АЛТЫНОРДА
Новости

ЛАТЫННАН БАСҚА ТАҢДАУ БАР МА?

Анықтама
Сұлтан ЫБЫРАЙ 1966 жылы туған.
Алматы байланыс және энергетика институтын радиотехника мамандығы бойынша 1991 жылы бітірген.
Париждің НЕС Бизнес мектебі мен ХБМ-нің бірлескен бағдарламасының Кәсіби Басқару Магистратурасын (Master of Advanced Management) тәмамдаған.
1995 жылы Ұлыбританияда жапондық «Sony» компаниясының еуропалық штаб-пәтерінде біліктілікті арттырудың 6 айлық тағылымдамасынан өткен.
Кәсіби мамандығы бойынша Германияда, Голландияда, Францияда және Люксембургте іс-тәжірибеден өткен.

Редакциядан: Қазір қоғамда ең көп талқыланып жатқан тақырыптың бірі – латын қарпіне көшу мәселесі. Бір тарап тез арада осы қаріпке көшейік десе, енді біреулер бұл біз үшін әлі ерте деген уәж тастайды. Төмендегі сұхбат та сондай алуан көзқарастың бір парасы. Кейіпкердің ұлттық қаріп жайындағы пікірлері редакцияның көзқарасын білдірмейді. 

– Жақында елімізге танымал БАҚ.кз порталындағы блогыңыздан «Тағы да латын әліпбиі туралы» атты жазбаңызды оқыдық. Онда сіз соңғы уақытта қазақ қоғамында кеңінен талқыланып жатқан латын әліпбиінің орнына әлемнің ешбір елінде жоқ, тек өзімізде ғана бар сына жазуын мемлекетіміздің ресми әліпбиі етіп қабылдау қажеттілігін айтыпсыз. Сұхбатымызды осы мәселеден бастасақ…
– Абай атамыз ең алдымен балаға «түркітанырлық білім керек» деді. Яғни араб, парсы, шығысты, орыс пен батысты меңгермес бұрын, ұлттық бастаудан сусындау керектігін, әйтпесе тамырдан ажырап, мәңгүрттікке бой ұру қаупін қатаң ескертті. Құдайға шүкір, талай тар жол, тайғақ кешуден өткенімен бабам тілі шалажансар болса да тірі. Баяу болса да, қазақ тілін кеңінен қолдану үрдісі ауылдан қалаға көше бастады. Бірақ тіліміз сақталғанымен, әліпбиіміз төл жазуымыздан кейін үш рет өзгерді. Яғни бұл ұлттық санамызды үш рет өшірдік деген сөз. Енді осы өшкенді жандырып, түптамырымызға қайта оралып, оған мықтап байлануымыз керек.
Қазақ – исі түркінің қара шаңырағында отырған ел. Ер Түріктің сына жазуы бар, оның ішінде қазаққа және барша түрікке керекті дыбыстардың барлығы дерлік қамтылған. Әрі біреудікі емес, өз бабаңдікі.
Ал көне түркі жазуын қалпына келтіріп, бұқаралық сипатқа көтеру үшін тасқа, металдарға, ағаштарға, кейін қағаздарға жазылған ежелгі дәуір жәдігерлері негіз бола алатын еді. Бұл жазуларды әрбір түркі таниды, оқып үйрене алады. Себебі, бұл олардың тегінде, қанында бар. Әрі мұндай қадам түркілердің шынайы бірлігіне даңғыл жол салар еді. Алысқа бармай-ақ, еврейлерді мысалға келтірейік. Олар 2000 жыл бұрын өлген тілін қайта тірілтті. Бұл тұрғыда Тәураттағы жөйттің әліпбиімен жазылған ежелгі жазбалар тілді қалпына келтіруге тікелей әсер етті. Ал тілдің қасында жазу тірілту әлдеқайда оңай емес пе?!
