Алматы облысының Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылының тұрғындары 2010 жылдың 12 наурызын әлі ұмыта қойған жоқ. Сол күні түнде тау қойнауындағы сыйымдылығы 41 млн. текшеметрлік су қоймасы ағытылып кетіп, тұтас елді мекенді жер бетінен жоқ етіп, 45 адамды қайғылы қазаға ұшыратқан болатын. Сол кезде «Қайғыны бөліссе – азаяды, қуанышты бөліссе – көбейеді» деген сөздің ақиқатын бастарынан өткерген қызылағаштықтар Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті ауылын тасқын алып кеткенде, қарап отырғанды жөн көрмей, зардап шекендерге қол ұшын беруге қатысты ұйғарым қабылдады.Ақылдаса келе, көкпектіліктерге көктемнің көкөзек шағында аса қажет болатын азық-түлікпен көмектесуді жөн көрген тұрғындар қасиетті жұма күні ауылға су тасқынынан соң егілген, бүгінде жасыл желегі жайқалып тұрған оралық саябақ жанындағы, Қызылағаштағы су тасқыны құрбандарына орнатылған ескерткіш тұрған жерге жиналып, шағындау митингі өткізіп, тілектерін айтып 10 тонна азық-түлік тиелген алып жүк көлігін алыс әрі, сауапты сапарға аттандырды.
Әлі есімде, 2010 жылдың 12 наурызында таң атар-атпастан, тып типыл болған Қызылағашта болғанымызда жанарымызға жас, көкірегімізге өксік тығылған еді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, Елбасының өз бақылауына алып, Үкімет пен облыстық әкімдік жетекшілік жасаған, облыс қана емес, бүкіл ел жұмылған қайта қалпына келтіру жұмыстары күзгі суыққа дейін аяқталғаны да күні бүгінгідей көз алдымызда. Ал, бүгінгі Қызылағаштың келбеті өзгеше. Жасыл желекке малынған елді мекеннің тірлігі берекелі, елі мерекелі.
Ескерткіш жанында өткен митингіде табиғат апатынан қайтыс болғандардың аруағына арналып құран оқылды. Жиналған жұрт өліге иман, тіріге береке-бірлік тіледі.
Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далбағаев:
– Осыдан бірнеше жыл бұрын тура осындай жағдай біздің басымыздан да өтті. Сонда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастап, халқымыз қостап қиындықтан алып шықты. Қазақ өзінің қандастары тұрмақ жан сауғалап келген басқа ұлт өкілдерін де сыртқа теппеген. Төрінен орын беріп, ас-суын алдына тосқан. Көкпектіліктерді де ел-жұрт болып қиындықтан алып шығуымыз керек ,– деді аудан басшысы.
Қызылағаш ауылы әжелер кеңесінің төрайымы Нұрлан Екібаева да тілектестігін білдірді. Ауыл тұрғыны Болат Әбілақашев:
Айналайын, көкпектілік ұландарым,
Туыс-бауыр, үлкен-кіші, шынар бағым.
Жағдайыңды бізге ұқсас естігенде,
Мен бұл жақта жай тауып жүре алмадым,– деп көкейдегі ойын өлеңмен өрнектеді.
Болат Абаған
Алматы облысы
Сурет/munara.kz сайтынан алынды