Әлеуметтік зерттеулер «қазіргі Қазақстан жастарының мінез-құлықтарында батысқа тән жекешілдік, дарашылдық бар. Өз басынан қоғамдық мүддені жоғары қоятын әдеттегі идеологияның орнына либерализм принципі басым. Жастардың санасында әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен сабақтасқан прагматизм мен практицизмнің өсу үрдісі орнығып келеді. Жастардың жартысына жуығы – потенциалды космополит, рухани құлазуға дайын объект» депті.
Сонымен қатар әлеуметтанушылар ұрпақтар арасында бұрынғы қалыптасқан рухани сабақтастық үзіліп, оның орнына нарықтық экономикаға бейімделген жаңа буын қалыптасқан деседі. Бұл жаңа буынның басындағы проблемалар космополит қатарын көбейтіп барады.
Рас, мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған жастар мәселесіне қатысты саясатты жоққа шығаруға болмайды. Мемлекет жастарға қатысты жинақталған проблемаларды шешуде бірқатар жобалар мен бағдарламалар жасады. Оны жүзеге асырып та отыр. Бірақ ол бағдарламалар арқылы жастар ісінде бүгінде орын алған мәселелердің барлығын шешу мүмкін емес.
Социологиялық зерттеулер «өмірлік тәжірибесі мен білімі жоқ жастар өзінің саяси мақсаттарын іске асыру үшін жастарды айналдыратын сыртқы және ішкі ыдыратушы күштердің жетегінде кету қаупіне ұшырайды. Экстремистік көзқарастар мен идеялардың жастар арасына енуі, жастарды құқыққа қарсы әрекеттерге итермелеу қоғамдағы этносаралық, мәдениетаралық және конфессияаралық келісімдерді бұзу қаупін туғызады» дейді. Бұл қауіптің салдарын көзіміз көріп те жүр.
Жастарды қоғамның саяси, әлеуметтік-мәдени, экономикалық салаларының толыққанды қалыптасуына тікелей әсер ететін әлеуметтік демографиялық топ десек, жастар саясаты – ерекшеліктері жіті ескерілуді қажет ететін өте нәзік мәселе. Олай етпейінше, бүгінгі жас, ертеңгі қоғамның бір-бір кірпіші мықты болмасына кепіл жоқ.
Былтыр күзде Еуропа елдері жастар саясатының опық жегізгенін ашық айтып, аурудың алдын алу үшін кеңескені аян. Сонда Еуропа кеңесі бас хатшысының орынбасары Габриелла Баттаини-Драгони: «Жалпы, Еуропадағы қазіргі жастардың бейнесі қорқынышты: жастарда маргинализация жүріп жатыр», – депті Еурокеңеске мүше елдердің жастар ісі бойынша министрлердің 9-ыншы конференциясында. Бұл дерт Қазақстан жастарында да бар. Статистикалық деректерге сүйенсек, жоғары білімі бар жастардың саны соңғы онжылдықта – үш есе, арнаулы орта білімі бар жастардың саны екі есеге артқан. Жоғары білімі бар ауыл жастарының саны – алты есе, қала жастарының саны төрт есе өсіпті.
Тұтастай алғанда, Қазақстан жастарының 40%-ның жоғары, аяқталмаған жоғары және арнаулы орта білімі бар. Бірақ солай бола тұрса да, маргиналдар неге көбейіп барады?
Бір мәдениеттен қол үзіп, екінші мәдени ортаға кіріге алмай, оның мәдениетін меңгере алмағандарды ғылыми тілде «маргиналдар» деп атайды. Бүгінгі жастарды маргиналдар деп атауға толықтай негіз бар. Ауыл мәдениетінде тәрбиеленіп, ауылдық таным-түсінікте қалыптасқан жастар қалаға келіп, қала мәдениетін игере алмай, өздерін жоғалтқан ұрпақ болып тұр.
