«Правда» газетінің әскери тілшісі Илья Эренбургтан: «Төрт жыл соғыстың қай шайқасы есіңізде өшпестей болып қалды?» – дегенде, ол «Ржев» деп жауап беріпті. Бұл айнымас ақиқат еді. Өйткені Ржев түбіндегі «Марс» деген кодты атауы бар әскери шайқастар ұзақ уақыт құпия сақталды. Соғыс жылдарында жаппай ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсеткен Ржев қаласына Ресей Президентінің Жарлығымен 2007 жылы ғана «Әскери даңқ қаласы» құрметті атағы берілді. Осы бағыттағы құжаттарды саралай келгенде, егер Ржев маңында шешуші шайқастар жүргізілмегенде, Сталинград түбіндегі, Курск иініндегі жеңістер де, Мәскеуді қорғау да мүлде мүмкін болмас еді деп сенімді айтуға болады. Кеңес әскерлерінің Мәскеуден Батысқа қарай бет алған алғашқы шабуылы нақ осы Ржевтен басталған болатын.
Ржев – Вязьма плацдармы КСРО астанасына 150 шақырымдай жерде еді, сондықтан Ржев қаласы «Мәскеуді алатын кілт» болып саналды. Кеңес өкіметі басшылығы үшін фашистердің 1942 жылғы нақ осы бағыттағы шабуылы елеулі қауіп төндірді. Сондықтан Ржев – Вязьма бағытындағы жан алып, жан беріскен соғыс қимылдары тұтастай Ұлы Отан соғысындағы ең шешуші, ең бетбұрысты шайқастар болып есептелді.
Тарихшылардың пікірінше, соғысушы жақтардың Ржев – Вязьма шайқасы («Марс» операциясы) барысындағы шығыны 1 миллион 350 мың адамға жеткен. Біздің жақтан 855 мың адам опат болды, хабарсыз кетті, тұтқындалды.
(«Военно-исторический журнал», 1995, №5, с. 42).
«Правда» газетінің әскери тілшісі болған Константин Симоновтың бұл өңірді «өлім аңғары» деп атағаны тегін емес. Осы «қанды қасаптың» куәгері болған майдандық тілші Александр Твардовский «Я убит под Ржевом» деген атақты өлеңін жазды, оның: «Фронт горел, как на теле рубец. Я убит и не знаю, наш ли Ржев, наконец» деген өзекті өртейтін жолдары сол кезеңнің ащы шындығын айтады.
Отан соғысы кезінде Кеңес Одағының Қарулы Күштері жауынгерлік туы астында 143 ұлттың өкілдері неміс-фашист басқыншыларымен шайқасты. Өз Отанын қорғау үшін бір мемлекет әскерінің құрамында мұншама ұлт өкілдерінің болуы дүниежүзілік тарихта бұрын-соңды кездеспеген оқиға еді.
Құжат: «Атқыштар бригадасы 1941 жылдың күзінде атқыштар дивизияларын жасақтау қиыншылықтарына байланысты (уақыт тығыздығы, адам және қару-жарақ кемістігі) құрыла бастады. 1941 жылдың аяғына дейін 159 атқыштар бригадалары жасақталды. Бригада үш-төрт атқыштар батальоны, артиллерия және миномет дивизиондары, автоматшылар ротасы, арнаулы әскери және тыл бөлімдері, барлығы 4 мыңнан 6 мыңға дейін адам болады».
(«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы». Энциклопедия. 1985, 125-бет).
100-бригаданың жасақталуы
Қазақтың ұлттық 100-атқыштар бригадасы 1941 жылы 12 желтоқсанда Алматыда құрылды. Бригаданың негізгі құрамы Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының 1922-1923 жылдары туған жастарынан жасақталды. Ішінде бұрын әскери қызмет атқарған ересек жандар да кездесетін, әскерде қызмет атқармаған, бірақ жылқының жайын білетін егде адамдар да болды. Өйткені бригаданың артиллерия, миномет дивизиондарының барлығында ат жегілетін. Егде кісілер сол бөлімдерге орналасты. Ал әскерде қызмет атқарғандардың барлығы кіші командирлер болатын. Атқыштар бригадасының командирі болып подполковник В.Е.Шевцов, комиссары болып республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің сол кездегі редакторы Сақтаған Бәйішев, саяси бөлімінің бастығы болып Әбдірахман Досанов тағайындалды, ал оның комсомол жұмысы жөніндегі орынбасары болып саяси жетекші Егемқұл Тасанбаев белгіленді.
