АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қыздың әнi[:]

[:kz]

96dfbe502f595f2295578bfcad353a9fСоңғы сапарға Самарқаннан аттанған өзбек көшбасшысының жерлеу рәсiмiне оның кiндiгiнен тараған екi қызының бiреуi келе алмады. Бәлкiм, келгiсi келген жоқ. Әйтеуiр әлемдiк БАҚ қара жа­мыл­ған қайғылы топтың арасынан Гүлнара Каримованы таба алмады. Есесiне оның әкесiне арнаған әнi интернеттi кезiп жүр. Естiген адамның сай-сүйегiн сырқыратады деуге келмейтiн де шығар, бiрақ әуезiнде адам жанын тебiрентетiн сиқырлы саз бар. Қызығы, кейбiр ақпарат құралдарындағы мәлiмет­тер­ге қарағанда, ерке қыздың әнi әкесiнiң қазасынан әлдеқайда ерте жазылуы мүмкiн екен.

Бiр адам таққа ұзақ отырған елдерге тән қолапайсыз бiр дүние – ырың-жырың алыстан емес, үлкен отбасының iшiнен шығады. Қиқар мiнездi қыздың қылығы да әкесiнiң ұстанымына қайшы келген. Қатал әке үй iшiндегi жанжал ушыққан тұста қызы тұрмақ, одан туған немере­сiне де қырын қарады. Бұл – кiшi Ислам Каримов. Гүлнараның ұлы, нағашы атасының құрметiне аты солай қойыл­ған. Кiшi Ислам Оксфорд университетiн бiтiрген. Көп жылдан берi Лондонда тұрады. Осы баланың 2014 жылы даулы сұхбат бергенi есiмiз­де. Онда ол өзiнiң анасы тұрмақ, атасымен жолыға алмай жүргенiн айтқан болатын. “2013 жылдың 22 желтоқсанында мен президент резиденциясына барып, атамды туған күнiмен құт­тық­тағым келген. Бiрақ iшке өткiзбедi. Неге кiруiме болмайтынын түсiндiрген жоқ. Тек “бұйрық солай” дедi. Менiңше, атам мұны бiлмей­тiн сияқты. Бiз көптен берi онымен сөйлесуге зар болып жүрмiз. Ал үйқамаққа алын­ған анамды мен соңғы рет 2014 жылдың қаңтар айында көрдiм”.
Ал әкелi-балалы екеудiң арасындағы дау қайдан шықты? Гүлнара Каримованың тақ мұрагерiн таңдағаны туралы дақпырт 2013 жылдың соңында тараған. Ондағы әңгiмеге сенсек, өзiнiң ең жақын дос-жарандарының арасында отырған президенттiң қызы болашақ Өзбекстан басшысы ретiнде Акпар Абдуллаевты көргiсi келетiнiн мәлiмдеген. А.Абдуллаев Гүлнараға шешесi жағынан туыс. Туыс болса, бола берсiн, бiрақ көзi тiрi әкенiң орнына адам iздеу президенттiң қызына жарасатын қылық па? Каримов жат та кеп ашуланған. Ал оның қытығына тиетiн суыт деректi Өзбекстан Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң бастығы Рустам Иноятов жеткiзген деген ақпар бар.
Қысқасы, не керек, Гүлнара содан берi үйқамаққа алынды. Оған шетелдiк компанияларға рейдерлiк жасады деген айып тағылды. Тiптi оның үстiнен Франция мен Швейцарияда қылмыстық iс көтерiлдi. Ол ендi бұрынғыдай шетелге шыға алмады. Сыртқы әлемнен мүлде оқшауланды. Отбасындағы кикiлжiңнiң егжей-тегжейi жұртқа жария болып кетпес үшiн интернет пайдалану мүмкiндiгiнен де айырылды.
Ендi мына қызыққа қараңыз, егер Гүлнара интернеттен шеттетiлсе, оның әкесiне арнаған мынадай әнi ғаламторда қайдан жүр?
“Дәулет берiп, мiндет қылмаған әкешiм,
Қадiрiңiздi кейде бiлiп, кейде бiлмедiм,
Ата-анам болып сүйенгенiм, ей, қымбаттым,
Шашымды тағы бiр  рет майдалап өрiң әкем,
Бақытымызға әрдайым аман-сау болың әкем…”.
Әлде Ташкент рұқсат берген бе? Әнiн жариялауға рұқсат берсе, топырақ салуға неге рұқсат бермедi? Бейнекадрларда оның ән айтып тұрған бейнесi неге жоқ? Неге дауысы ғана бар? Бұл туралы “mk.ru” былай дейдi: “Гүлнарадан содан берi әлi күнге хабар жоқ. Тiптi оның тiрi болмауы мүмкiн екенiне қатысты да сыбыстар тараған: Оған жүрек соғысының ырғақсыздығы диагнозы қойылған. Мұндай сыр­қаты бар адам ұдайы дәрi­герлердiң бақылауында болып, тұрақты ем алуы тиiс. Оны шетелге шығармады. Дегенмен президенттi жерлеген уақытта желiде оның әкесiне арнаған әнi пайда болды. Бiлетiн адамдардың айтуынша, Гугуша бұл әндi бұдан екi жыл бұрын жазған. Бейнекадрларда ресми шаралалардан көрiнiс берiлген. Таспада – оның дауысы ғана. Осыны ескерсеңiз, бұл әндi интернетке Гүлнараның өзi жүктедi деп айту – еш қисынға келмейдi”.
Әрине, бұл пiкiрге басы­бүтiн қосыла кетуден аулақпыз. Өйткенi диктаторлар билеген қоғамда құпия көп болады. “Әке өлiмiне келмеген қыздың әнi” туралы әңгiменiң бүге-шiгесi де сол құпияның арнасына барып құятын дүние. Ал ат­қан таңдай бiр анық – Ислам Каримов мәңгiлiкке аттанды. Ендi тiрiлерге одан қайыр жоқ. “Тiрi адам тiрлiгiн iстейдi”. Сол “тiрлiктiң” бiр нышаны – БАҚ-та президенттiң қос қызына тиесiлi дүние-мүлiктiң тiзiмi жаппай жарияланып жатыр. Бұл – түбi бiр келер сұраудың басы. Демек, қыздың күткенi емес, тағдырдың дегенi болады. Мұны тақтан дәмесi және ән айтуға ыңғайы бар кез келген қыздың бiлiп жүргенi артық емес-ау тегiнде.
Сансызбай НҰРБАБА
http://www.zhasalash.kz/

[:]