ұлттық идеясының заңнамалық негізі қалануда
Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповтың басшылығымен еліміздегі мемлекеттік биліктің заң шығарушы тармағында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі идеяларын жүзеге асыру мақсатында биылдың өзінде көптеген қажетті заңдар қабылдау бағытында пәрменді және сапалы жұмыстар жасалғаны белгілі. Қазіргі заманның ең биік саяси-әлеуметтік, мәдени, рухани, экономикалық және құқықтық талаптарына барынша сәйкес келетін заңдар топтамасын қалыптастыру бүгінгі күннің өзекті және маңызды мәселесі. Өйткені, өркениетті елдердің қатарына қосылуға ұмтылған еліміздің құқықтық кеңістігінде өрелі мақсаттарға сәйкес келетін, ұлттық тәуелсіздікті нығайта түсетін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясына құқықтық база болу керек. Сондай кешенді заңнамалық тұғыр, түбегейлі іргетас Қазақстан Парламентінің депутаттар корпусының қажырлы еңбегінің арқасында қалануда.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің Жолдауларында атап көрсеткеніндей, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері үш маңызды тарихи кезеңнен өтті. Алғашқы қезең – еліміз егемендігінің іргетасы қалана бастаған жылдар, екіншісі – қалыптасқан мемлекетке қол жеткізген уақыт, ал енді ең жауапты үшінші кезең – жаһандық сын-қатерлер мен еліміздің саяси-әлеуметтік, экономикалық кеңістігіне келіп жеткен дағдарыстық үдерістер дәуіріндегі сындарлы әрекеттер заманы. Жаңа тарихи кезең туындатқан заманауи қиыншылықтар мен сын-қатерлерге лайықты деңгейде төтеп беруге арналған бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының әлеуметтік тетіктері мен талаптары заңнамалық деңгейде, құқық жүзінде қамтамасыз етілмесе, онда олардың әлеуметтік практика саласында жоғарыда аталған маңызды міндеттердің жүзеге асырылуы қиындықтарға ұшырауы мүмкін.
Парламент Мәжілісінің әрбір отырысында талқыланатын кез келген заңның түпкі тұжырымдамалық іргетасы Мемлекет басшысы анықтап берген, тіпті, БҰҰ-ның аса ірі халықаралық форумында хабардар етілген бес институттық реформаның «100 нақты қадаммен» тікелей астасып жатқанына күмән келтіруге болмайды. Әсіресе, Президенттің «Ұлт жоспарын практика жүзінде нақты іске асыру жөніндегі ең шұғыл заңдардың алғашқы топтамасы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеуге тиіс» деген тапсырмасы заң саласында, мемлекеттік органдарда қызмет атқарып жүрген қоғам қайраткерлері үшін құнды бағдар екенін атап өтуге болады. Еліміз Парламентінің қос палатасы жоғарыдағы тарихи маңызды құжаттардағы ауқымды міндеттерді жүзеге асыру үшін заң шығару жұмысының нақты жоспары жасалғаны белгілі. Парламент заң жобаларының топтамасын Президент Әкімшілігінің жұмыс кестесімен үйлестіре отырып, Президенттің қол қоюына ұсынады. Бұл өз кезегінде биліктің әртүрлі тармақтарының қызметін барынша сәйкестендіреді.
Заңнамалық базаны үнемі жаңартып, жаңғыртып отыру – заман талабы. Әрине, кез келген заң қазіргі кезеңнің мүддесіне ғана сәйкес келіп қана қоймай, заманнан біршама озыңқы сипатта қалыптасқаны тиімді. Міне, сонда ғана алға қарай дамудың пәрменділігі арта түседі, қоғамдық күштер әлеуетінің ашылуына қолайлы мүмкіндіктер жасалады, еліміздің заңдары әр қилы саладағы прогрестің тиімді тетігіне айналады.
Жалпы, дағдарыстан шығудың жолдарын таба білу кез келген мемлекет үшін біршама қиындығы бар маңызды сынақ екені белгілі. Бірақ мемлекет өзінің қызметін жеке-дара жүргізбейді, ол баршаның көмегіне сүйенуі тиіс және жұртшылық толықтай қолдау білдіргенде ғана барлық реформалардың өнімділігі, тиімділігі арта түсері анық. Ал осы орайда, Парламент Мәжілісіндегі жұмыс топтарының құрамындағы қызметке үнемі отандық және шетелдік сарапшылар мен мамандардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ғалымдар мен азаматтық қоғамның көптеген өкілдерінің тартылатындығы жақсы нышан екенін атап өту керек және бұл қадамдар нағыз демократиялық сипаттағы маңызды құжаттардың қабылдануына негіз болады. Демек, еліміздің депутаттар корпусы барынша кәсіби және ашық түрде жұмыс істеуге талпынады, халықтың шынайы мұң-мұқтажы мен мүдделерін анықтап, еліміздің өркениетті болашағы үшін қызмет етуге ұмтылады.
Бұқаралық ақпарат құралдарымен, жұртшылықтың өкілдерімен тығыз қарым-қатынастардың арқасында Мәжіліс жұмысының біршама маңызды бөлігі қоғамымызға белгілі болып отырады. Дегенмен, заң шығару жұмысына байланысты жұмыс топтарының көптеген күнделікті отырыстары көпшілік үшін белгісіз болып қала береді. Өйткені, ондай басқосуларда мамандарымыз әрбір заңды барынша екшейді, сыни түзетпелер енгізеді. Мәселен, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов өзінің 8 қазанда «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақаласында атап өткендей, «2015 жылғы қыркүйектің басы мен 7 қазан аралығында жұмыс топтарының 500-ден астам отырысы, бас комитеттердің 22 кеңейтілген отырысы өткізілді. Депутаттар заң жобаларының бүкіл топтамасы бойынша 11 мыңға жуық түзетулерді қарастырды, олардың жартысынан астамы қабылданды». Бұл еліміздің саяси жүйесінің заң шығару саласы қызметінің қысқаша бір сәті ғана. Сондықтан еліміздің зиятты кеңістігінде биліктің заң шығарушы тармағының табысты еңбегін лайықты бағалап, оның саяси үрдістегі оңды имиджін, халық алдындағы беделін нығайта түсуге толыққанды үн қосуымыз керек деген ойдамыз.