Соңғы бөлімдері жеткен соң бригада 1942 жылдың 27 тамызында Мәскеу түбіндегі Бабушкино қаласында жоспарлы әскери әзірліктерін жалғастырады. Ал Мәскеу әскери округінің 1942 жылғы 19 қазандағы бұйрығы бойынша 100-бригада Калинин майданының 39-армиясының қарамағына кіріп, 25 қарашада Молодой Туд өзені мен деревнясы маңында басталған алғашқы ұрысқа қатысты.
101-бригаданың жасақталуы
Ұлттық 101-дербес атқыштар бригадасы КСРО Қорғаныс халық комиссариатының бұйрығы бойынша 1941 жылы қараша айында Ақтөбе қаласында жасақтала бастады. Бригада құрылымына келіп сапқа тұрғандар, негізінен, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан келген қазақ жастары болатын. Сондай-ақ бұған Алматы, Шымкент, Семей тағы басқа облыстардан келгендер де аз болған жоқ. 1942 жылдың сәуір айында бригада құрамында 3 815 адам болды.
Ұлттық 101-атқыштар бригадасының комиссары болып Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, азамат соғысының ардагері Нұри Әлиев, саяси бөлім бастығы болып Қостанай облыстық партия комитетінің хатшысы Бекайдар Бекниязов, парткомиссия хатшысы болып Нұғыман Оразалин тағайындалды. Ол Қазақстан Компартиясы ОК-да жауапты қызмет атқарып жүрген жерінен келді. Ол кейіннен бригаданың саяси бөлімі бастығы болып тағайындалды. Саяси бөлім бастығының комсомол жұмысы жөніндегі көмекшісі Шайдахмет Серғазин болды. Ол бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінің хатшысы еді. Бригада командирі болып Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап ерлігімен көзге түскен полковник Севостьян Яковлевич Яковленко тағайындалды. Эшелон 1942 жылдың мамырында Ржев қаласының түбіндегі Погорелое қалашығына келіп, ұрысқа кірісіп кетті.
Мұрағат құжаттары
Краткая характеристика боевых действий 100-й Отдельной стрелковой бригады в период ее участия в операции «МАРС».
19.10.1942 г. бригада перешла в распоряжение командующего Калининским фронтом. 21.11.1942 г. получен боевой приказ №0030 Штарма-39 – в ночь с 22 на 23.11.42 г. прибыть в район Молодой Туд и сменить части 117 СБ., готовиться к наступлению.
25.11.1942 г. батальоны перешли реку Молодой Туд. Были встречены сильным пулеметным огнем. Батальоны обескровлены. Артиллерия отстала.
02.12.1942 г. в течение всего дня части настойчиво дрались за овладение Плеханово, но понеся большие потери, успеха не имели.
Итак, в течение восьми дней дрались за овладение Плеханово, потеряв целиком 2-й и 4-й батальоны, пулеметный батальон, в которых остались по 30 человек и на 75 % 1-й и 3-й батальоны. Так и не овладели.
Потери: Было до боя – 4 751 человек. Осталось к 03.12.1942 г. – 1 944 человека
Общие потери – 2 757, из них убито – 599, без вести – 221.
Журнал боевых действий 100-й СБ вел начальник 1-части майор Блинов.
Краткая характеристика боевых действий 101-й Отдельной стрелковой бригады в период ее участия в операции «МАРС».
Начало боевых действий бригады положено 26.11.1942 г.
В 18:00 получен боевой приказ ШТАРМА-39 №2. Бригада должна сосредоточиться в районе Плоты, Сухуша, Трушково. В ночь на 28.11.1942 г. части заняли исходное положение для наступления.
К 12:00. 28.11.1942 г. бригадой были заняты Букаревич Кувшиново. Захвачены трофеи. С 12:00 13.12.1942 г. 4-й СБ прочесал около 4 км леса и прорвал кольцо. Были уничтожены до 200 немецких солдат и офицеров.
