АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Малы қырылған Мамытбеков «Агробизнеспен» айналысып абырой таппақ па?

Ежелден қазақтың тұтыным тауарының негізі болып, ең басты күнкөріс көзіне айналып келе жатқан мал шаруашылығы саласы қазір Жылан жылының «Жыл тақырыбы» деуге өз-өзінен сұрана кеткендей. Даудың басы – Павлодар облысындағы жұт. Отандық журналистердің тоқпағы астында мыңқ етпестен ұйқысын қандырып отырған кейбір Мәжіліс депутаттарының көзін тырнап ашқан бұл мәселе Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековті бір сілкілеп алуға арқау болды.

Тіпті, олар: «Мамытбеков өз еркімен отставкаға кетсін!», – деп «бүйректен сирақ шығаруға» біраз әуестеніп бақты. Үнсіз қалғаннан гөрі қарымта қайтаруды құп көрсе керек, министр мырза да өз кезегінде: «Павлодар облысындағы жұт шаруалардың қолынан жасалған!», – деген уәжін көлденеңінен көлбеңдете қойды.

«Ол мәселені тағы бөлек қарайтын боламыз. «Жұт» деп жүргендері – екі шаруа қожалығындағы жағдай. Олар «535 мал өлді» деп мәлімдеген. Бірақ, қазір қырылған 250-ге жуық мал басы анықталып отыр. Қалғандарының тұяғы да, сүйегі де жоқ. Бұл жерде жағдай бұрмаланған. Шын мәнінде, малдың иелері – басқа адамдар. Олар біреудің малын бағып отыр. Енді келіп: «Шығынды Үкімет өтеп берсін!», – деп шу шығаруда. Олар бір тонна да шөп дайындамаған…». Министр мінберінен естілген үннің бір ырғағы осындай. Бұл ретте, ол берілетін көмек қарапайым халықтың салық ақшасы болатындықтан, оған қатысты мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын алға тартты. Ренжіңкіреп айтқан бірсыпыра сөздерінің ішінен бізге: «Біреудің есебінен біреуге көмек беру дұрыс емес деп ойлаймын», – деген тұсы ұнап қалды. Гәптің қалай түйінделері әзірге белгісіз.

Ал, бүгінде С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде өзінің де ерігіп отырмағанын дәлелдегісі келгендей, Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы басшысы Ақылбек Күрішбаев бұл тақырыпқа қатысты екінші мәселенің ұшын қылтитты.

«Екі жыл бұрын «ҚазАГРО» ҰБХ-ның елге сырттан көп көлемде мал сатып әкелу туралы жасап жатқан жобасына аграрлық сала ғалымдары мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің сол кездегі басшылығы қарсы болған. Бірақ, оны ешкім ескермеп еді…», – дейді ол. Бұлай деуіне биыл Үкіметтің Австриядан әкелінген барлық малды төлімен бірге жою жөнінде Қаулы шығарып отырғаны себеп болды.

Басынан бастасақ, 2012 жылдың қыркүйе­гін­де Сол­түстік Қазақстан облысының «Ленов» ШҚ мен «Полтавское» ЖШС-на Австриядан 722 бас сиыр әкелінген. «Республикалық ветеринарлық зертхана» РМҚ және «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» ММ қоздырғыш вирустық диареясы мен Шмаленберг ауруын анықтап, ірі қаралардың бәрі карантинге қойылды. Сөйтіп, асыл тұқымды мал сатып алғыштар орасан шығынға батып шыға келді. Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, сол тұста тек отандық малдардың тұқымын жақсартып, селекциялық процесстер үшін сырттан шектеулі көлемде ғана, тек жоғары сапалы асыл тұқымды малдарды сатып алу керек еді. Енді бұл қателіктің салдарынан кеткен шығынға Австрияның өтемақы бермеуі мүмкін екен.

Міне, ел шаруа қожалықтарының бірі қақаған қысты күтпегендей кейіппен тектен-текке «жұт» жасап алып отырса, екіншілері «өзгенің қаңсығын таңсық көріп», шеттен жеткен ауру-сырқау малдардың зардабын тарта түсті. «Қой көрмеген қуалап өлтіредіге» сүйеніп, амалсыздан «өз обалдары – өздеріне» дегің-ақ келеді. Ал, ауыл шаруашылығының бұрынғы һәм бүгінгі министрлері «менікі дұрыс» деуден танар емес. Сөздеріне сенсек, Ақылбек те, Асылжан да мықты. Әйтеуір, қарап отырмайды…

P.S. «Тапқан – тапқандікі, ешкі – баққандікі». Жақсы тәмсіл. Бірақ, біздің жігіттердің шеттен тауып та, өзіміздікін бағып та жарытып жатпағаны айқындалды. Енді «Агробизнес-2020» атты жаңа бағдарламамен айналысу жағын қатыратын шығар?.. Бұлай дейтініміз, елеулі іспен көзге түскеннен гөрі тасадан табыс тауып отыра беруге бейім шенеуніктеріміз үшін «бизнес» дегеніңіз – жағымды атау ғой, шіркін!

 

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

http://www.ulttimes.kz/i