Парламентте соңғы уақытта біртұтас Қазақстан халқының ортақ мүддесін қалыптастыру және азаматтары күтетін, күнделікті тіршілігінде қолданатын нормаларды анықтап отыру белгілі бір сындарлы құндылықтық-мағыналық бағытта жүзеге асуда. Әсіресе, Ұлт жоспарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жүйелі жүргізілгені байқалады. Мысалы, мемлекеттік құрылыс мәселелері бойынша 13 заң жобасы; қаржы, салық және кеден ісі мәселелері бойынша 9 заң жобасы; еңбек, әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру, сонымен қатар, шаруашылық қызметті мемлекеттік реттеу мәселелерін бірге алғанда 21 заң жобасы; білім беру, ғылым, мәдениет және денсаулық сақтау салалары бойынша 5 заң жобасы; ауыл шаруашылығы бойынша 4 заң жобасы және басқа да қоғамның әлеуметтік салалары бойынша көптеген маңызды заңнамалық құжаттар қабылданды.
Еліміздің ұлттық стратегиялық бағдарламаларында индустриялық-инновациялық даму негізгі бағдар болып отырғанына байланысты «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мәтінінің жартысы экономикалық мәселелерді қамтиды. Ал Парламентте қабылданған заң жобаларының жартысындайы осы экономикалық мәселелерді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етудің, қайшылықтарды шешудің нормаларын анықтауға арналғаны кездейсоқ емес. Сонымен қатар, Парламент үнемі мемлекеттік қызмет туралы заңнама мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы жетілдіріп келеді. Соңғы уақытта мемлекеттік заңдардың өзара байланыстылығына, сабақтастығына баса назар аударылып жатқанын атап өту керек. Мәселен, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданарда олардың арасындағы өзара байланыс өте жақсы деңгейде ескерілді. Әрине, «сыбайластық пен жемқорлық» сияқты келеңсіз құбылыстармен тек заң жүзінде немесе құқықтың күшімен ғана күресу аздық етеді. Бұл салада жалпы мәдениетіміз бен руханиятымызды өркендету арқылы, рухани тәрбие беру, оқу және тәрбие саласының барлық деңгейінде өнімді жұмыстар атқару арқылы жеңістерге жетуге тиістіміз.
Мәдениет, ғылым, білім беру және дін салаларының беделді қызметкерлері де сыбайластық пен жемқорлыққа қарсы күрестің жалпы үдерісіне лайықты деңгейде атсалысуы қажет. Парламенттің атқарып отырған маңызды және жауапты қадамдары Қазақстан Республикасы Президенті мен «Нұр Отан» партиясы тарапынан үнемі қолдау тауып отыратындығы қуантады. Енді әрбір аймақтарда, өндіріс ұжымдарында құқықтық мәдениеті жоғары азаматтар көбейіп, еліміздің Конституциясын және маңызды заңнамалық құжаттарын сыйлайтын, азаматтық парыздарын мүлтіксіз орындайтын тұлғалардан тұратын қауымдастықтың қалыптасуы біздің қоғамымыздың стратегиялық болашағына тиімді. Дамыған 30 елдің қатарына қосылудың алғышарты тек экономикалық дамумен байланысты ғана емес, ол, сонымен қатар, жан-жақты дамыған азаматтық қоғамымыздың іс-әрекетімен, тыныс-тіршілігімен астасып жататыны белгілі. Қоғамға адал қызмет етудің үлгілері үнемі насихатталуы тиіс, сондықтан, елімізге құқықтық саланың, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен дамытудың маңыздылығы күн сайын арта түседі.
Қазақстанның ғылым саласы бірнеше жылдан бері «Ғылым туралы» Заңның ауқымында дамып келе жатқаны белгілі. Еліміздегі ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми жобалар гранттық, бағдарламалық-нысаналы және базалық қаржыландыру арқылы жүзеге асырылып жүр. Ал қазіргі заманның талаптарына сәйкес, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына үндес Парламенттің қабылдануында «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру туралы» Заң дүниеге келді.
Оған еліміздегі ғылым мен өндіріс саласының арасындағы қарым-қатынасты барынша үйлестіруге, өзара жақындастыруға деген талпыныс деп баға береміз. Әрине, ғылымның практикалық тиімділігін арттыра түсуіміз керек. Ғалымдар өз жаңалықтарының нәтижесін нақты сезінуі тиіс. Тек осы жерде айта кететін жағдай – осы коммерцияландыру контексіне тікелей жата қоймайтын, дегенмен, халқымыздың руханият әлемінің құрылымын нығайтуға қомақты үлес қосатын гуманитарлық ғылымдардың ерекше мәртебесін нақтылай түсуіміз керек. Сонда ғана еліміздегі материалдық дүниенің қалыптасуы мен руханият әлемінің өркендеуі арасындағы өзара толықтырулар болады және қоғамымыздың пәрменді және жан-жақты дамуына іргетас қаланатынына күмән келтірмейміз.
Заңдарды сыйлау арқылы тек өркендеп қана қоймай, өзіміздің әлемдік қоғамдастық алдында қадіріміздің арта түсетіні анық.
Серік НҰРМҰРАТОВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор, Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары.
http://egemen.kz/