С 26.11.1942 г. по 29.12.1942 г. бригада понесла потери:
Убито – 744; без вести – 313; ранено 2 544 человека
Общие потери – 3 601 человек при первоначальной общей численности бригады на 25.11.1942 г. – 4 918 человек. (Центральный архив Министерства обороны Российской Федерации).
3-Екпінді армия штабының бастығына 100-дербес атқыштар бригадасы туралы жауынгерлік мінездеме.
13.11.1943 ж. Майдандағы армия.
…39-армияның қарамағындағы бригада алғашында әртүрлі жеке-дара операцияларды жүзеге асырды. 1942 жылы 25 қарашада 373-атқыштар дивизиясы Тройня, Медвежевка, Большое Привалово шебінде шабуылға шыққаннан кейін, 100-бригада Молодой Туд ауданында жау бекінісін бұзуға жіберілді. Бұл бағытта бригада 1942 жылдың 7 желтоқсанына дейін қимыл жасап, бірсыпыра елді мекенді жау тырнағынан босатты. Бірақ бұл ұрыстарда бригада зор шығынға ұшырап, 2 572 адамынан айырылды. Бригада командирі – полковник А.Морецкий. Штаб бастығы – подполковник И.Мостовой (Центральный архив Министерства обороны Российской федерации, фонд 100-й ОСБ, оп. 1, д. 3, л. 127).
2572 адам! Осыншама орта, кіші командирлер және жауынгерлеріміз опат болды. Бұл – бригада құрамының жартысынан артығы қаза тапты деген сөз. Осылардың ішінде жараланып, елге кетіп аман қалғаны бірен-саран ғана. Өлгендердің көбі атаусыз қалды.
Ұлы Жеңістің 68 жылдығына орай осы жолдардың авторы «Қазақтың ұлттық 100 және 101-атқыштар бригадаларының жауынгерлік жолдары» атты кітап жазу үстінде. Осыған байланысты ұлттық 100-атқыштар бригадасының ардагері, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов өзінің бізге арнайы жазып берген естелігінде бұрын еш жерде жарияланбаған, бұған дейін тек өзіне ғана белгілі болып келген 100-бригаданың жауынгерлік тарихынан келеңсіз көптеген оқиға жөнінде сыр шерткен еді.
1943 жылы 3 қаңтарда сағат 17:00-де Великие Луки іргесіндегі Сахнц Иванцово, Вельково, Щелково, Горушка деревняларының шетінде қорғаныста жатқан бригаданы орнынан көтеріп, 4-қаңтар күні сағат 06:00-де Великие Лукидің оңтүстік жағындағы теміржол вокзалына алып келу жөнінде 3-Екпінді армияның штабынан бұйрық болды.
Бригада артынып-тартынып, қапалақтап жауған қалың қарды кешіп көрсетілген жерге келді. Сол жерде бригада иіріліп, жеті жарым сағат босқа тұрды. 13 сағат 30 минутта 3-Екпінді армия штабының бастығы Юдинцев 100-бригаданың шұғыл түрде бұрынғы орындарына барып орналасуына жаңадан бұйрық берді. Күндіз жел көтеріліп, түнде жауған жұмсақ қар көзге түртсе көрінбейтін қатты боранға айналды. Боранмен алысқан бригада 15-20 шақырым жердегі бұрынғы деревняларға қайта жетуге мәжбүр болды.
Мұндай келеңсіз оқиғалар бригада 39 және 22-армиялардың қарамағында болған уақытта да кездесті. 1942 жылы Молодой Туд түбінде бригада алғаш шабуылға шығарда армия штабы санитарлық қызметінің бастығы шабуылға қатар шығатын өзара көрші орыс 46-атқыштар бригадасы мен қазақтың 100-атқыштар бригадасының жаралыларды қабылдау пункті бірге болсын деген бұйрық береді.
Молодой Туд түбінде санитарлық қабылдау пунктіне кіргізілмей, сақылдаған сары аязда ақ қардың үстінде қатып өлген сансыз солдатқа көмек көрсете алмағанына қапаланып, ол қорлыққа шыдай алмай, бауырларының аяғының астына өзін-өзі атып құлатқан капитан Наурызғалиевті Мәриям Сырлыбаева бригада дәрігері, капитан өмір бойы есінен шығарған емес.
