«Қыз қуу» – қазақ халқының өте ертеден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі. Халық арасында кең тараған қыз қуу ұлттық ат ойындары тобына жатады. Бұл ойын ертеде «Қыз қашар», «Қыз қуалар» деп аталған екен. Бірақ бүгінгі күнге дейін қыз қуу ойыны аса қатты өзгеріске ұшырай қоймаған. Бұрын болған ойын тәртібі қазір де сақталады. Біздің заманымыздан бұрынғы VII-VIII ғасырларда қазақ даласында бұл ойын жігіт пен оның қалыңдығы арасында өткізілген. Бұл – кейбір рулар арасындағы белгіленген тәртіп. Егер жігіт жарыста жеңіліп қалса, қызбен некелесу құқығынан айрылған. Сонымен қатар, ойында жігіттің жеңілуі өз руында еті тірі жігіт пен жүйрік аттың жоқтығын көрсеткен. Сол үшін де жігіттің жеңіліс табуы ру үшін үлкен кемістік болып саналыпты. Егер ойында қыз жеңілсе, келісім бойынша, ешқандай қалыңсыз-ақ ол жеңген жігітке тұрмысқа шығады. Ең бастысы, қызды қуып жеткен жігітке бойжеткенді белінен құшақтап, ат үстінде бетінен сүюге рұқсат етілген. Жиналған жұрттың делебесін қоздыратын да осы бір аяулы сәт.
Бүгінгі «қыз қуу» ойынының өзіндік идеялық мазмұны бар. Тарихы ертеден басталатын бұл дәстүрді ХІІІ ғасырда өмір сүрген батыстық саяхатшы Марко Поло Жетісу жеріндегі үлкен жиында көргендігін өз естеліктерінде баяндаған. Ал өткен ғасырдың 50-жылдарында енді ғана дами бастаған кино саласында қазақтың осы бір ұлттық ойыны ерекше көрініс тапты. Алашқа аты мәлім режиссер Мәжит Бегалиннің «Қыз бен жігіт» деп аталатын фильмі көптің есінде болар. Дәл осы фильмде біз сөз қылып отырған ұлттық ойын түрі – «Қыз қуу» өте жақсы бейнеленген. Фильмде бойжеткен өзінің ғашығына «атпен қуып жетсең ғана тұрмысқа шығамын» деп ел алдында уәде береді. Бозбаланың ғашығының шартына көнбеске еш амалы болмайды. Осылайша, фильмде нағыз «Қыз қуу» ойыны көрсетіледі.
«Қыз қуу» ойыны қазір ұлттық спорт түріне еніп, арнайы спорттық жарыстар ұйымдастыру қолға алынуда. Қазір бұл ұлттық спорт ойынының арнайы ережелері жасалып, бір жүйеге түскен. «Қыз қуудан» еліміздегі спорттық жарыс алғаш рет 1923 жылы ұйымдастырылған болатын. Бұл ойын ұзындығы 300-400 метр, ені 30-40 метр болатын тегіс жерде өтеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ресми сайтында бұл ойынның бүгінгі шарттарын былай түсіндіреді: «Жарыс «Қыз қуу» спортының ережесіне сай өткізіледі. Спортшылардың бас киімінен аяқ киіміне дейін ұлттық үлгіде осы спортқа лайықты болуы тиіс. «Қыз қуудың» аты ұшқыр, жүйрік, сұлу болуы шарт. Ойын алаңының ұзындығы: 300 метр. Алаңға қыз бен жігіт шақырылады. Жігіт қыздан 10 метр кейін тұрып жарысқа қосылады. Жігіт қызды қуып жетсе, ережеге сай қыздың сол жақ иығындағы орамалды шығыршықтан суырып алуға тырысады. Ал қыз керісінше, қуғыншыдан қашып құтылып, сөреге бұрын жетуге әрекет жасайды. Ал екінші кезеңде 10 метр алда тұрған жігітті қыз қуады, қуып жеткен жағдайда ережеге сай арнайы «Қыз қуу» қамшысымен жігітті қамшылап, қуып жеткенінің белгісін көрсетеді. Жарысқа бекітілген ережеге сай спортшының қуып жеткен уақытын арақашықтыққа бөліп қорытындысы шығарылады. «Қыз қууды» қазіргі бағытымен келешекте де дамытудың үлкен спорттық маңызы бар. Ол өзінің маңызы жағынан жастарға дене тәрбиесін беруде бүгінгі талапқа толық сай келеді».
Аталған спорттық ойынға қатысушылар арнайы дайындықтан өткен және атпен жүруді толық меңгеруі қажет. Сондай-ақ, бұл жарыста арнайы жасақталған төрешілер болады. Төрешілер тобына бас төреші, оның орынбасары, бас хатшы, комиссияның төрағасы, алаң жетекшісі, алаңдағы төрешілер, мәре төрешілері, уақыт бақылаушы төрешілер және медбике кіреді. Жұмыс барысында төрешілерді ауыстыруға тыйым салынған. Олардың да ұлттық нақыштағы киімдері болуы міндетті.
Бүгінгі «Қыз қуу» спортына Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы баса назар аударып, халқымыздың өнері мен мәдениетінің негізгі бір саласы саналатын ұлттық ойындарын қайта жаңғыртып отыр.
Әсел Әнуарбек
http://turkystan.kz/