АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Мақсұт Сұлтанұлы НӘРІКБАЕВ

M.S.NarikbaevҚазақстан жұртшылығы ауыр қазаға ұшырады. 76 жасқа қараған шағында Қазақстан Республикасының белгілі саяси және қоғам қайраткері, заң ғы­лымдарының докторы, құ­қы­қтану профессоры, академик Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев дү­ниеден өтті.

Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев 1940 жылы 30 наурызда Тал­ды­қорған облысының Еркін ауылын­да туған.

Еңбек жолын 1959 жылы Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия комбинатында такелаждаушы ретінде бастап, кейін Талдықорған облысының мәдени-ағартушылық мекемелері мен бұқаралық ақпарат құралдарында әртүрлі қызметтер атқарды.

1973 – 1987 жылдары Тал­ды­қор­ған қаласының прокуратурасында аға тергеуші, Талдықорған облысының адвокаттар алқасының мүшесі, заң консультациясының меңгерушісі, Талдықорған облысы Қаратал ауда­нының халықтық судьясы болып жұмыс істеді.

1987 – 1995 жылдары Мақсұт Сұл­танұлы Нәрікбаев Әділет ми­нистрлігінде, Бас прокуратурада, Қазақстан Республикасы Прези­ден­тінің Әкімшілігінде және Минис­трлер Кабинетінде басшы лауазымдарды атқарды.

1995 жылғы қазанда Қазақстан Республикасының Бас прокуроры болып, ал 1996 жылғы маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы болып тағайындалды.

2000 жылы М.С.Нәрікбаев бүгінде елімізде заңгер мамандарды даярлайтын іргелі оқу орындарының бірі саналатын Қазақ гуманитарлық заң уни­верситетінің негізін қалады әрі оның ректоры, басқарма төрағасы болды.

2001 жылы М.С.Нәрікбаев «Құқықтық Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысын құрып, 2004 жылғы сәуірден бастап оның үйлестіру кеңесінің төрағасы, құрметті төрағасы, «Әділет» республикалық демократиялық партиясының тең төрағасы болды.

Ол қоғамға сіңірген еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат» ордендері, «Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы сияқты жоғары үкіметтік наградалармен марапатталып, бірқатар медальдар мен құрметті атақтардың иегері атанды.

Мақсұт Сұлтанұлы Қазақстан Республикасының құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуына елеулі үлес қосты, елдегі қо­ғамдық-саяси процестерді дамыту мен азаматтық қоғамды қалыптастыруға белсенді түрде атсалысты.

Мақсұт Сұлтанұлы Нәрік­баевтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы

Айбарлы еді арысым

Жаны жайсаң азамат, адал дос Мақсұт Нәрікбаевпен Украинаның Днепродзержинск қаласындағы техникалық училищеде бірге оқыдық.

Спортты жанына серік етті. Бізді жанына үйіріп, спорт залына талай бастап барғаны күні кешегідей есте. Ол табиғатынан қандай қарулы болса, ішкі әлемі де сондай мықты болатын. Бірақ, соған қарамастан, жанының өте нәзік екенін де қайсыбір жағдайларда байқап та қалатынбыз. Оның өнерге, музыкаға, шығармашылыққа жақындығы да осы қасиетінің анық белгісі деп білемін.

Ол досқа қоң етін кесіп беруге бар ақжүрек азамат еді. Сенімді-тұғын. Ол барда арқамызды асқар тауға тірегендей болып жүруші едік. Айбарлы еді арысым…

Днепродзержинск қаласынан Теміртауға келгеннен кейін мен құю кранының машинисі, ал Мақсұт болса Қарметкомбинат құрылысының такелаж жұмысшысы болып еңбек етті. Тумысынан алғыр азамат қиындық атау­лыдан қаймықпайтын өр мінезді еді. Небір күрмеуі қиын шаруалардың шешімін табуға келгенде екі білекті сыбанып, қойып кететін жүректілігін, шешімгерлігін ерекше атап айтқым келеді.

Мақсұт Нәрікбаев өзінің саналы ғұмырында Елбасының сенімді серігі болып, Қазақстан мемлекетінің тұғырлы болуына заңгер ретінде, қайраткер санатында өлшеусіз еңбек сіңірді.

Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, арысым.

Алтынбек АСАНОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген

металлургі.

Қарағанды.