Сөйтіп, бригадаға жаңа командир келді. Әрине, соғыс болған соң өлім-жітім болмай тұрмайды. Ол – соғыс заңы. Бірақ қағажу көріп, қисынсыз жерден солдат өмірінің қиылып кетуі – бір басқа. Ал 100-бригада – бұған дейін нағыз жанашыр командирге тап болып, Панфиловтай әке қамқорлығын көре алмаған құрама. Жақсы үміт күттірген бір командир Воронков болса, байғұстың бригададағы өмірі қысқа болды.
Сонымен, 1943 жылғы қаңтардың ортасында 100-бригаданың құрамында қалған адам саны мынадай еді:
І атқыштар батальонында – 36, ІІ атқыштар батальонында – 41, ІІІ атқыштар батальонында – 53, IV атқыштар батальонында – 47, автоматчиктер – 26, және танк ататын дивизионда (ПТД) – 35, байланыс ротасында – 87, саперлер ротасында – 68 және барлаушылар ротасында – 38 адам. Барлығы – 431 жауынгер. Мұның сыртында 257-атқыштар дивизиясының қарамағына арнаулы тапсырма орындау үшін жіберілген 300 жауынгер бар. Ол – 76 мм артиллерия дивизионы мен 120 мм миномет дивизионы. Олардың қаншасы тірі, қаншасы өлі екені белгісіз.
Қазақтың ұлттық 100-бригадасы алғашқы айқасқа 4 889 адам болып кіріп, ұрыс соңында қатарда 43 жауынгер ғана қалғанын қалай түсіндіруге болады?
100-бригаданың Великие Луки ұрысында да жолы болмады. Полковник Воронков өз бригадасын жұмған жұдырықтай тегеурінді күш етіп ұстаймын дегенімен, оған ерік берілмеді. Армия басшылығы ұлттық бригаданың бұтын бұт, қолын қол етіп бөлшектеп жіберді. Артдивизион мен миндивизионды өзі теңдес 47-атқыштар бригадасына бөліп берді. Батальондарды бөлшектеп, 257 және 32-дивизияларға жіберді.
«Байдың малын аяма…» дегендей, олар «бөтен» бригаданың адамдарын ең қауіпті учаскелерге салды – қаладағы гарнизонды құтқарып алу үшін жөңкіліп келе жатқан жау танктерінің алдына тосты. 100-бригаданың үшінші батареясы сол шайқаста ерлік жасап, мерт болды. Ақ қар, көк мұзда шабуылшылардың алдына барып жайғасқан жаяу әскер шегедей болып қатып қалған жерді қазып, өздеріне окоп жасай алмай, қардан соғылған ақ қаланың іргесінде жатты. Жау көктен бомбалап, жерден атқылап шабуылға шыққанда, қорғансыз ашық алаңда жатқан жаяу әскер оларға төтеп бере алмады. Қалаға қарай шегінуге мәжбүр болды. Шегінген солдаттарды танктерден сумаңдай атылған қызыл оқтар қуалады. 100-бригаданың артында бұрын окоп қазып, ірге теуіп бекініп жатқан басқа дивизиялардың жауынгерлері жау танктерін қалаға кіргізбеді. Бірақ осы кезде жүзіншіге «драпбригада» деген ат та тағылды. Сондай ауыр күндердің бірінде солдаттарының қасында полковник Воронков оққа ұшты.
«4,5 мың менің құрдастарым! Олар 18-ге жаңа ғана толған өрімдей балғын жастар еді. Олардың бірде-бірі үйленіп үлгермеген, жар қызығын көрмеген жастар еді. Олардың жүректерінде Отанға, ата-анаға, жандары сүйген сұлу қыздарға деген алаулаған асыл махаббат сезімдері бар еді. Соғыс деген тажал сол махаббатты су сепкендей өшіріп 4,5 мың боздақты түгел жалмай салды. 4,5 мың ата-ананың көз жасы көл болып, 4,5 мың жас сұлудың жүрегі қара жамылды. Сендердің ақ жүздеріңді көруге зар болып, өмір бойы күңіреніп өткен ата-аналарың қазір жер бетінде жоқ. Сендер жауды жеңіп келіп, жар болып қосылсақ деп арман еткен ару қыздардың да көбі өмірден өтті. Бірақ сендердің кеше өздерің жаудан қорғаған «қалың елің қазағың, қайран жұртың» бар. Елің сендерді еш уақытта ұмытпайды. Өздеріңе өз тарихынан өмір бойы орын береді. Мен осыған сенемін!» – деген еді жүзіншінің ардагері Әзілхан Нұршайықов.
