдіктерге тұрмысқа шығатын қазақ қыздардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді.
Діні, тілі, тіпті нәсілі басқа жұрттың азаматымен қол ұстасып, жырақта жатқан басқа құрлыққа кетіп жатқандары қаншама?! Ал әртүрлі әлеуметтік жағдайларға байланысты отыз-қырыққа дейін бойдақ жүрген жігіттеріміз де аз емес.
«Қыз жатжұрттық» дегенімізбен, қарындастарымыз тым жыраққа, басқа құрлыққа кетіп жатқаны қай қазақтың болмасын жанына батады. «Бақытты болсын» деп шығарып салғанмен шетелдіктерге күйеуге кеткендердің ол жақтағы жағдайлары қандай екенін ешкім білмейді. Бұдан біраз жыл бұрын Филиппин жігітіне шыққан қазақтың қызы сол жақта күйеуінің қолынан қаза тапты. Туған жерге сүйегін әрең алдыртты. Мұндай жағдайлар болып жатады.
1999 жылғы санақ бойынша тұрмыс құрған қыздардың 8,4 пайызы басқа ұлт өкілімен некеге тұрса, 2009 жылғы есеп бойынша бұл көрсеткіш екі есеге өсіп, 16,4 пайызды құраған екен. Қазақ қыздарына көздерін сүзіп жүрген шетелдіктер көп. Қытай мен Үндістандағы сүрбойдақтардың санын қосып санасақ, 70 миллионнан асады екен. Бұлар қазір амалын тауып қазақстандық қыздарға ауыз сала бастады. Өйткені бізде Қазақстан генофондын қорғайтын, шетелдіктермен некеге отыруға тыйым салатын заң жоқ. Сондықтан біздің қыздар олар үшін қолжетімді болып тұр. Соңғы жылдары қазақ қыздарының ең көп кеткен елдері Түркия мен Өзбекстан екен. Кеше ғана «Қызылордадағы «Қайсар» футбол клубының қорғаушысы, Африкадағы Мали елінің азаматы Мамуту Кулибали павлодарлық Мәдина деген қазақ қызына үйленейін деп жатыр» деген хабар тарады. Енді «жиендеріміз әлемнің әр түкпірінде, әр құрлығында жүр» деп айтуымызға әбден болады. Кімге күйеуге шығады, кімге үйленеді – ол әркімнің өзінің еркінде. Тек араларында махаббат болсын де. Әйтпесе ақша табу үшін бірнеше мәрте «жалған некеге» отырып, қытайлықтарға тұрмысқа шығып-келіп жүрген әйелдер де бір кездерде көбейіп кеткен. Солардың көмегімен мыңдаған қытай қазаққа сіңіп кетті. Қыздардың өз еліндегі «көн етіктілерді» менсінбей, шетелдіктерге тұрмысқа шығып жатқанына қазақтың жігіттерін кіналайтындар да бар. Ал олар болса «алдымен отауымды сайлап алсам» дейді. Бұл мәселені де, қыздар мәселесін де тек Үкімет қана шеше алады.
http://www.aikyn.kz/