Қазіргі әлемде қалыптасқан геосаяси ахуал ешкімді бей-жай қалдырмақ емес. Жер шарының кейбір аймақтарында орын алып отырған шиеленістерге жекелеген ірі мемлекеттермен қоса, одақтардың да белсенді араласуы әлемдік геосаяси аренада өзара текетіреске де соқтыруда. Біз қазіргі әлемдегі жағдайлар мен елімізге қатысты бірер сұрақпен белгілі саясаттанушы, Мәжіліс депутаты Камал БҰРХАНОВҚА жолыққан едік.
– Камал Низамұлы, әлемдік экономика өсімінің бәсеңдеуіне байланысты шикізатқа деген сұраныс та кеміп келеді. Осы орайда, қазіргі жаһандық геосаяси жағдайға қысқаша шолу жасап кетсеңіз.
– Әлемде қалыптасып отырған үрдістерге қатысты Елбасы өзінің соңғы Жолдауында нақты айтты. Сонымен қатар, бұл үдерістердің таяу бір-екі жылда шешіле қоймасына да ерекше назар аудартып кеткен-ді. Мемлекет ретінде тиісті шараларымызды қабылдап, дайындалу керектігімізді де ескертуі сондықтан.
Мәселен, Ливияны алайықшы. Кезінде әлеуметтік, экономикалық және саяси жүйесі қалыптасқан, сондай-ақ, өндіріс ошақтары бар ел ретінде белгілі-тін. Қазір қарасаңыз, мемлекет деген атауы тек картада ғана бедерленген. Ал шынтуайтында, әр аумақты ешбір заңдық негізі жоқ топтар басқаруда. Қай күштердің артында кімдер тұрғаны белгісіз, үкіметі астанасынан ауып, басқа өңірден елді басқарған болып жатыр.
Сириядағы жағдай да осыған ұқсас. Ирак кезінде қандай бай ел еді. Бұл елдердегі шиеленіскен жағдай бір-екі жылда шешіле салмайды. Өйткені, Ирак ел болғалы сонау Бағдад халифатынан бастап мұнда билік жүргізген сүнниттер еді. Саддам Хусейн басқарған Баас партиясы кезеңінде де, одан да бұрын сүнниттердің билігі жүріп келді. Солтүстік Иракта күрдтер тұратын, ал оңтүстігінде шииттер өмір сүрді. Осман империясынан бөлініп шыққаннан кейін ағылшындардың ықпалында болып келген елдер ғой.
АҚШ Саддам Хусейнді орнынан тайдырғаннан кейін президентті күрд ұлтынан тағайындады, ал премьер-министрлікке шиитті әкеліп қойды. Демократия болғаннан кейін ондай теңгерімділік жүйесі болуы керек те шығар. Бірақ, бұл жерде сүнниттер далада қалды.
Сол Иракта әскери және қаржылық зиялы қауым өкілдері сүнниттерден тұратындықтан, қоғамда олардың өз орны болатын. Сирияда азамат соғысы шиеленісіп жатқан тұста сүнниттер қарсы жақтың қатарына қосылды да «Ислам мемлекеті» деген ұйым өмірге келді. Ондай мемлекетті әлем танымайды. Сирия мен Ирактың белгілі бір аумақтарына ие болып отырған ұйымды әлемдік қоғамдастық мойындамайды. Бірақ, жақсы қаруланған, өзінің идеологиясы бар бұл ұйым айтарлықтай күшке ие…
– Ресейге қолданылып жатқан экономикалық санкциялар тағы да жалғасын табуы мүмкін деген ескертпелер қайта-қайта айтылып қалып жүр. Жалпы, көршімізге салынып жатқан санкциялардан еліміз қаншалықты зиян шегіп отыр?
– Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсер етті. Олар біздің тауарларымызды тұтынып келе жатқан экономикалық әріптестеріміз ғой. Соғыс қимылдары жүріп жатқан елдерге шикізат немесе тауар жеткізу мүмкін болмағандықтан, біз амалсыз кейбір өндірісімізді тоқтата тұруымызға немесе көлемін қысқартуымызға тура келеді. Сол сияқты Ресей де біздің басты экономикалық әріптесіміз. Елбасы белгілеп берген көпвекторлы саясатымыздың басымдық берілген елдерінің ішінде ең бірінші орында Ресей тұр. Сондықтан, экономикалық санкцияның жақсы және жаман жағы да бар екенін атап көрсеткен жөн.