Маршал Жуков «Воспоминания и размышления» еңбегінде: «1942 жылы 8 желтоқсанда Калинин және Батыс майдандарының күшімен: 1943 жылдың 1 қаңтарына дейін Ржев – Сычев – Оленино – Белый аймағындағы дұшпан күші жойылсын деген директива берілді», – деген. Осы бұйрықты орындаушы құрамалардың ішінде қазақтың ұлттық 101-атқыштар бригадасы да бар еді. Оленино стансысы бригада шайқасқан Мишуково елді мекенінің іргесінде орналасқан.
Түптеп келгенде, бұл орыстардың негізгі мақсатын ол кезде ешкім де білген жоқ. Директива аса құпия болғандықтан оны біреудің білуі де мүмкін емес еді. Қалай болғанда да сол қиян-кескі ұрыстардың нәтижесінде жау күші айтарлықтай шығынға ұшырап, «әне болады», «міне болады» деген соққыны ұзағынан күткен гитлершілер соғыс барысын түбегейлі өзгерткен Сталинград шайқасына бірде-бір дивизиясын жібере алмады. Демек, ортақ Жеңіске 4-Екпінді армиялық құрамында болған қазақтың ұлттық 101-атқыштар бригадасы да өзінің қомақты үлесін қосты. Бірақ бұл үлес өздігімен келмеді.
Бригаданың сапындағы 8 мың адамның 3 мыңы ғана аман-сау қалды. 5 мың жас өмір үзілді, талай ерлік елеусіз қалды.
Рас, соғыс шығынсыз болмайды. Бірақ ұлттық 101-бригаданы стратегия тұрғысында пайдаланып, жалпақ тілмен айтқанда, «зеңбіректің жемі етіп» өлімге айдап салып, құрбандыққа шалуы жанға батады.
Шындықты алғаш рет Жеңістің ширек ғасыр тойында Ржев түбінде болған топтың қолбасшысы Кеңес Одағының маршалы А.И.Еременко ашық айтқан еді. Сонда да болса, «құпиялы қоржында» әлі де «жабулы қазан – жабулы» күйінде жатқаны жетерлік.
«Егер Мәлік Ғабдуллин болмағанда, Мәншүкке Батыр атағы берілмес еді»
Аққан жұлдыздай қысқа ғана ғұмырында халқының, елінің атын даңқа бөлеген батыр қыз, қазақтың аяулы аруы Мәншүк Мәметова жайында айтылып та, жазылып та жүр. Көркем фильм де бар. Әйтсе де төмендегі мақаланың жөні бөлек. Өйткені бұл – Мәншүкпен қан майданда қатар жүріп, қара нанды бөліп жеген, соғыс тауқыметін бірге тартқан қарулас достарының, үзеңгілес жолдастарының естеліктері.
Сан ерліктің басын құраған Мәншүкке Батыр атағы жаны шейіт болғаннан соң алты ай кешігіп берілген. Ал Әлия өлгеннен соң Батыр атағын 17 күннен кейін алған. Бұдан «Бұл қалай?» деген сұрақтың тууы заңды да. Осы жағдайға байланысты біз Мәншүкті оққа ұшар алдынан бірнеше минут бұрын көріп, соңғы рет тілдескен, ерлігіне жалғыз куәгер әрі сүйегін жинаған, сол кездегі қазақтың ұлттық 100-атқыштар бригадасының кіші лейтенанты, бүгінде дүниеден озған Ахметқазы Ахметжанұлының естелігінен біраз жағдайларға көз жеткізуімізге болады.
«Онда мен «Прощай Родинада», танкіге қарсы тұратын дивизионның ерікті комсоргі болатынмын. Біз жауға алғаш соққы беруіміз, тіпті болмаса, жарылғыш бөтелкені белге байлап, танкінің астында қалып, бірге жарылуымыз керек. «Прощай Родина» деген – сол.