Максут Нарикбаев-5Саясаткер. Ғалым. Ұстаз­

Мақсұт Сұлтанұлы Нәрік­баев өмірден озды. Бұл барлы­ғымыз үшін орны толмас, ауыр қаза. Ерекше дарынды, жарқын жүзді ғажап адам, нағыз кә­сіпқой, саясаткер, ғалым жә­не педагог, аса қадірменді әріп­тесіміз әрі ұстазымыз бақиға аттанып кетті.

Мақсұт Сұлтанұлы Нә­рік­баев еге­мен Қазақстан та­рихындағы бел­ді тұлғалардың бірі болды. Оның қазақстандық құқықтық жүйеде алар орны мен ғылыми ортадағы, қоғам өміріндегі сіңірген ерен еңбегі өз алдына орасан. Ол өзінің бар өмірін, көп қырлы дарынын, терең білімі мен шы­ғармашылық шабытын Отанға және туған халқына адал қыз­мет етуге арнады.

Бүгінгі күннің биігінен қарағанда үлкен саясаткер мен ірі ғалымның басты өмір белестері көз алдымызда сайрап жатыр. Еліміздің қоғам­дық-саяси өміріндегі жемісті қыз­меті, мемлекеттік-құқықтық институттардың құрылуы мен дамуына бел шеше белсенді атсалысуы, заң ғылымының және білім беру ісінің дамуына орасан үлес қосуы Мақсұт Сұлтанұлының еліміздегі ең бір белді де беделді құқықтанушы деңгейіне көтерілуіне ықпал етті.

Құқыққа және заң ғы­лымына қыз­мет ету оның өмі­рінің мәніне айналды, өз орнын тап осы ғылымнан тапқан ол тамаша кәсіби мектептен өтіп барып, кәсіпқой тұлға ретінде қалыптасты.

Заң ғылымдарының докторы, профессор Нәрікбаев үлкен ғылыми ортаға апарар жолды бір кездері қалалық прокуратура тағылымдамашысы мен аға тергеушісінен баста­ған болатын. Бұдан кейін адвокаттық іспен шұғылданып, сот жүйесінде жұмыс жасап, орталық мемлекеттік ор­гандарда қызмет етті. Қай орта­да қызмет етсе де оның басшылық жасау және ұйым­дастырушылық дарыны, күш-жігері, бастамашылдығы, жау­ап­кершілігі ерекше ай­шықталып тұратын.

Егемен мемлекетіміздің құқықтық реформасының ма­ңызды бастамалары жүзеге асырылып жатқан сындарлы кезеңде Мақсұт Нәрікбаев еліміздегі заңдылық пен әділ сот төрелігінің үстемдік құруының бас­тауында тұрды. Жоғарғы қадағалау органын бас­қара отырып, прокуратураның қоғам өміріндегі рөлі мен орнын ны­ғайтуға, оның қызметінің ұйым­дастырушылық-құқықтық не­гіз­дерінің кү­шею­і­не, про­курорлық қада­ғалау ісінің тиімділігінің артуына сү­белі үлес қосты.

Бұл прокуратураның қоғам өмі­ріндегі орнын анықтап берген маңызды өзгерістер мен шешуші оқиғалардың уақыты болатын. Сапалық жағынан жаңа және тиімді прокуратура жүйесін құру жөніндегі стратегиялық міндеттер тү­бегейлі жаңа және сабырлы шешімдерді, мақ­сатқа бағыт­талған және көп еңбекті талап етті. Қадағалау органының бі­рін­ші басшысынан бұл үлкен жауап­кершілікті талап етті. Ал Мақсұт Сұл­танұлы шынайы кәсіби шебер және талантты басшы ретінде бұл міндетті де ойдағыдай жүзеге асырды.

Көбінесе оның табандылығы мен принципшілдігінің ар­қасында прокуратура құқық қорғау жүйесінің негізгі инс­­титуттарының біріне айналды. Дәл осы кезеңде прокуратура органдары үшін өте маңызды нормативтік құ­қықтық акт – «Қазақстан Респуб­ли­касының прокуратурасы туралы» Қа­зақ­стан Республикасы Пре­зиден­тінің Заң күші бар Жар­лығы қабылданды.