Мәселен, рубль құнының түсуімен көптеген тауарлар қарапайым тұрғындарға қолжетімді болып қалды. Алайда, көлік жасаушы компаниялар бұдан айтарлықтай қиындықтар көруде. Ресей нарығы да сырттан келетін кейбір тауарларға шектеулер қойып отыр. Әрине, ең бастысы, Ресей нарығы қазір біздерге ашық. Оның үстіне ресейлік тауарлардың келуімен қазақстандық тауарлар да арзандай бастады. Еуразиялық экономикалық одаққа кіргендегі біздің басты мақсатымыз да осы – Ресейдің 145 миллион халқы бар нарығына кіру.
Бір нәрсе айқын: мәңгілік соғыс болмайтыны сияқты, мәңгілік дағдарыс та болмайды. Сондықтан, алдан тек жақсылықтар күтеміз.
– Қазір әлемде нарық үшін, соның ішінде тұтынушылар үшін бәсекелі күрес жүріп жатқаны мәлім. Осы орайда сұрайын дегенім, Батыстың Ресейге қатысты санкциялары нені көздейді?
– Соңғы жылдары Ресей айтарлықтай жоғары қарқынмен дамыды. Бұған мұнай бағасының қымбаттауы да өз әсерін тигізді. Ал Батыс қашанда Ресейдің өсіп-өркендеп дамуын тәуір көрмейтін. Өйткені, бұл ел Батыстың басты бәсекелесі болып табылатыны белгілі. Оның үстіне, тарихи сабақтастыққа салсақ, өркендеп дамып кеткен Ресей қандай саясат ұстанады екен деген үрей де жоқ емес.
Соңғы кездері АҚШ барлық ықпалын салып, мұнай бағасының бір баррелін 120-дан 50 долларға дейін түсіруге қол жеткізді. Мұнайдан зардап шегіп отырған елдер кімдер дегенде, үш мемлекетті атауға болады. Олар: экономикасының негізін мұнай құрайтын, ядролық бағдарламасын дамытып келе жатқан Иран, Америкамен сәлемі түзу емес Венесэула және өркендеуге бет алған Ресей. Соның салқыны бізге де тиіп жатқанын несіне жасырайық. Елбасы Үкімет басшысын қабылдаған кезде жағдайды жасырмай ашық айтты, К.Мәсімовке нақты тапсырмалар берді.
– Еуразиялық экономикалық одақ туралы қандай пікірдесіз?
– Бұл Одақтың болашағы зор. Өйткені, қанша қысым жасалса да Ресей – әлемдегі ең бай, ең қуатты елдердің бірі. Басқасын айтпағанда, мына Сібір ағашының өзі Ресейді мың жыл бойы асырауға жетеді. Қазақстанды алып қарасақ, бізде де жерасты қазба байлықтарымыз баршылық. Беларусь те қатардан қалмай келе жатқан ел. Осы ретте айтарым, Одақ өзге ірі елдермен терезесі тең деңгейде сөйлесіп, мүдделерімізді қорғауға оң ықпал ете алады. Ал Армения мен Қырғызстанда күрделі жағдайларда өзіміздің экономикалық мүдделерімізді қорғауға және өзара саудамызды арттыруға оң ықпал етеді деуге негіз бар.
– Қазақстанның әлемдік саясаттағы орны туралы не айтар едіңіз?
– Әлемдік саясатта еліміз аман, жұртымыз тыныш. Елбасының салиқалы саясатының арқасында дамып, өсіп-өркендеп келе жатырмыз. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта елімізде 2 мың шақырымнан астам теміржол желісі тартылды. Ішкі желілерді айтпағанда, Қытайға, Иранға шығатын жолдарымызды салып алдық. Қай мемлекет осыншама жол желісін тартып жатыр? «Нұрлы Жол» бағдарламасы арқылы автобандар салатынымыз өз алдына. Елбасы жол құрылыстарының тоқтамайтындығын ерекше атап кетті. Еуразия кеңістігінде өркендеу жолына түскен елдердің ішінде Қазақстанның алар орны ерекше. Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдадық. Өзгелерге үлгі болатындай жүйе құрған мемлекетпіз.
Тәуелсіздік алған 24 жылдың ішінде көптеген кәсіпорындар ашылды, қазір де іске қосылуда. Мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен емханалар, басқа да әлеуметтік мекемелер салынып жатыр. Осыдан екі-үш жыл бұрын Ашғабадқа Ташкент арқылы барған жайым бар. Өзім Ташкентте оқығандықтан, аралап көрдім. Бұл қалада 70-ші жылдары оқуымды бітіріп кеткенмін. Содан бері бір жаңа ғимараттың салынғанын байқамадым. Ал Астананы, қазіргі Алматыны, тіпті, облыс орталықтарын қараңыз. Қандай зәулім ғимараттар мен нысандар салынды. Соның барлығын ел көріп, бағалап отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».