Билiк латын әрпiне өту мәселесiн көтермес бұрын, қоғамдағы танымал белсендi азаматтармен бiр-екi рет кездесу жасап, алдымен халықтың тамырын басып байқауы керек едi. Олар жұрттың барлығы бiрдей бұл мәселенi қолдай салады деп санаған шығар. Не болмаса, әдейi жасады ма, белгiсiз. Бұл, әрине, билiктiң үлкен қателiгi. Ал бiздер сол қателiктi қайталадық. Тағы да қоғам белсендiлерi екiге бөлiнiп пiкiрталасқа шығудамыз. Бұл дұрыс та сияқты. Латын әрпiне көшу мәселесi жөнiнде “Ұлт бiрлiгi” қозғалысының тоғыз облыстағы филиалдары аймақтардағы азаматтардың пiкiрлерiн бiлу мақсатында арнайы дөңгелек үстелдер өткiзуде.
Жалпы, латын әрпiне көшуде болатын келеңсiздiктер – осыған дейiнгi әдеби-тарихи шығармаларды аудару, кiтаптардың оқылмай қалуы, әрбiр реформа қоғамды керi шегiндiредi деген сияқты қарсылық уәждер айтылуда. Байқап қарасақ, 1904 жылы А.Байтұрсыновтың әлiпбиi шыққанда, қазақ керi шегiнген жоқ, керiсiнше, сол кезеңдерде үлкен бiр серпiлiс болып, рухани-мәдени ағартушылық жұмыстары жандана жүрдi деуге негiз бар. Сол жылдары қазақ осы бiр жаңалықты тез қабылдап, тез үйрендi. 1928 жылы латын әрпiне көшкен кезде де сол тұстағы қоғам бұл жаңалықты тез қабылдап, тез меңгере бiлдi. Ол кезде де, кириллицаға көшкенде де түркi әлемiндегi бес елдiң iшiнде қазақ халқының сауатсызданып, құрдымға кеткенiн байқамайсыз. Керiсiнше, алдыңғы қатарлы, көзi ашық зиялы қауым өкiлдерi сол жылдары қазақтан көптеп шыққаны мәлiм. Қысқасы, әлiпбидi өзгерткеннен рухани бiлiм мен оқу-бiлiмi тоқтап қалмайтынына осылай көз жеткiзу қиын емес. Мұны бiзге тарих дәлелдеп отыр. Демек, реформаның барлығы керi қадам жасауға түрткi бола бермейдi.
Екiншiден, осыған дейiнгi жазған-сызған дүниелердiң барлығы оқылмай қалады деген пiкiр бар. Осыған дейiнгi жарық көрген шығармалардың барлығын алтын қорға кiредi деп айта алмаймын. Ол шығармалардың 90 пайыздайы соцреализм бағытында жазылған, идеологияға байланысты жазылған. Бiздiң өзiмiз “Миллионерлердi” оқып өссек те, әлi күнге дейiн сол миллионерлердiң кiм екенiн бiлмейтiндер бар арамызда. Егер латын әрпiне көшсек, осындай олқылықтардың барлығы електен өтiп, сүзгiден шығар едi. Бүкiл шығармаларымыздың 10-15 пайызы ғана латын графикасына аударылып, келешекке мұра ретiнде жол көрсетiп, рухани қазынамызға айналады. Ал қалғандары, яғни 10-100 мыңдай тиражбен шыққан 90 пайыздай шығармалар сылдыр судай ағып кетерi сөзсiз.
Өздерiңiз де бiлесiздер ғой, сол кезеңде жазылған дүниелердiң басым бөлiгiнде совхоздың директорының қызы болады, сол ауылға агроном болып бiр жiгiт келедi де, екеуi бiр-бiрiне ғашық болады деген сияқты қалыптасып қалған тақырыптарды қамтыды. Латын әрпiне көшу арқылы осындай тақырыптағы шығармалардан бiршама тазарамыз. Үшiншiден, кириллицадан латын графикасына аудару мәселесiне келсек, компьютер мамандарының сөзiне қарағанда, ешқандай қиындық жоқ. Менiңше, латын әрпiне көшкен сәттен бастап, орыс тiлiне деген тәуелдiлiктен құтылып, ажырамастай көрiнген кiндiктерiмiз де үзiледi. Орыс тiлiмен қосақтасып жүрiп, керек десеңiз, мемлекеттiк тiлiмiздi де өз тұғырына шығара алмадық. Латын әрпiне көшу – осы мәселенiң шешiлуiне ықпал етуi мүмкiн және түркi әлемiнiң тiлiне жақындаймыз.