Жастардың тәлімгері болу да оның жан-жақты қызметінің маңызды қырларының бірі болды. Мақсұт Сұлтанұлы шабытты еңбегі мен тынымсыз жүрегінің он бес жылын өзінің сүйікті төл тумасы – Қазақ гуманитарлық-заң университетіне арнады. Елі­міздің алдыңғы қатарлы заңгерлік жоғары оқу ор­ны­ның жетекшісі ретінде ол оқу орнының қалыптасуына, қазіргі заманғы жо­ғары білімді мамандарды даярлауға көп күш салды. Университет көптеген студенттердің алтын ұясына айналып, республикамызға танымал құқықтанушыларға өмірлік жолдама беріп, тәрбиелеп шығарды.

Мақсұт Сұлтанұлын прокуратура қызметкерлерінің көптеген буыны сыйлап, құр­меттейді, олар үшін білгір ұс­таз және тәлімгер бола біл­ді. Көптеген шәкірттері үшін оның есімі мен беделі жо­ғары та­лант пен кәсібиліктің бейнесі болып қала бермек. Оның әдептілік, кең­пейіл­ділік, адамдарға деген ыстық ықы­­лас, өмірге құштарлық тә­різді кере­мет адамгершілік қа­­сиеттері әріптестерінің ара­­­сында үлкен құр­метке ие болған еді. Біз өзіміздің әріп­­тесімізді осылай есте сақ­тай­мыз. Ғажап адам және әріп­тесіміз Мақсұт Сұл­танұлы Нә­рікбаевтың жарқын бей­несі біз­дің жүрегімізде мәңгілік сақ­­талады.

Андрей Кравченко,

Қазақстан Республикасы

Бас прокурорының

орынбасары.

Өзіндік ізін қалдырды

Еліміздің тәуелсіздігін ны­ғайтып, шаңырағымызды биік­тетіп, керегемізді кеңейтуге үлкен үлес қосқан заң ғы­лым­дарының докторы, профессор, Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңір­ген қайраткері Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаевтың дүниеден өтуі бар­ша қазақстандықтардың қа­бырғасын қайыс­тырды. Бұл қа­заны әсіресе марқұмның кіндік қамы тамған Талдықорған жұрт­шылығы ауыр қабылдады.

Саналы ғұмырын елге қыз­мет етуге арнаған Мақсұт Сұлтанұлының өмір жолы өзгеге өнеге екендігі сөз­сіз. Әр жылдары түрлі лауазымды қыз­меттерді абыроймен атқарып, ел мерейін еселетуге бір кісідей атсалысты. Тәуелсіз Қазақстанның Әділет және сот жүйелерінің қалып­тасуына зор үлес қосып, өзіндік ізін қалдырды.

Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында, туған ауылында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған мемориалды ескерткіштің салтанатты ашылуына арнайы қатысып, ел ықыласына бөленді. Сондағы «ауылымның түтіні маған әрдайым ыстық және күш-жігер береді», – деген сөздері бар­шамыздың жадымызда сақталады. Абайша айтқанда, өлді деуге сыймайтын тұлғалардың бірі болып қалыптасқан Мақсұт Сұлтанұлының артында қалған туған-туыстарының қайғысына барша талдықорғандықтар ор­тақтасып, көңіл айтады. Мар­құмның жатқан жері жайлы болып, топырағы торқа болсын!

Ермек АЛПЫСОВ,

Талдықорған қаласының әкімі.

 Еңбегі орасан

Мақсұт Сұлтанұлын еліміз тәуелсіздік алған жылдары елге ерен еңбек сіңірген жандардың қатарында тұрған адам деп білемін. Ол зерек заңгер, ғалым, қайраткер, өрелі азамат еді ғой. Тәуелсіздік жылдарында алғашқы қабылданған заңдар мен сот жүйесін қалыптастыру саласына орасан еңбек сіңірді. Сот жүйесінің аяғынан тік тұрып, құрылымдық жағынан да, мазмұны мен мәні жағынан да қалыптасуына дем берді. Сонау егемендіктің алғашқы жылдарында түрлі заңдарды қабылдау кезінде де білек түре қызмет етті. 1994-96 жылдары бірқатар заңдардың қабылдануына тікелей өзі бас болып араласты. 1995 жылы қазан айында Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің Бас прокуроры болып тағайындалды. Осы кезеңде ол заңдылықты қадағалау ісіне барынша зор үлес қосты. Ал 1996 жылы Парламент Сенатының шешімімен Жоғарғы Соттың Төрағасы болып тағайындалды. Міне, осы кезеңдері халыққа жаңа қырынан таныла білді. Елде сотқа деген сенім ұлғайды. Әділдік биік тұғырға көтерілді десем артық айтқандық емес.