Деректерге жүгінсек, еліміздегі тұрғындардың 26 %-дан астамын 14 – 29 жас аралығындағылар құрайды екен. 2012 жылы олардың саны 4,4 млн адамға жуықтаған. Облыс, сондай-ақ республикалық маңызы бар қала тұрғындарының жалпы санынан жастардың ең қомақты үлес салмағы Астана және Алматы қалаларына, сондай-ақ Ақтөбе облысына тиесілі, мұнда 14 – 29 жас аралығындағы жастар 29 %-ды құрайды. Тұрғындардың жалпы санынан жастардың ең аз үлес салмағы Солтүстік Қазақстан облысына – 22 %, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарына 24 % келеді екен.
24%-ға шаққанда Қарағанды облысында жастардың саны 337 905 құрайды. Бұл – жалпы халықтың үштен бір бөлігі. Оның ішінде, қала жастарының саны – 262 620 (78%), ауыл жастары – 75 285 (22%) құрайды. Мәдени, материалдық құндылықтардан құр қалған ауыл жастарының көбі қала мәдениетіне сіңе алмай, маргинал кейіпке түсіп отыр.
Яғни жастардың рухани дамуы тоқырап тұр. Жастардың жоғын жоқтауды мақсат тұтқан мемлекеттік емес ұйымдардың қызметі мемлекеттік тапсырыс негізінде белгілі бір қызмет түрін орындаудан әрі аспай келеді.
Сондықтан да жат, адам ұғып болмайтын неше түрлі діни ағымдарға жастар кіріп кетіп, шырмалып шыға алмай жүр. Сонау бір жылдары Мәжіліс депутаты Асхат Бекеновтің: «Еліміздегі жастардың 60 пайызы түрлі діни ағымдардың жетегінде жүр», – деп дабыл қаққаны бекер емес-ті. Одан беріде бірер жыл жылыстап өткенімен, жастарға қырғидай тиген жат ағымдар біржола құрып кеткен жоқ. Екі мәдениеттің ортасында қалған маргинал жастар олардың жеміне айналған жоқ деп ешкім де кесіп айта алмайды.
Әлеуметтік мәселелері – өз алдына бөлек әңгіме. Айталық, «жұмыспен қамту органдарына келіп, жұмысқа орналасуға көмек сұрағандардың 52 пайызын 16-29 жас аралығындағы жастар құрайды» деген дерек бар. Жастар мәселесінде жауырды жаба тоқуға әсте болмайды. Құрғақ цифрлардың елдің ертеңі – жастардың ұлтын сүйген азамат болып қалыптасуына тигізер пайдасы жоқ. Өркениетті елдердің өзінде жастар саясаты тоқырап тұр деп, шешімін іздеп таба алмай жүрген мәселеде марғаулық танытпауымыз керек-ті.
Бүркіт НҰРМАҒАМБЕТОВ, саяси ғылымдардың кандидаты:
– Баспасөз қозғайтын тақырыптар сан-салалы болып келеді десек те, елдің іргесін бекітер болашағы саналатын жастарға қатысты тақырыптар өзегі қазіргі қоғамымыз қажет етер келелі мәселелердің бірі емес, бірегейіне жатады. Бүгінгінің де алтын арқауы – жастардың санасын қалыптастыру мәселесі. Жастық – адамның ерлік пен өрліктің, азаматтықтың салтанат құруын қалтқысыз діттейтін, қынапта жатқан ақ алмастың жарқ етіп, суырылған сәтіне пара-пар, болбыраған босбелбеулікті көтермейтін, қайрат пен жігер жанитын қуатты шағы. Халықтың арманы жетесіз ұл мен қиясыз қыз емес, семсер сүйіп серт берер, елінің мұқтажын жоқтайтын ұланды көксеумен де тікелей ұштасып жатыр. Рас, қазіргі күні жастар ақсап бара жатқаны жасырын емес. Сымдай тартылып жүрер азаматтың кейбір сәттерде есесін жіберіп, бекзаттық қалпын жоғалтып, нағыз қыз бен ұлға тән мінез көрсете алмауы – соның куәсіндей. Бесік жырын тыңдамай, ұнтақ сүт ішкен ұрпақтан биіктен шалар қасиет көре алмасымыз анық. Қазіргі жастардың саяси санасын қалыптастыруды көпшілік болып ойланған абзал.
Автор: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА, Қарағанды облысы
http://alashainasy.kz/society/43204/