Осы уақытқа дейiн үйсiз-күйсiз көшеде қаңғып жүрген “бомждарға” жиiркенiшпен қарайтын едiм. Аллаға шүкiр, отбасылық жағдайым жақсы. Тараз қаласындағы бай-бағландар тұратын аудандағы коттедждердiң бiрiнде күйеуiм және екi қызыммен жұрт қатарлы өмiр сүрiп жатқан жайым бар. Бiрақ өмiрiмде көшеде алақан жайып отырған қайыршыға да, үй-жайы жоқ мүсәпiрлерге де бақыр тиын садақа берген емеспiн. Себебi, мұндай аянышты тағдырға өздерi кiнәлi деп ойлайтынмын. Ондай адамдар тек бiр күндiк тамағын ойлап, оны табу үшiн ұрлыққа да, басқаша терiс әрекетке де барады деп есептейтiнмiн. Бүгiнде шынайы қайыршы мен “қайыршы” атын жамылған дәулеттiлердi ажырата алмай қалдық қой. Әрине, тағдырдың тауқыметiне түскен жандардың көбiсi еңселерiн көтере алмай көше жағалайтын жағдайға жететiн шығар. Дегенмен, “есектiң артын жуса да” бiр үзiм нанын тауып, өзгелердiң “садақасына” мұқтаждықтан құтылуына болады ғой.