АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

М.Құл-Мұхаммед: Мен де өздеріңіз сияқты қазақ тілінің жанашырымын

mkulmukhamenasf3ҚР Мәдениет және ақпарат министрі М.А.Құл-Мұхаммед Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте мұражай, кітапхана, тіл мәселелері жөнінде жағымды жаңалықтарымен бөлісті.

Мұражайлар туралы

Елімізде жалпы саны 89 музей жұмыс істейді. Соның ішінде Алматыдағы Орталық мемлекеттік музей, Ә.Қастеев атындағы өнер музейі және Астанадағы Алтын бұйымдар музейі сияқты ірі мұражайлар да бар.

Осы уақытқа дейін Астана қонақтарына қазақ халқының арғы, бергі тарихымен кеңінен мағлұмат беретін мемлекеттік деңгейдегі үлкен музей болған жоқ.  Елбасымыз бұл проблеманы да шешіп берді. Қазір Тәуелсіздік сарайының жанынан жалпы көлемі 73 мың шаршы метрлік Ұлттық музей салынуда. ОныТәуелсіздік, Астана, Алтын, Тарих және Өнер мұражайларынан тұратын тұтас музейлер кешені  деуге әбден болады.  Қазір онда негізінен құрылыс жұмысы аяқталып, мұрағаттау ісі басталып кетті. Аманшылық болса, келер жазда ашылатын болады.

Кітапханалар туралы

Қазір Қазақстанда мектептердегі шағын кітапханаларды қосып есептегенде түрлі деңгейдегі 10 мыңға жуық кітапхана бар. Соның екеуі – ұлттық. Еліміздегі ең үлкен кітапхана   Алматыда   орналасқан.   Оның   қорында               6 миллионнан астам кітап бар.

Астананың  бір  кемшін  тұсы кітапхана болатын. Осыдан 9 жыл бұрын Елбасы тапсырмасымен ашылғанАстанадағы ұлттық академиялық кітапханада 800 мыңға жуық кітап бар.

Қазір жастар кітапты аз оқиды деген пікір қалыптасқан. Өз басым онымен толық келіспеймін. Дұрысы, жастар кітаптың электронды  нұсқасын оқиды.  Мен де қашан кітаптың баспалық нұсқасы қолға түскенін күтпей-ақ, интернеттегі электронды нұсқасын оқуға көштім.

Міне, осындай креативті оқырмандар  үшін министрлік «Қазақстанның электронды кітапханасын» ашты. Қазір онда4280 кітап, 16 мыңнан астам құжаттардың электронды көшірмесі орналастырылған. Алдағы уақытта жыл сайын ондағы кітаптар саны толығып тұратын болады. Сіздерді де осы ұлттық электронды кітапхананы пайдалануға шақырамын.

Тіл туралы

Тіл – біздің елімізде, әсіресе зиялы қауым мен қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарында жиі қозғалатын тақырып.

Мен де өздеріңіз сияқты қазақ тілінің жанашырымын. Салыстырып көрейікші, қазір бүкіл Қазақстан бойынша қазақ мектептері мен аралас мектептерде қазақ тілінде білім алатын оқушылардың саны еліміздегі мектепке баратын барлық оқушылардың 71 пайызын құрайды. Мен кездесу алдында тура осы деректі республикалық Статистикалық агенттік басшысымен нақтылап алдым. Айтыңызшы, осыдан 20  жыл бұрынғы жағдай қандай еді?! Жаңағы мен айтқан пайыздық көрсеткіштен екі есеге жуық төмен болатын. Тіпті Қазақ ССР-нің кейбір облыс орталықтарында жалғыз ғана қазақ мектебі, оның өзі ауылдан келіп оқитын балаларға арналған мектеп-интернаттар болатын. Бүгінгі жағдай мүлдем басқаша.

Осыдан 10 жыл бұрын республикамыздағы кейбір телеканалдар мен радиостанциялар ішінде қазақ тілінде жарты минут та хабар таратпайтындары аз болған емес.  Қазір солардың бәрі заң шеңберінде кемінде 50 пайыз қазақ тілінде хабар таратуға міндетті. Әрине, олардың сапасы мен көрсететін уақыты жөнінде қоятын талабымыз да жоқ емес.

Қазақ тіліндегі газет, журалдардың тиражы да артып келеді. Оның көш басында 200 мыңдық тиражбен «Егемен Қазақстан» тұр. Республикамыздағы бір де бір орыс тілді газет осы көрсеткішті маңайлай да алмайды.

Алдағы уақытта қазақ тіліндегі газет-журналдар өз басылымдарының сайтына ерекше назар аударулары қажет.  Бүкіл дүние жүзінде баспа түріндегі басылымдардың саны да, тиражы да азайып келеді. Мәселен, өткен жылы желтоқсанда әлемге әйгілі «Newsweek» журналы өзінің ең соңғы баспа нұсқасындағы нөмірін шығарды. Сондықтан қазақ тілді басылымдар, әсіресе журналдар өздерінің сайттарын дамытуды мықтап қолға алғандары жөн. Бұл – заман талабы.

 

Masa.kz