1943 жылғы қазанның 11-і күні біздің дивизионның біраз жауынгерін Изочи стансысын алу үшін құралымызбен жаяу әскерге – командалық батареяға бөліп жіберді. Осылайша біз Мәншүктің батальонына қосылдық. Стансыны алған жағдайда Қазақтың 100-бригадасына Изочи аты берілетін болды. Ұрысқа кіру үшін біз Үлкен Иван мен Кіші Иван көлінің арасынан өттік. Мәншүктер жаудың көп келетін жерін пулеметпен қарсы алу үшін биіктеу жотаға орналасты да, жауынгерлік орнын белгіледі. Таңғы алтылар шамасында ұрыс басталып кетті. Бар күшімізбен Изочиді (шығындалсақ та) басып алдық. Майданның заңы – басып алған жеріне дереу бекіну керек. Сөйтіп, окоп қазып, әркім өз тіршілігін жасауға кіріскенде, бізден екі-үш есе күші көп жау қайта шабуылға шықты. Орнығуға шама бермеді. Біразымызды қырып жіберді. Қалған тірілеріміз позицияны өзгерту үшін артқа шегіндік. Қайтар жолымызда Мәншүктер тұрған төбешікті басып өтуге тура келді. Оның үстіне, окоп кеңдеу болатын. Төбешікке келсек, Мәншүктен басқа тірі жан жоқ. Басынан жараланыпты. Бұрынғы ұрыс орнында емес, өз қаруының оғы таусылған соң, окопқа жақын жолдасының пулеметін іске қосайын деп жатыр екен. Арамыз небәрі төрт-бес метрдей ғана. Мәншүктің жалғыз екеніне көзіміз жеткен соң, бізбен жүруін өтіндік. Ол: «Бара беріңдер, мен кетсем, сендерді кім қорғайды?» – деді. Сосын біз: «Мәншүк, қызықсың, Гитлердің бар әскерін жалғыз сен қырып тауыспақсың ба кеттік», – дедік. Көнбеді. «Сендерді мен қорғамасам, жете алмайсыңдар», – деп, пулеметті іске қосып жіберді. Біз кете бардық. Артымыздан дүмпулер естіліп жатты. Біраздан соң дала да тыншыды. Біз бір-бірімізге қарап, «все» дедік. Егер сол жолы Мәншүк дәл осындай батырлық көрсетпегенде, 100-атқыштар бригадасының тірі қалған жауынгерлері, мүмкін, былай отырмас та едік. Менің қара жерді басып жүргенім, сол қара қыздың арқасы.
Содан қалған бірнеше жігіттер, штабқа жеттік. Бригада комиссары Сақтаған Бәйішевке Мәншүктің артта қалғанын, жаудың көп күші екпіндеп келе жатқанын жедел түрде баяндадым да, өзімнің дивизионыма кеттім. С.Бәйішев дереу дөңгелене қорғаныс жасауға кірісті. Немістер Изочиді алғанымен, күші әлсіреп қалған болуы керек, қайтадан шабуылға шықпады.
Қараша айының аяғында 100-бригада мен 31-бригаданы қосып, 1-атқыштар дивизиясы құрылды. Жау Изочиді көпке дейін ұстап, ешкімді жолатпады. Мәншүктің ерлігін өзіміздің жауынгерлік газетімізде алдымен Асқар Закарин, сонан соң «Қазақ қызы» деп Жекен Жұмаханов жазды. Батыр атағын Мәншүк алты айдан кейін алды. Оның себебін мен соғыс біткеннен кейін бригада комиссары С.Бәйішевтің хатшысы, кейіннен 120 миллиметрлік дивизионы бастауыш партия ұйымының хатшысы болған жерлесім Байуақ Ахметовтен естідім. Ол бертінде, 1974 жылы қайтыс болды. Семейде біраз жыл ол кісінің қарамағында қызмет істедім. Байуақ: «Егер Мәлік Ғабдуллин болмағанда, Мәншүкке Батыр атағы берілмес еді», – деп отыратын.