– Қазір, Түркия, Өзбекстан сияқты басқа да түрік елдері латын әліпбиін ұлттық жазуы қылып алды ғой. Бір жағынан, біздің де латынға көшкеніміз – бауырлас түрік елдерінің бірігуін жеделдете түсер еді деген ой да қылаң береді. Сіз бұған қалай қарайсыз?
– Латынға бірінші болып Мұстафа Кемал Ататүрік басқарған кезеңінде Осман түріктері көшті. Бірақ ол кезде Ататүрік атақты дат ғалымы Вильгельм Томсен ашқан Орхон-Енисей жазбаларын білген жоқ деп топшылауымызға толық негіз бар. Өйткені оған жаңа түрік әліпбиін жасауды ұсынған адам – Ататүріктің кеңесшісі қызметін атқарған армян лингвисі, өз заманында «Дилачар» (Тілашар) деген лақап атқа ие болған Акоп Мартаян еді. Бұл ғалым 1932 жылға дейін Бейрут пен Софияда таза армян тілін дәріптеумен айналысқан болатын. Егер Ататүрік көне түрік жазуы бар екенін білген болса, соған көшуі әбден мүмкін еді. Себебі оның жаңа әліпбиге көшудегі басты мақсаты – Осман империясының тілін басқа жат сөздерден, әсіресе сол кездегі ықпалы күшті болған арабизмнен тазарту мен ғылым-білімі озық Еуропамен жақындасу болатын. Сол кезде қалың түрік бір мүмкіндігінен айрылған еді, енді түріктің қара шаңырағында отырған біз екінші мүмкіндіктен айрылып қалсақ, жөн болмас.Үшінші мүмкіндік жоқ. Бұл жерде түрік сөзі мен түркі сөзінің бір мағынада қолданылғаны дұрыс. Түркі деген жасанды, қолдан жасалған термин екенін естен шығармағанымыз абзал. Әліппемізді латынға көшіру бүгін ғана пайда болған мәселе емес. Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында қолданғанымыз белгілі. Студент кезімде журналист болған әкем маған жолдаған хатының басын қазақша латын әріптерімен жазып, артынан кирилшеге ауысатын. Мектепте немісше оқыған маған ол хатты түсіну қиын болмайтын. Мысалы, «ы» орнына «ь», «ң» орнына «құйрығы»  бар «n» жүреді.
Егер Астанадан Алматыға пойызбен барсаңыз, жолда Ақадыр деген үлкен бекеттен өтесіз. Вокзал маңдайшасына көз салсаңыз, «Aqadьr» деген сол заманнан қалған белгіні көресіз.
Еліміз тәуелсіздік алған соң латын әліппесіне көшу қайта маңыздылыққа ие болды. Ол біріншіден, саяси-экономикалық тәуелсіздіктен кейін, тұтас ұлттың сана тәуелсіздігіне жетіп өзін-өзі тануы, өзіндік идентификациясы үшін, біреудің бөлшегі емес, өзінің уникум екендігін түсіну үшін керек болып тұр, екіншіден, ғасырымыздағы инфо-коммуникациялық құрылымдардың еселеп дамуынан, жалпы адамзаттың көшінен қалмас үшін, есептеуіш техниканың, компьютердің программалау тілі ағылшын тіліне негізделгендіктен, сол ағылшын тілі латын әліппесін қолданғандықтан және Шекспирдің тілі дүниедегі ең таралған халықаралық тілге айналғандықтан керекке саяды. Оған менің тоқсаныншы жылдардың ортасында шет елдерге шыққанда кириллица тұрмақ «великий и могучий русскийдің» өзі сұраныста жоқ екендігіне көзім жеткен.
Түркі тілдес халықтардың бірлігі деген өте жақсы, бірақ бағы жанбай келе жатқан идея. Әрине, мәдени, рухани және туыстық байланыстар экономикалық ерікті одақтастыққа әкелсе, бәріміздің ұтатынымыз айқын. Дегенмен ортақ терминология жасау, әліппе таңбаларының дыбысталуын біріздендіру (унификациялау) әлі алдыға жылжыған жоқ.
