АЛТЫНОРДА
Новости

«ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУГЕ ҚАРСЫМЫЗ!» ДЕГЕНДЕР ТҮБЕГЕЙЛІ ҚАРСЫ ЕМЕС ЕКЕН

Президенттің жолдауында латын қарпіне көшу мәселесі айтылғалы қоғамдық пікір екіге жарылғандай. Қолдайтындар және қолдамайтындар болып. Біреу біліп айтады, біреу еріп айтады. Жақында Абай.кз сайтында елге белгілі біраз азаматтардың «Латын әліпбиіне көшуге қарсымыз!» деген тақырыппен ашық хаты жарияланды.  «Егер қазақ жұрты латынға көшсе ұлт мәдениеті мен әдебиетінен келер ұрпақ ажырап қалмай ма немесе мемлекеттік тілді толық меңгермей жатып латынға ойысу құтқара ма?» дейді алқалы топ. Мұзафар Әлімбаев, Мұхтар Шаханов, Мекемтас Мырзахметов, Амангелді Айталы бастаған қазақ зиялылары әліпби ауыстыруға неге сонша үрке қарайды?  Пікірін таразылап көрсек.

Әшірбек СЫҒАЙ, театр сыншысы: 
Асыра сілтеу болмасын

– Қазір қазақ тілін халық саны бойынша пайызға шаққанда білмейтіндер өте көп. Кириллицаны маңдытпаған кезде латынға ауысып, бар мәселенің шешіле салуы да екіталай. Біз онсыз да жиырма бір жылдан бері «Қашан үйренесің?» деп алысып келе жатқан жоқпыз па? Осы тұрғыдан келгенде, «ары қарай латын әрпімен алыссақ қалай болады екен?» деген сауал мені қатты толғандырады. Бұл кезекті ми ашыту емес пе екен? Онсыз да мектепте  орыс тілімен ұрпақтың басын ауырттық. Одан қалып ағылшын тілі шықты. Абай, Шоқан, Қаныш, Әлкей еңбектерінен бөлек жазушылардың шығармашылықтары біздің ұлттық мұраларымыз. Оны кім латын әрпіне көшіреді? Оған дейін ұрпақ ауысып, осының бәрінен мақұрым қалмай ма?  Қазірдің өзінде шулап жүріп орысшадан қазақшаға әрең аударып, кириллицаның өзіне аудармашы таппай қиналып жүрген жоқпыз ба? Жақсы-жаман болсын, қаламгер атаулының жазғандары бар. Оны ақшасы барлар аудартып, өмірден өткен жазушылар далада қала ма деген ой мазалайды мені. Мұның барлығы күдік пен күмән.
Президент өз Жолдауында латын әліпбиіне 2025 жылы көшеміз деп айтып еді, ендігі жерде неге ертерек көшеміз деп дуылдатып бара жатқандарды түсінбеймін. Асыра сілтеу емес пе бұл?! Бүгінгі күнге дейін қазақ тілін дамытуға, маңдытуға неге осылай асықпадық? Әйтеуір латынға келгенде Өзбекстан мен Әзірбайжанды мысалға аламыз. Салыстырмалы түрде олардағы жағдай бізге қарағанда тәуір. Басқа ұлт өкілдері өзбек, әзірбайжанша сөйлейді. Ал бізде қазақтың өзі ана тілінде сөйлегісі келмей жүр.

Марат ТОҚАШБАЕВ, «Президент және халық» газетінің бас редакторы:
Ашық хатқа қол қойғаныммен, латын әліпбиіне түбегейлі қарсы емеспін
– Өз басым латын әліпбиіне ойысуға қарсы емеспін. Бұл тақырып пісуі жеткен жөні дұрыс мәселе ғой. Менің ашық хатты қолдағаным, біз латын әліпбиіне жақын уақыттары емес, оны әбден таразылап, жетер жеріне жеткен кезде көшу керек деп есептеймін. Ал бәрін жиып қойып, бірден көшу бізді ұшпаққа шығармайды. Оған үлкен дайындық керек. Әліпби ауыстыруға тәжірибе жасау арқылы көше, дүкен, жер-су, атауларын, аты-жөнімізді бір ізге түсіріп алып, көз үйретіп барып көшсе дұрыс болар еді.


Нұрғали НҮСІПЖАНОВ, Халық әртісі: 

Түбі әліпби ауыстыратынымызды білемін
– Өнердің қазанынан су ішіп жүргеннен кейін ұлттық салт-дәстүрлерміз мен үшін бәрінен де қымбат. Латынның әрпі бізге күнделікті тұрмыс жағдайында сіңісе береді. Оған бола мақтанып, кеуде қағатындай ештеңені көріп тұрған жоқпын. Дабыра қылатын өзіміз мойындамай жүрген ана тіліміз. Қазақтың ас-суын ішіп жүріп қазақ тілін менсінбеу жағы мені алаңдатады. Осы орайда латынға көшу арқылы біз осыны жеңе аламыз ба? Мәселе осында. Қазір дүңгіршекке барсаң, қазақша кітап, газет таба алмайсың. Астанаға барғанда газет алайын десем, онын үзігін де көрген емеспін. Оған бола ешкімнің басы ауырып жатқан жоқ. Ал латынға көшу туралы әңгімеге келгенде бәрі шетінен белсенді. Әліпбиге ауыстыруға ешкім қарсы болмас. Біз сөзсіз түбі соған мойын бұрамыз. Бірақ қазақ тілінің мәртебесі қай кезде де бәрінен биік тұруы керек.


Бақытжан ТОБАЯҚОВ, ақын: 

Алдымен тілімізді түзеп алайық
– Мемлекеттік тілді жиырма жылдың ішінде толық меңгермей жатып латын әліпбиіне көшіру еш қисынға келмейді. 2020 жылы мемлекеттік тілді меңгергендер 95 пайызды құрайды дейміз. Қазірдің өзінде еліміздегі адамдардың елу пайыздан астамы қазақ тілін толық меңгермеген. Егер басқа әліпбиге көшу маңызды болса, онда көне түркі жазуына ауысқанымыз дұрыс шығар. Әрі әліпби ауыстыру қыруар қаржыны керек етеді. Ал бұл тұрғыдан келгенде біздің әдеби-мәдени мұралар қайда қалмақ? Онсыз да латынша әріпті меңгеріп, кейін ауыса берерміз. Бірақ түбегейлі ауысудың қажеті жоқ. Мемлекеттік тілді толық меңгеру ұзақ уақытқа созылғанымен, соңы нәтижесіз аяқталып келеді. Оның қасында ресми тіл жоғары тұр. Ал латынға окөшу арқылы біз орыстан құтыла алмаймыз. Болмаса тәуелсіздік жылдарында біржола латынды таңдауымыз керек еді.

З.ТАУДАЙ

 

 

http://www.halyksozi.kz/news/view/id/2239