АЛТЫНОРДА
Новости

Лавров: Обама сөзі АҚШ-тың Украина ісіне араласқанын дәлелдейді

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров таяуда АҚШ президенті Барак Обаманың өткен жылы Украинадағы дағдарысты шешуге халықаралық деңгейдегі келісім жасалғаны жайлы айтқаны Вашингтонның Украинаның Мәскеу қолдайтын президентіне қарсы «төңкеріске» қатысы барын дәлелдейді деп мәлімдеді.

Ақпанның 1-і күні CNN телеарнасы таратқан сұхбатында президент Обама «Украинада біздің араласуымызбен болған билік ауысу процесінде президент Виктор Янукович орнынан кетіп, Владимир Путин балансынан айырылып қалғандықтан Ресей Украинаның ішкі ісіне араласа бастаған сияқты» деген пікір айтқан.

АҚШ президенті әкімшілігінің жоғары шенді өкілі ақпанның 2-сінде Азаттыққа Обама өз пікірінде АҚШ-тың 2014 жылғы 21 ақпанда Виктор Янукович пен сол кездегі украин оппозициясы арасында қол қойған келісімді және Вашингтонның соған дейінгі саяси дағдарысты шешуге көмектескенін меңзеді дейді. Янукович пен оппозиция өкілдері жасасқан келісімде ұлттық біртұтас үкімет құру және 2014 жылдың желтоқсанында президент сайлауын өткізу қарастырылған болатын.

Виктор Януковичтің 2013 жылы қараша айында Еуропа Одағымен ассоциация туралы келісімге қол қоюдан бас тартуы Киевте жаппай наразылық тудырған. 2014 жылы ақпанның 21-інде оппозициямен келісімге қол қойғаннан кейін көп ұзамай ол билікті тастап, Ресейге кетіп қалды.

Биыл ақпанның 2-сінде Пекинде сөйлеген Лавров Обаманың сөзі «АҚШ-тың әу бастан-ақ Украинадағы үкіметке қарсы төңкеріске араласқанын айқын дәлелдейді және Вашингтон төңкеріске өзінің қатысы жоғын білдіргісі келіп оны «биліктің ауысуы» деп сипаттайды» деді.

http://www.azattyq.org/archive/news/20150203/330/330.html?id=26827191