Мәншүктің ерлікпен қаза тапқаны туралы жазылған газеттер Мәскеуде Қызыл Армияның Саяси Бас басқармасының орыс емес ұлттардың жауынгерлері арасында үгітші болып істейтін Мәлік Ғабдуллиннің қолына тиеді. Оның үстіне, Мәлік Мәншүкті штабта, 1943 жылы маусым айында келгенде көргенімен қатар, анасы Әминамен хат алысып тұрған. Мүмкін, Әмина «қызыма бас-көз бол» деп тапсырған да шығар. Мәншүктің қазасын ести салысымен, ол дереу Невель қаласына келеді. Ол кезде 100-бригада тарап, 1 атқыштар дивизиясы құрылып жатады, ал Байуақ сол уақытта Невель қаласындағы 6-гвардиялық армияның резервінде тұрады. Мәлік келе-сала: «Мәншүкке не жасап жатырсыңдар?» – дейді. Олар екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынғандарын айтады. Мәлік жатып кеп ашуланады. Сосын тұрып: «Айтыңдаршы, Алматы мен Мәскеудің арасы қанша шақырым?» – дейді. Біреуі «4800» десе, біреуі «5000 шақырым» деп жатады.
«Мейлі, 4 мың-ақ болсын. Басқаны қойып, қазақтың жиырмаға жаңа шыққан қызы сонша жерден Отанымды, Мәскеуді қорғаймын деп келіп, қолына орыстың винтовкасын алып соғысамын деуінің өзі сендерге ерлік емес пе? Осыдан артық не керек? Дереу құжаттарын қайта дайындаңдар. Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барамын. Тіпті Ворошиловқа кіремін. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды беремін» деп, қайтадан дайындалған құжаттарды алып кетеді. Содан алты ай дегенде Мәншүкке 1944 жылы 5 наурызда Батыр атағы беріледі. Көп жерлерде Мәншүкті Батырлыққа ұсынған Қазақстан үкіметі еді дейді, мүмкін Мәлік оларға хабарласып, «қатынас қағаз жазыңдар» деп сұраған шығар. Әйтпесе майдан даласы қайда, Қазақстанның үкіметі қайда еді?
Аға сержант М.Ж.Мәметоваға Советтер Одағының Батыры атағын беру туралы КСРО Жоғарғы Советі Президиумының Указы
Неміс басқыншыларына қарсы күрес майданында Командованиенің жауынгерлік тапсырмасын үлгілі орындап, мұнымен бірге қаһармандық және батырлық көрсеткені үшін Мәметова Мәншүк Жиенғалиқызына Советтер Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі қоса тапсырылсын.
КСРО Жоғарғы Советі Президиумының Председателі М.Калинин
КСРО Жоғарғы Советі Президиумының Секретары А.Горкин
Москва. Кремль. 1944 ж. 5 наурыз.
Құралайды көзге атқан
Ыбырайым Сүлейменов 100-бригаданың капитан Ушаков басқарған екінші батальонның мергені еді. Бригада ең алғаш неміс фашистерімен шайқасқа кіріскен 1942 жылдың қарашасынан бастап Ыбырайымның даңқы шыға бастады.
Ол Молодой Туд, Приездово, Друздово, Тройня, Плеханово ұрыстарында, одан кейін Невель, Великие Луки қалалары үшін болған қырғын шайқастарда өзінің асқан мергендік өнерінің арқасында көптеген фашистің көзін жойды. Бригада төрт ай бойы бел шешпестен ауыр ұрыстарда болды. Тек 1943 жылдың сәуірінде ғана екінші эшелонға көшіріліп, Великие Луки іргесіндегі Ступино биігінің айналасына жайғасты. Осы уақытқа дейін Ыбырайым Сүлейменовтің жалғыз өзі жер жастандырған фашистердің саны 239-ға жетті. Бұл кезде Сүлейменов жалғыз 100-атқыштар бригадасының ғана емес, берісі бүкіл 3-інші Екпінді армияның, арысы бүкіл Калинин майданының ең атақты мергендерінің бірі болды. Армия, майдан газеттерінде Сүлейменов есімі мадақталған мақалалар жиі басылып тұрды.