Мақсұт Сұлтанұлы кейін партия ісінде де өзін жан-жақты көрсете білді. Ол алғашқыда «Құқықтық Қазақстан үшін» атты қоғамдық бір­лес­­тік құрды. Ал 2004 жылғы сәуір айында «Қа­зақстан демократиялық партиясының» құрылтайында оның төрағасы болып сайланғаны есімізде сайрап тұр. Сайлау демократиялық жолмен жүруі керектігі туралы да ерекше айтқан жан. Сол тұста аймақтық сайлау жүйесі енгізілді елі­мізге.

Қазақтың қайнаған ортасынан шыққан адам болғандықтан ел үшін барын салып еңбек етті ғой. Мемлекеттік тілге ерекше жанашырлық танытқаны өз алдына бір төбе. Қашанда айна­ласындағыларға қамқорлық танытып, мей­рімділігімен ерекшеленетін еді. Үлкен тұлға еді ғой. Елбасымыздың серіктесі, өзі өмірдің барлық сынынан өткен, нарыққа сай өшпес әдістемелік оқу құралдарын жазып кетті.

Ол үлкен меценат адам еді. Бұл туралы оның көзқарасы да жоғары болатын. Қашанда халыққа қайырымдылық көмек көрсетіп жүруші еді. Жаңа оң бастамалар бойынша үнемі алдыңғы қатардан көрінді. Мына алқа билер соты атауын енгізген де Мақсұт Сұлтанұлы. Алқа билер сотын қалыптастыруда да өте көп еңбек сіңірді. Әрине, енді қазақ халқына Мақсұт Сұлтанұлы секілді жан қайтып келмесі анық. Ол кісі қайтыс болды дегенде бәріміздің жүрегіміз ауырды. Оның қазаққа, елімізге, егемендігімізге, тәуелсіздігімізге қосқан үлесі үлкен. Сондықтан Мақсұт Сұлтанұлы жүрегімізде, ойымызда сақталып қалады. Жатқан жері жарық болсын, топырағы торқа болсын дейміз.

Қабылсаят ӘБІШЕВ,

заңгер.

Нағыз қайраткер болатын

Мен Мақсұт Сұлтанұлын 1990-шы жылдар­дың басынан білемін, жақын танысуымыз 1993 жылы 12 тамызда Сарыағаш аудандық сотының бастамасымен өткізілген республикалық семинар-кеңесте басталған еді. Осы семинарға сол кездегі Әділет министрі Н.Шайкенов пен Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты құқық бөлімінің меңгерушісі М.Нәрікбаев қа­тысты. Міне, сол уақыттан бері Мақсұт Сұлтанұлымен қызмет бабында жиі араласып тұратын едік.

Ол кісі үлкен азамат еді ғой. Ірі қыз­меттерде жұмыс істеді. 1995-2000 жылдары Бас прокурор, Жоғарғы Сот Төрағасы тәрізді жоғары лауазымдарды абыроймен атқарды. Соңынан Жоғарғы Сот Кеңесін басқарып, Президент жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңесінің және Қазақстан Республикасы Парламенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның мүшесі, Пар­ламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата төрағасының орынбасары қыз­меттерін де атқарды.

Иә, Жоғарғы Соттан кейін М.Нәрік­баевтың қызметі, ең алдымен, білім беру жүйесімен байланысты болды. 2000 жылғы шілде айынан бастап ол Қазақ гуманитарлық заң университетін басқарды. Оның жетек­шілігімен алты заң ғылымдарының докторы және он ғылым кандидаттары даярланды. Мақсұт Сұлтанұлы мемлекет алдында сіңірген еңбегі үшін «Парасат», II дәрежелі «Ба­рыс» ордендерімен марапатталғаны белгілі.

Қоғамдағы сан қырлы қызметі мен ұйымдастырушылық қабілетіне қарап Мақ­сұт Сұлтанұлының нағыз азамат ретінде айқындалғаны сөзсіз. Бұған оның тәуелсіз мемлекеттің дамуында маңызды рөл ат­қаратын заңнаманың қалыптасуы мен жүзеге асырылуына, сот жүйесін, заң ғылымдары мен құқық қолдану тәжірибесін реформалауға қосқан ерен еңбегі куә екені анық. Алайда, сұм ажал оны арамыздан жұлып әкетті. Мақсұт Сұлтанұлы біздің есімізде әрдайым қалады, ол біздің жүрегімізде.

Есберген АЛАУХАНОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының

докторы.

http://egemen.kz/