АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

МАЙДАННАН ТАРҚАМАЙ ТҰР МЫҢ-САН АДАМ

ukrainavstavai1Еуроодақты қалайтын Украина халқы әлі ашулы. Киевтің алаңдарын күндіз-түні босатпаған  жұрттың мақсаты айқын. Ол – биліктің Еуроодақ келісіміне қол қойып, Ресейдің ықпалынан біржола шығуы. Алайда, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмеуді ойлаған Украина билігі кімнің қолтығына тығыларын білмей дал.

Еуроинтеграцияны қол­дайтындардың саны күн өткен сайын өсіп барады. Тіпті оппозиция өкілдері наразылық танытушы топқа тамақ, жатын орны жағынан да көмек көрсетуде. Бір таңданарлығы, алаңдарға жиналған жүз мыңдаған адамдар ешқандай арандатушылыққа бой алдырар емес, кәдімгі бейбіт түрдегі мәдениетті шеру. Жас­тар жағы болашағын Еуропамен байланыстырғысы келетінін әнмен жеткізсе, оппозиция өкілдері Ресейдің езгісіне әрі қарай шыдай алмайтындығын ашық айтуда. Бұл тұрғыда украин халқының тілегі бір жерден шығатынын аңғару қиын емес. Алайда, ресейлік ақпарат құралдары жүрегі ұлтым деп соғатын украиндардың бұл наразылығын жабайылыққа теңегісі келеді. Мәселен, «Комсомольская правда» газетінің тілшісі: «Жан-жақтан тас лақтырып жатты. Еуропалық Киевке емес, бұзақысы көп Бішкекке келгендей сезіндім» деп мұқатып жазады. Бірақ та олар 21 қарашада басталған майданның кешегіге дейін ешқандай қарусыз өтіп келгенін қаперге де алмаған сияқты. Ал, «АиФ» газетіне пікір берген ТМД мемлекеттері институтының директоры Конс­тантин Затуллин: «Украина 2015 жылы өтетін кезекті президенттік сайлауға дейін  Еуроодаққа кіре алмайды. ЕО басшылары Януковичтің керек еместігін бірнеше рет анық аңғартты. Олар Украинаның экономикалық мәселеден туындаған қарызын төлеуден қашуда. Одан да ЕО үшін президенттік сайлауға түсетін оппозициялық топқа қолдау білдірген арзанға түседі. Украинаның Кедендік үштік құрамына төртінші мемлекет ретінде енуіне толық мүмкіндігі бар. Сол кезде ғана мемлекет жылына 10 млрд. АҚШ долларын үнемдей алады», – деп көсіле сөйлепті. Бұған қарағанда ресейлік тарап ЕО-ты қаралап әрі Украинаны жан-жақтан қыспаққа алып, өз саясатын сыналап жүргізе бастаған сияқты. Айтпақшы, Украинадағы Еуромайданға Ресей президенті В.Путин де өзінше баға беруге тырысқаны белгілі. Ол: «Киев алаңдарында өтіп жатқан шерудің Еуроодақ келісіміне қол қоюдан басталғанына күмәнім бар. Меніңше, бұл төңкерістен гөрі бүлікке жақын. Сондай-ақ акция бүгінгі жаңалыққа емес, 2015 жылы өтетін президенттік сайлауға дайындық іспеттес», – деп оппозицияны көтеріп тас­тады.

Өткен аптада Еуромайданның қатысушылары президент Януковичке импичмент жариялауды, премьердің отставкаға кетуін талап етсе де, екі «қошқар» да орнынан қозғалған жоқ. Тіпті, ТСН интернет сайты «Азаров биліктен кетті» деп бейресми бейнематериал жариялап, қоғамды дүрліктіріп қойған еді. Алайда, бұл ақпараттың жаңсақ екені белгілі болды. Шерушілердің басты талаптарының бірі – Николай Азаровтың украин тілінде сөйлемеуі. Сөйлегісі келмеуіне тыйым салу. Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiру туралы қарарды қараған Жоғарғы Раданың 186 депутаты үкiмет отставкасын  қолдағанмен, қызметiнен кетiру үшiн 40 да­уыс жетпей қалған. Мұны естіген шерушiлер үкiмет пен президент орнын босатпайынша, райынан қайтпайтындығын жеткізді. Бұған дейін үкіметтік ғимараттарды жаулап алған олар министрлер кабинетін таратуды және мерзімінен бұрын президенттік, парламенттік сайлау өткізу күнін белгілеуді талап еткен болатын. Ал оппозиция көшін бастап тұрған «Удар» партиясының лидері Виталий Кличко: «Украина еуроинтеграция процесін міндетті түрде жалғастыруы қажет. Себебі, Янукович бізді Ресейдің қоластына кіргізбекші» десе, «Батькивщина» фракциясының басшысы Арсений Яценюк: «Оппозиция билікпен бір үстелдің басында отырып сөйлесуге дайын. Президент саяси сотталғандарды босатуы керек. Сондай-ақ майданда арандатушылыққа жол берген кінәлілерді жазалап, елдi үшiншi мемлекеттерге сатып, еуропалық болашаққа деген үмiттi өшiргенi және экономикалық дағдарысқа ұрындырғаны үшiн үкiметтi отставкаға кетiру керек. Егер билік екі күн ішінде осы талаптарды орындауға құлық танытпаса, оппозиция Межигорьедегі президенттің резиденциясын да басып алады», – деген.

