АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Лото ұту ма, ұтылу ма?..

Бірнеше жылдан бері «Қазақстан», «Хабар», «Таң» телеарналарынан «Алтын таға», «Бинго», «Супер Лото» лотереялық ойындары үздіксіз ойнатылып, көрсетіліп келеді.
Соңғы кезде қарапайым халықтың лотерея ойындарына деген қызығушылығы артқан. Тұрақты түрде ойнап, біраз қаржысын осыған жұмсап жүрген азаматтарымыз жетерлік екен. Мәселен, әр сенбі күні терминал арқылы бірнеше лотерея сатып алып жүрген жігітті сыртынан үнемі байқап жүретінмін. Жасы отыздан асқан жас жігітпен әңгімелесудің сәті түсті.

–Аты-жөнім – Темір Хасенов, жасым 32-де. Лотереяның түрлері көп. Мен кезінде барлық лотерея ойындарын ойнағанмын. Қазір тек «Супер Лото» деген бір түрін сатып алып жүрмін. Бұл ойын басқаларға қарағанда өзіндік ерекшелігімен қызық. Мәселен, «Супер Лотоның» 6/35, 5/36 және 5/30 деген үш түрі бар. Соның ішінде 6/35 деген ойынның джек-поттық ұтыс көлемі қомақты. «Супер Лотомен» ойнағаныма 4 жыл болды. Алайда әлі күнге шейін джек-пот ұтқан жоқпын. Жылқы жылы қазаққа табысты жыл деп жатады ғой, сондықтан биыл бас бәйгені ұтып қалармын деп үміттенемін. Құдай бұйыртса, егер осындай сәттілік келсе несиелерімді жауып, үй салуды жөн көріп отырмын.
Иә, расында да Темір сияқтылар арамызда көп. Бір қызығы, лотерея ойын­дарына өзге ұлттың қарттары көбірек қызығады. Мәселен, 2010 жылы «Супер Лотоның» кезекті ойынында Алматы қаласының бір қарт тұрғыны 155 миллион 791 мың 260 теңге көлеміндегі джек-поттық ұтыстың иегері атаныпты. Терминалға келіп сатып алған билеттерін тексеріп қана қоймай, жаңадан билет алып жатқан жасы сексенге таяп қалған орыс кемпірімен тілдесудің сәті түсті.
– Есімім – Анастасия Верешникова. Бұл ойынды ермек үшін ойнаймын. Ешқандай материалдық қиыншылыққа тап болған жоқпын. 60000 теңге көлемінде зейнетақы аламын. Бір қызым Германияда тұрады, ал екінші қызым банк саласында жұмыс істейді. Кіші қызым Марина маған осы ойынды ойнауды үйретті. Бір байқағаным «Супер Лотода» сәттілікті адам өз қолымен жасайды екен. Өйткені бақытты 6 санды тауып алу өз қолыңызда екенін ұмытпағаныңыз жөн. Алатын зейнетақымның 10 пайызын лотерея ойнауға арнаймын. Келешекте джек-пот ұтып алсам, жиналған соманың көбін депозитке салуды көздеп отырмын. Шетелге шығып қыдыруды да жөн санаймын.
Шындығында да, бұл ойланатын нәрсе екен. Лотереяны тұрақты ойнайтын адамдардың көксегені қайткен күнде де джек-пот ұтып алу екендігі белгілі. Егер ойыншының арманы орындалса, жеңіп алған сомасын қайда жұмсайтынының өзі жұмбақ болып келетіні жасырын емес. Әйтсе де, қаракөз қандастарымыздың арманы орындалса көбісі несие жабуды, үй салуды не болмаса той жасауға жұмсайтыны анық. Бір байқағаным, өзге ұлт өкілдерінің көксегені басқаша болып шықты. Олардың дені депозитке салуды көздейді.
Елімізде «Супер Лото» ойынына құмартқан азаматтардың санының артуы­на да себеп жоқ емес. Біріншіден, бұл лотереяда адам өзінің сәттілігін өзі жасап алады дейді мамандар. Екіншіден, 2009 жылы жарыққа шыққан «Супер­ Лото» сатып алушыларға тиімді болып отыр. Қазіргі күнде еліміздің 15 қаласында 1300 терминал халыққа қызмет етеді екен. Әсіресе, бұл лотерея түрін Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент, Ақтөбе қалаларының тұрғындары өте көп ойнайтыны анықталды. Джек-потты жеңіп алып, қомақты қаржыға ие болып жатқандар да осы қаладан жиі кездеседі. Үшіншіден, жарнамасы өте мықты. «Бақытқа кенелген» адамдардың қанша ақша ұтып алғандығы жөнінде жарнамалар беріледі. Әйтсе де, ұтысқа кенелген адамның атын компания өкілдері жасырын түрде ұстайды екен. Тіпті таяуда ғана елімізде бірнеше адам теңге бойынша миллионер атанып үлгеріпті. Мәселен, өткен қаңтар айында Алматының бір тұрғыны 2 963 440 теңге ұтып алыпты. Ал былтырғы жылдың қазан айында Астананың бір тұрғыны 87 795 175 теңгені құрайтын ең басты 1-дәреже бойынша джек-поттық ұтыстың иегері атанды. Жалпы, бұл лотереяда акция ойындары жиі ұйымдастырылады. Сондықтан ойыншылардың саны жылдан-жылға артып келеді.
«Супер Бинго» ойнап байыған азаматтар да жоқ емес. Бұл лотереяда ұтыс соммасы бірнеше мәрте көбейтілген ставка бойынша шешіледі. Сондықтан тәуекелділіктен жүрексінбей ойнап әрі бағыңыз ашылса, аяқ астынан ақшалы болуыңыз ғажап емес. «Алтын Таға», «Қазлото» және т.б. лотерея түрлеріне үміт артып ойнайтындар жетерлік. Бұл лотереялар бойынша да қомақты қаржыға кенелгендер баршылық.
Әйтсе де, мол қаржыға кенелгендер саусақпен санарлықтай болатыны жасырын емес. Сондықтан лотереяны ойнаған адамдардың көбісі ұтылады. Лотереяны тұрақты түрде ойнаған адамда лудомания, яғни ойынға тәуелділік ауруы пайда болады. Осыдан-ақ адамның жүйкесіне күш түсетіні белгілі.
Ойынның аты – ойын. Кейде ұтады, кө­бі­­не ұтылады. Мұндай кезде адамның жүй­ке жүйесі бұзылып, ашу-ызаға жол береді. Негізінен, ойынға құ­мар адам­дарды екі топқа бөлуге болады: бі­рін­­шісі – қоғамның әлеуметтік қорғал­ма­ған ке­дей тобынан шыққандар, олар үл­кен ұтыс­­қа қол жеткізіп, байлыққа бірден кенелгісі келеді. Екіншілері – шенді-шек­­­пенді, ақшасын қайда жұмсарын біл­мей, еріккен байлар. Олар уақыт өлтіремін деп жүріп, ойынға құмарланып, «аурулар» қа­та­рына қосылады.
Сондықтан лотерея ойыншысы бол­саңыз, шектен асырмай аз ойна­ғаныңыз дұрыс. Ұтысқа кенелмесеңіз тауыңыз ша­ғылмасын. Өйткені сәтсіз­діктердің өзі айналып келіп бір күні сәттілікке алып келеді емес пе?! Үмітсіз шайтан деген ғой. Ешқашан да үмітіңіз үзілмесін. Бәлкім бір күні сіз де қалталы азаматтардың біріне айналып қаларсыз.

Салтанат ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ

http://anatili.kz/