АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Мәдениет саласы қызметкерлері марапатталды

акимҚарағанды облысында бір топ мәдениет саласы қызметкері кәсіби мерекесінде марапатқа ие болды. Облыс әкімінің жыл сайынғы сыйлығына ие болудан үміткер 100 шақты адам арасынан 22-сі іріктеліп шықты. Оларға сыйлық мереке қарсаңында салтанатты түрде табыс етілді.

 

Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Бауыржан Әбдішев мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Ол аймақта мәдениет пен өнерді дамытуға үнемі көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Жыл асқан сайын мәдениет саласын қаржыландыру ұлғайып, материалдық-техникалық база нығая түсуде. Осы жылдың өзінде ғана 6 млрд. теңге бөлінгенін айтады аймақ басшысы. Соның нәтижесінде мәдениет мекемелерінің келбеті елеулі өзгеріп, көркемөнерпаздар ұжымдарының деңгейі жоғарылай түскен. Жаңа технологияларды қолданысқа енгізу жөнінен облыс кітапханалары республикада алдыңғы орындардың бірінде. Музыкалық оркестрлерге және театр артистеріне өз шеберлігін одан әрі жетілдіру үшін гранттар бөлінуде.

Облыстың шығармашылық ұжымдары биыл Сербияда, Түркияда, Әзірбайжанда, Ресейде, Беларусь елінде, Украинада және Вьетнамда Қазақстан мәдениетін танытып қайтты. Ал жақында қарағандылық әртістер Францияда ТҮРКІСОЙ-мен ынтымақтастық ауқымындағы бірлескен жобаға қатысты.

Қарағандылықтарға «Музыкалы Сарыарқа» халықаралық фестивалі, Тәттімбет және Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық конкурстар, облыстық «Жас қанат», «Жұлдыз» байқаулары, көркемөнерпаздар ұжымдарының фестивальдары жақсы таныс. Астананың 15 жылдығына арналған шаралар, ұлттық театрлардың ІІ республикалық фестивалі, Қызылорда облысының мәдениет күндері ойдағыдай өтті.

— Мұның бәрі біздің облыстағы мәдениет деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Бұл сіздердің күнделікті қажырлы еңбектеріңіз бен шығармашылық қызметтеріңіздің жемісі, — деді аймақ басшысы.

Бұдан кейін облыс әкімінің сыйлықтары табыс етілді. Биылғы жылы комиссия қарауына қалалардың және аудандардың мәдениет және өнер ұйымдарынан, шығармашылық және қоғамдық бірлестіктерден 100-ден астам өтінім түскен болатын. Комиссия соның ішінен 22 үміткерді іріктеп алды.

«Жыл әртісі», «Таңдаулы эпизодтық рөл», «Жылдың театр режиссері»,  «Үздік аспапшы», «Аспапшы-солист»,  «Халық әндерін үздік орындаушы»  аталымдары бойынша аймақтың мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып жүргендер арнайы дипломмен марапатталып, ақшалай сыйлыққа ие болды.

Қ.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Қарағанды