Ол ол ма, «The Economist» журналының редакторы Эдвард Лукас өзінің Твиттердегі парақшасы арқылы: «Президент Виктор Янукович Кедендік одаққа ену туралы Ресеймен келісімге қол қойды» деген ақпаратты таратып жіберіпті. «Януковичтің Сочи қаласында Ресеймен 5 млрд. АҚШ доллары көзделетін стратегиялық келісімге қол қойғандығы туралы естідім. Көгілдір отын мәселесі де қозғалып, шешімін тауыпты. Ал Украина Кедендік одаққа Януковичтің президенттік өкілеттілік мерзімі бітетін уақытта, яғни, 2015 жылға дейін кіретін болды» деп жазыпты ол. Мұны естіген жұрттың ойы сан-саққа жүгірген. Алайда, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл ақпаратты теріске шығарып, екі жақты кездесу барысында Кедендік одақ туралы мәселенің күн тәртібіне қойылмағанын мәлім етті. Өз тарапынан пікірдің жаңсақ екенін жеткізгісі келген Азаров шетелдік басылымдарға: «Біздің президент Қытайдан қайтар жолда Сочиге ат басын бұрды. Онда Ресей Федерациясымен стратегиялық әріптестік орнату үшін үлкен келісімге деген дайындық пысықталды. Бұл – экономикалық-сауда жүйесіндегі кертартпаларды жоятын жол картасы. Сондай-ақ президент газ саласындағы қарым-қатынасымызды реттеу жұмысын да жалғастыруда», – деп ақтап алуға тырысыпты.

Янукович экс-президенттердің көмегіне зәру

 

Айтпақшы, Киевтегі Еуромайданда Грузия экс-президенті Михаил Саакашвилидің де төбесі көрінді. Ол «Удар» оппозициялық партиясының басшысы Кличко және Молдова экс-премьер-министрі Влад Филатпен кездесу кезінде Украинадағы жағдайды путиндік Ресейдің рейдерлік түрде жаулап алуы деп түсіндірді. «Біз Украинаның ішкі мәселесіне араласпаймыз. Бірақ Украина үшін Еуропадан басқа жолдың жоқ екендігін бәрі біледі. Себебі, бұл принциптер мен құндылықтар таңдауы. Сондықтан да бүкіл әлем Украинаның тағдырына алаңдап, көмек көрсеткісі келеді» деген қолдауын білдірген.

Тығырыққа тірелген Янукович Украинаның бұрынғы үш президенті – Леонид Кравчук, Леонид Кучма, Виктор Ющенко төртеуі бірігіп, елдегі күрделі жағдайдан шығудың жолын қарастыруға тырысты. Ортақ пікірталас кезінде экс-президент Ющенко Еуроодақпен қауымдастық жөніндегі келісімді бөліп қарастыру керек екендігін айта келе: «Бұл келісім саяси (қауымдастықтың өзіне қатысты) және экономикалық (еркін сауда аймағына) аясында талқылануы керек. Украина еуроинтеграциядағы курс жөнінде нақтылап алғаны дұрыс. Басқа ешқандай балама қарастырылмайды. Бұл негізгі стратегиялық ұлттық курс. Сондықтан да саяси мәселені экономикадан бөліп алу қажет» деген Ющенко мұны Еуроодақ өкілдерімен талқылауға шақырды. Бір айта кетерлігі, мәселені шешудің бұл тетігін 2009 жылы ЕО-тың өзі ұсынғанмен, Украина құп көрмепті. Ал 2011 жылы алғашқы қадамға Украина барғанда ЕО тарапынан қолдау таппаған. Осы кездесуден кейін президент Янукович сәрсенбі күні арнайы делегацияның Еуроодақпен келіссөздер жүргізу үшін Брюссельге сапарлатуы мүмкін екенін жеткізді.