Сонымен қатар латын графикасына ертең немесе он жылдан кейiн көшейiк деген ұсынысқа толықтай қарсымын. Қазақстанда қазақ тiлiне барлығы толықтай көшiп, қоғамдағы барлық сала мемлекеттiк тiлде қызмет жасамайынша, латын әлiпбиiне көшудiң қажетi жоқ. Өйткенi жаңа графикаға бұлай көшу – алдымызға кедергi болып, аяғымызға тұсау салуы әбден мүмкiн. Осы көшудiң аясында ендi көптеген себеп-сылтаулардың көкесiмен кездесемiз. Мысалы, кириллицамен қазақ тiлiн меңгеру оңайырақ болар, сондықтан латын әрпiнде тiл үйрету және үйрену проблемасы туындауы мүмкiн. Сол себептi, “өткелде атын ауыстырмау” қағидасын ұстанғанымыз дұрыс. Баспа жұмыстарының тiлiн, тағы басқа да латын графикасына көшудегi проблемаларды сылтау етiп, билiк тағы да он-он бес жылға қазақ тiлiн меңгерудi кейiнге шегередi.
Президент кириллицадан латынға көшу туралы үш рет айтты. Естерiңiзде болса, 1990 жылы алғаш рет көтерiп, 1996 жылы дайындалуды тапсырған-ды. Ал жақында латын әлiпбиiне көшудi түбегейлi шешiм ретiнде мәлiмдедi. Бұл жерде президенттiң саяси қулығы жатыр. Әлдебiр саяси ойын басталғандай көрiнедi маған. ЕуроОдаққа, Кедендiк одаққа қарсы шығып жатқан қазақтармен ұлттық бағыттағы азаматтар негiзiнде бiр ойынды бастаған сияқты билiк. Екiншiден, латын әлiпбиiне көшу – Ресейге көрсетiлген саяси қыры да болуы мүмкiн. “Сендер бiзге мынадай етпесеңдер, бiздер түркi әлемiне жақындаймыз. Кириллицаны сыртқа лақтырып тастаймыз” деген сес жатқандай. Бұл жерде осындай былыққа ұйыққан ойын жатыр деп санаймын. Күнi ертең президент: “халық және М.Шаханов бастаған 66 азамат латын графикасына көшуге қарсы екен”,– деп жатса, мен таңғалмаймын. Себебi саясатта әр уақытта әлдебiр қадам жасамас бұрын, екiншi рет жасалатын қадамның жолдары да қарастырылып, дайындық жасалып қояды. Ол дайындық – қазақ қоғамын екiге бөлуден басталып отыр. Филолог ретiнде латын әрпiне көшпес бұрын бiрнеше мәселенi естен шығармауды айтқым келедi. Кезiнде Түркияда түркi әлемiндегi латын графикасын жасауда ағаттық кеткенi бар. Түрiк әлiпбиiне кейбiр дыбыстардың әрiптерiн түсiру үшiн қосымша басқа әрiптер енгiзiлдi сол тұста. Алайда ол әрiптердi әзiрбайжан, түрiкмен елдерi қабылдамады. Сондықтан осындай олқылықтарды болдырмау үшiн бiздер жалпы түркi әлемiндегi қолданысқа ие, ортақ түркi әлiпбиiне сай латын графикасына көшуiмiз керек.
Латын графикасына көшкеннен кейiнгi 20 жылда немере-шөберелерiм орыс басылымын мүлде оқымайтын, Қазақстанға орысша ешқандай газет-журнал келмейтiн (себебi, ол кезде оны оқитын ешкiм де болмайды) кезеңге жеткенiн қалаймын. Үш жүз жыл бойы орыстың боданынан шыға алмаған қазақтың шынайы тәуелсiз кезiн, ең болмаса, ұрпағым көрсе екен деген арманым бар.
Дос КӨШIМ,
саясаттанушы.
http://zhasalash.kz