Бірақ мұның өзі ертең сондай нәтижеге жеткізеді деген ойдың өзі екіұшты. Мысал керек пе? Бәрін қосқанда 400 миллионнан асатын халықты құрайтын 22 араб мемлекеті бар. Олардың жазуы да, тілі де, діні де бір. Бірақ әлі күнге дейін араларында ауызбіршілік жоқ. Дамыған елдердің жемі болып отыр. Ал әр түрлі ұлтты біріктірген Еуроодақ елдері бір тудың астына жиналды. Бұлардың түсінгендері бір нәрсе: «бөлінгенді бөрі жейді».
– Бүгінгі таңда ХІХ ғасыр – ғаламдасу, жаһандану дәуірі дегенді жиі айтамыз. Осындай алмағайып заманда ақпараттық қауіпсіздіктің болуы ұлтымыз үшін қаншалықты маңызды?
– Қазақ әліпбиін латынға көшірудегі негізгі себеп – ақпараттандыру үрдісінің үдесінен шығу. Келесі себеп – ашығын айту керек, Ресей ықпалынан құтылып, түркі тілдес халықтар мен мемлекеттердің бірігуіне ықпал етеді деген идея.
Құранда Алла Тағала «адамдарды өзара бірін бірі тану үшін әртүрлі қылып жараттық» дейді. Онсыз да еліктегіш халықпыз. Басқа жағын қойып, жазу-сызуға дейін интеграцияланудың соңы жойылуға әкеледі. Өзбек, түркімен, түрік сияқты ұлттық өзегі мызғымаған елміз деп айта алмаймыз. Қасқыр итті, овчарканы, тұқымы бұзыла бастаса қасқырға тағы бір қосып алады. Сондықтан терең тамырымызға қайта жармасып, ұлт ретінде күш-қуат жинағанымыз абзал. Жаһандануда жұтылып кетпес үшін иммунитет, «түпнұсқалылық» (аутентичность) керек. Оны құрайтын: төл өнер мен мәдениет, дін, тіл және сол тілдің маңызды құрамдас бөлігі – ұлттық жазу.
Мәселен, тәуелсіз ел болсақ та өзіміздің классикалық әніміз бен күйіміздің төрден төменге түсіп қалғанын көріп отырмыз. Олардан еуропалық балет пен опера жоғары тұр. Ал даңғаза, айқай-ұйқай, жылаңқы эстраданың қайда тұрғағын өзіңіз білесіз. Бұл да интеграцияның бізге байқала бермейтін бір ұшы. Әрідегі Ғарифолла, Жүсіпбектерді айпай-ақ қоялық, ал бүгінгі заманның нағыз өнер майталманы Қайрат Байбосыновтымүлде танымайтын, тіпті естімеген жастардың көп екені жасырын емес.
Қай елдің жазуын қабылдасаңыз, сол елдің терминологиялық отарына айналасыз. Латынды қабылдасаңыз, ағылшын, француз, испан т.б. қаптаған еуропалық тілдердегі сөздер бізге өзгеріссіз еніп, тіл шұбарлаудың көкесін сонда көресіз. Мысалы, кириллицадан кейін біз орысша терминдерді өзгеріссіз алдық. Ц, Ф, В, Ч сияқты дыбыстар бізге табиғи болып сіңіп алғалы қашан. Бұл дыбыстардың ана тілімізге мүлде жат екені айдан анық қой. Ал оларды айта алмаған бала бүгінде мазаққа қалады.
– Сіз ақпараттық технологиялардың майын ішкен майталман мамансыз. Осы бағыттағы жаңалықтарды, жаңашылдықты үнемі қадағалап, саралап отырасыз. Жалпы қандай да бір әліпбиді, әріптерді компьютер тіліне қондыру қалай жүзеге асады? Сына жазуын компьютерге лайықтау, бейімдеу ісіне де тоқталсаңыз.  