Сондай-ақ экс-президент Ющенко: «Халықтың бейбіт акцияға шығуына конституциялық құқы бар. Майданда тұруға да заңдық тұрғыдан рұқсат берілген. Сондықтан Еуромайданды қуып, балаларды ұрып-соққандар жазасын алуы тиіс», – деді. Оның пікірінше, президенттің қазіргі жағдайды түзеп, ЕО-пен келісімге келуіне уақыты да, мүмкіндігі де бар. «Егер біз Ресейдің ұсынысын қабыл алсақ, онда біздің ешқандай саяси міндетіміз қалмайды. Құқымыз тапталып, сайлауды әділ өткізуге деген кепілдік болмайды, ең сорақысы жаңашаландырудан қалыс қаламыз. Алайда, Януковичтің Ресейден ат құйрығын кесетіндігіне сенімді емеспін» дегенді айтты. Ол украин халқының көңілінде тұрған жайтты да естен шығармады. «Тимошенко төңірегіндегі мәселе ЕО-пен жақындасуды қиындата түспек. Осы тұрғыда ЕО-дың экс-премьерді босату жөнінде шарт қоюы да дұрыс емес. Өйткені, бұл саяси мәселе» деген ойын ашық білдірді.

 

Еуромайданнан тыныштық кетті

 

Дәл осы уақытта Киевтегі жағдай өршіп тұр. Тәртіп сақшылары жарылғыш зат қойылмас үшін қаладағы екі метроны да жауып тастады. Ал шерушілер мен полиция арасында қақтығыс орнады. Алаңда ондаған жедел жәрдем қызметі мен жергілікті шіркеудің қасынан медициналық пункт ашылған. Ішкі істер әскері штабы басшысының орынбасары Александр Олещенко әскери қызметкерлерге Еуромайдандағы шеруді тоқтату туралы бұйрық берілген жоқ деп мәлімдеді. Алайда, үш аптаға жуықтаған Еуромайданды торуылдап шаршаған «Бүркіт» арнайы жасағы лап қойғаны белгілі болды.

Оппозициялық «Миллиондар шеруінің» мүшелері президент әкімшілігі мен Министрлер кабинетінің маңайын қоршап, жаппай шатырлар орнатуға кіріскен. 8 желтоқсан күні Бессарабс алаңына жиналған халық биіктігі үш метр Лениннің ескерткішін құлатып, бөлшектеп, орнына Украина мен Еуроодақтың туын тігіп, әнұранын шырқаған-ды. Украина тәуелсіздігін жариялағалы 22 жыл өтсе де, құлдық санадан бойы аулақ ұлттың қала орталығындағы Лениннің ескерткішін әлі күнге алдыртып тастамағаны қызық жағдай.

Тіпті, феминистік оппозиционер қыздар көшенің қақ ортасында Янукович суретінің үстіне кіші дәрет сындырып, жұрттың таңқалысын тудырған. Мұны астамшыл пиғылмен айтқан ресейлік журналистер: «Осы да еуропалық құндылық па? Әлде, демократия, еркіндік, толеранттылық деген осы ма? Бәлкім, келесі жолы бұдан да сорақысын жасайтын шығар. Бұл жерде ешқандай да Еуропаның иісі шығып тұрған жоқ…», – депті.

Киевте милиция мен әскери жасақтар үкімет үйінің маңайын қоршауға алды. Алаңға тек қолында куәлігі бар азаматтарды ғана өткізуге рұқсат берілген. Ал қарапайым көліктердің әрі-бері жүруіне тыйым салынды. Тап қазір осы төңіректі күш құрылымдарының 20 автобусына мінгендер қатаң бақылап отыр. Соның арқасында үкімет мүшелері мен министрлер жұмысына жан біте бастаған сияқты. Алайда, «Свобода» жалпыукраиндық бірлестігінің жетекшісі Олег Тягнибоктың айтуынша, кеше алаңда он шақты адам жарақат алған. «Құқық қорғаушылар  бізді жеңілді дейді, бірақ біз ертең тағы да келеміз. Олар қаншалықты күш жұмсаса, халық та соншалықты болады», – деді саясаткер. Кейбір деректерге қарағанда, қазір майданда «Миллиондар шеруі» бас­тау алған. Оның қатары 1,5 млн. халыққа жетуі мүмкін. Ал зардап шеккендердің саны 412-ге жетіпті.

