АЛТЫНОРДА
Новости

Мағжанның өмірі мен шығармашылығы экрандалды

Алматы. 6 маусым. Baq.kz Алаш қозғалысы қайраткеркерлерінің бірі, ақын, қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған Мағжан Жұмабаев туралы алғашқы көркемфильм түсірілді.

Бұл ақынның 120-жылдығына арналып отыр. Кеңестік кезеңде есімін атауға тыйым салынып, тек еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана есімі қайта тірілген ұлы тұлғаның бейнесін бүгін халық экран арқылы көріп, оны басқа қырынан танығандай болды.

«Соры арылмаған халқының зарлы перзенті»,-деп ақынның өзі жырлағандай, фильмде Мағжанның қуғын-сүргінге ұшыраған ауыр тағдыры мен шығармашылығының шуақты кезеңдері бейнеленген. Кинокартинаны қолға алмас бұрын режиссер ақын шығармашылығымен, ол туралы жазылған тарихи деректермен жіті танысқан. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаевтың туыстарымен жиі кездесіп, ақынның адами қасиеттері туралы құнды мағлұматтар жинаған. Бұл ақын бейнесін барынша шынайы етіп ашуға ықпалын тигізген екен. Өткен жылдың қазан айында басталған түсірілім жұмыстары Мағжан Жұмабаевтың туған жері – Қызылжар өңірінде түсірілген.

Марат ҚОҢЫРОВ, режиссер:

— Мағжан – халқын сүйген, елім деп жырлаған ұлтжанды азамат, өте білімді, кемеңгер тұлға. Ол еш қиындыққа мойымайтын қайратты, қайсар жан болатын.

Дарын БОЛАТХАНҰЛЫ, актер:

— Мағжанның жас күніндегі оның шығармашылыққа енді араласып, оның қазақтың тағдыры үшін атсалысып жатқан кезеңдерін ойнау бұйырды маған. Ол кезде Мағжан Мәскеудегі көркемдік-әдеби институтқа түсті. Содан кейін солақай құрылған саясаттың құрбаны болып, қазақ үшін соққы болып жатқан кезде Мағжан ел үшін, ұлты үшін, ұлтының намысы үшін көптеген жағдайларды басынан өткізді.

24 kz