– Адам компьютерге қызмет етпейді, компьютер адамға, халыққа, ұлтқа қызмет етуі тиіс. Осылай жер байлығына малданып санамызды сергітпей жүре берсек, басыңыздан бақайшағыңызға дейін «латындап» қойса да ілгері жылжи алмаймыз. “Ұлтқа қызмет ету бiлiмнен емес мiнезден”- деген Әлихан Бөкейхан. Осы ғасыр қытай ғасыры екені айдан анық, технологиялық, индустриялық жетістіктен кейін қытай мәдениетін, өнер-білімін, тілін жан-жағына таңа бастайды, бұл үрдіс көрші қазақты да айналып өтпесі белгілі. Сонда біреуіміз  шығамыз «қытай иероглифіне көшу заман талабы» деп. Кезінде жапон, кәріс, қытай да бұл «ауруды» бастан өткерген, олар да біз сияқты латынға көшпекші болған, бірақ ақыры көшпеді, есесіне қазір ешкімнен кем емес, керісінше әлем үлгі тұтуға дағдыланған Еуропа мен АҚШ-тан озып тұр. Өзінде барды бағаламай, өзгеден іздеген – балалық ауру. Африканың солтүстігінен басқа барлық елдері латын қарпін қолданады. Вьетнам, Лаос, Камбоджа елдері де. Латын Америкасы тұтасымен. Бірақ ілгері жылжу жоқтың қасы.
Көне түрік жазуын компьютерге енгізу оңай, ал қаржылық шығындардың көлемі латынға көшсеңіз де бәрібір сондай болады. Руниканың баспа түрі ғана бар дерсіз. «Тұрфандық» деген жазба түрі бар. Қазіргі заманға лайық жазба түрін жасау ғалымдарымызға қиынға соқпас. Қайталап айтамын, ұлттың басты атрибутының бірі – жазу. Басқа ұлтты өзіміз жазуынан танимыз, кім екенін аңғарамыз. Қашанға сылтауратып қағымыздан жери береміз. Әлихан атамыз айтқандай мінез көрсетіп, төл жазуымызға көшуіміз керек. Мысалы, бірнеше мың жыл сөйлеп келе жатқан бабамыздың тілін тың өлкесін игеру кезінде, бір-ақ ұрпақ ауысқанда жоғалтып алдық. Келешекте компьютер ойланбай-ақ кез келген тілде сайрай береді, ал пернетақта мәселесі тіпті қазір шешіліп тұр десе де болғандай, ол кнопка (батырма) емес, теп-тегіс қалаған кнопкаға қажетті қарпіңізді қойып аласыз. Кез келген операциялық жүйеде Windows, Linux, Mac, Android т.б. қазақ пернетақтасының виртуалды түрі болса жетіп жатыр. Қазіргі смартфондар мен планшетке клавиатура мүлде керек емес қой. Сенсорлы дисплей (тачскрин) басқа тұрмақ шүршіт-табғаштың сан мыңдаған әрпін де жаза береді. Технологиялар екпіндеп дамуда. Кейінгі компьютерлер сіздің сөйлеген сөзіңізді мәтінге бірден айналдыра береді, яғни пернетақтаға деген уақытша мұқтаждық жақын арада мүлде жойылады. Ал енді, осы мәселені іске асыруда жасалған жұмыстар бар ма дерсіз?! Әлбетте баршылық! Және тыңғылықты, ойластырылып жасалған. Қазақ ғалымдары жаны ауыра жұмыс істегені көрініп тұр. Қандай үлкен жұмыс тындырылған. Көне түрік қазақ сөздігі, көне түрікше жазып үйрену, тарихи жазба ескерткіш жәдігерлер. Тіпті юникодқа да тіркеп қойған. Бұларды http://irq.kaznpu.kz/ сайтынан көре аласыз.
Сұхбаттасқан – Ернат ҚАШҚЫНОВ

http://www.halyksozi.kz