Елімізден саясаттанушы Мұхтар Тайжан бастаған бір топ жігіттер де Еуромайданның ортасында жүр. Жергілікті халықтың патриоттық рухының асқақ екендігіне көз жеткізген саясаттанушы: «Украин халқы қайсар ұлт екенін бүкіл әлемге тағы да дәлелдеді. Шеру мәдениетті өтіп жатыр. Халық бір-біріне күліп, ән айтып жүр. Бәрі украин тілінде, орысша бір сөз жоқ. У-шу, лаң көтергендерді көрмедік. Алаңда палаткада ыстық тамақ, кофе, шай тегін берілуде. Жергілікті халық жылы киім әкеліп жүр» деген ойымен бөлісті.

Еуромайданды күштеп тарқату әрекетiн Еуроодақ пен НАТО қатты сынға алды. «Бейбiт шерушi­лерге қарсы күш қолдануды айып­таймыз. Барлық партияларды зорлық-зомбылық пен арандату әре­кеттерiнен бас тартуға шақырамыз», – дедi НАТО-ның бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен. Ал сейсенбіде майданға арнайы келген Еуроодақ дипломатиясының басшысы Кэтрин Эштон оппозиция жетекшілерімен кездесіп, одан соң президент Януковичтің де жеке қабылдауында болды.

Қазір елде жәрдемақы, зейнетақы төлеу мәселесі кейінге шегерілген. Айта кету керек, ашуына мінген премьер Азаров бір сөзінде: «Егер майдандағы шеру тоқтатылмаса, мемлекет бюджет қызметкерлері мен студенттерге, зейнеткерлерге тиісті ақшасын бере алмайды. Себебі, шерушілердің мемлекеттік ғимараттарды, ең алдымен үкімет пен қаржы министрлігін жаулап алып, жұмыс істеуіне кедергі келтіруі жәрдемақы мен зейнетақыны кешіктіруге мәжбүр етті. Тағы бір айта кететінім, 1 желтоқсаннан бастап зейнетақы 55 гривеньге көбейіп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға жәрдемақы 192 млн. гривеньге артады. Үкімет еліміздегі аяқасты туындаған оқыс жағдайға да қарамастан өзіне жүктелген міндеттерді орындап отыр» дегенді жеткізді. Бір-екі күндікте Украина бірінші вице-премьері Сергей Арбузов бастаған министрлер кабинеті ЕО қауымдастық жөнінде келісімді жалғастыру жөнінде тапсырма алды.

«Удар» партиясының жетекшісі Виталий Кличконың журналист Альбина Кирилловаға Еуромайдан туралы айтқан пікірін қысқаша беріп отырмыз.

 

Виталий Кличко, «Удар» партиясының жетекшісі: 

«Біз жемқорлық өршіген мемлекетте өмір сүргіміз келмейді»

 

– Егер Янукович отставкаға кетпесе, әрі қарайғы әре­кеттеріңіз қандай болмақ? 

–  Біз әрекетке кErөшіп кеттік. Қазір митингінің ауқымы кеңейді. Майдан әкімшілік ғимараттарды жаулап үлгерді. Ол жерді біздің адамдар түні бойы күзетеді. Керек болса, бір апта, бір ай тұруы мүмкін. Біз бұл шеруімізге биліктің назарын аударғымыз келеді. Алаңға жүз мыңдаған украин ұлтының өкілдері жиналды. Егер қажет болса, миллионға жеткіземіз. Және олар: «Біз жемқорлық өршіген мемлекетте өмір сүргіміз келмейді. Біз әрбір украин азаматы жақсы өмір сүретін заманауи елде тұрғымыз келеді» деген ойын айтуда. Мұны құптамайтын, қолдамайтын халық жоқ.

– Ленин ескерткішінің бұзылуына қатысты не айтасыз? 

 

–  Бір нәрсе айтқым келеді. Біз қиратуды емес, тұрғызуды ойлауымыз керек. Ал бас-көз демей бұзып жатқандардың іс-әрекетінің дұрыс не бұрыс екендігін ертеңгі ұрпақ бағалайды. Егер шынымды айтсам, Ленин ескерткішінің маған зияны жоқ. Оған пионер кезімде келгем. Бұл да бір өткен күннен естелік шығар. Бірақ бұл идеологияның уақыты өтіп кетті.

Динара Мыңжасарқызы

http://www.turkystan.kz