1943 жылдың ақпанында 100-атқыштар бригадасы Невель қаласына беттеді. Маусым айында Калинин майданына қолбасшы болып А.Е.Еременко, ал 3-інші Екпінді армияның басшылығына К.Н.Галицкий келді. Ұрыс алдындағы үзіліс кезінде әскери жаттығулар өткізілетін. Сондай жарыстарда Ыбырайым асқан шебер мерген екендігін көрсете білді. Майдан қолбасшысы Еременко оған әбден риза болып, кеудесіне «Қызыл жұлдыз» орденін қадап, қолына өзінің сағатын тақты. Содан соң қапсыра құшақтап: «Есеп бойынша 239 фашисті жер қапсырғаның рас екен. Әрдайым аман бол, сен нағыз батырсың», – деді. Ал Галицкий өзінің «1941-1944 қаһарлы жылдар шежіресі» деген кітабында Ыбырайымның ерлігін сүйсіне жазады.
Тағы бір дерек армиялық «Фронтовик» газетінің 1943 жылғы 10 наурызда шыққан санында басылған. Мұнда «Мерген жолдас, Сүлейменов Ыбырайымдай бол!» деген жалпы тақырыппен құралайды көзге атқан снайпердің фашистерді мұрттай ұшырудағы тәжірибесі, айла-әрекеті басқаларға үлгі етіп ұсынылады. Сонымен бірге Ыбырайымның қару ұстап, түрегеліп тұрған суреті берілген. Беттің төменгі жағына «Орденді мерген Сүлейменов Ыбырайым 239 немісті жер жастандырды» деген сөздер үлкен әріптермен жазылып қойылған.
Даңқты мергеннің ерлігін паш ететін құжаттардың қатарына Краснодар қаласында тұратын запастағы полковник Виктор Ильич Куценков жіберген листовканы да жатқызуға болады. Тараз қаласындағы облыстық өлкентану мұражайына жолдаған хатында ол былай деп жазған: «Сіздердің жерлестеріңіздің асқан ерлігі туралы листовканы жиырма жылдан астам уақыт сақтадым… Соғыс кезінде көптеген жауынгерлер көзге түсті. Сол үшін олар ордендермен, медальдармен наградталды. Ал ең таңдаулылары жөнінде листовкалар жазылатын. Бұл листовканы 3-інші Екпінді армияның саяси бөлімі шығарған. Ыбырайым Сүлейменов жауды жеңуге көп үлес қосты…»
Ыбырайым Сүлейменов 1943 жылы шілде айында Совет Одағының Батыры атағына ұсынылды. 3-інші Екпінді армия әскери кеңесінің бұл ұсынысын Калинин майданының басшылары бір саты төмендетіп, Ленин орденіне түсірді де, Сүлейменовтің жауынгерлік құжатын жоғарыға, Москваға жіберді. Сол құжат бойынша Сүлейменовке КСРО Жоғарғы Советі Президиумының 1944 жылғы 4 маусымдағы Жарлығы бойынша Ленин ордені берілді.
Ол кезде Ыбырайым Сүлейменов өмірде жоқ еді. 1943 жылы 15 қазанда Невель қаласын фашистерден қорғау жолындағы шайқаста бұрынғы 239 фашистің үстіне тағы 60 шақты жауды жойып, асқан ерлікпен қаза тапқан болатын.
Ыбырайым Сүлейменовке ресми түрде батыр атағы берілмегенімен, халық жүрегінде батырлар қатарында өмір сүрді. Өзінің сүйегі жатқан Невель қаласындағы бір көшенің аты бүгінге дейін Сүлейменов есімімен аталады. Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы батыр өскен ауыл Төрткөл колхозына, Тараз қаласындағы бұрынғы Билікөл көшесіне, сол сияқты Сарысу ауданындағы Комсомол ауыл кеңесі мен Қызыл күншығыс колхозына кезінде Ыбырайым Сүлейменов есімі берілген.
Ыбырайым Сүлейменовтің онымен 100-атқыштар бригадасында бірге болған жауынгер жолдастары ешқашан естерінен шығарған емес.
Москваның әскери баспасы 1987-1988 жылдарда шығарған «Герои Советского Союза» деген екі томдықты ақтарсаңыз, көп нәрсеге көз жеткізесіз. Мысалы: «Артемьев Иван Тимофеевич. Русский. Пулеметчик. Огнем своего пулемета уничтожил более 30 солдат и офицеров противника» (1-томның 78-79 беттерін қараңыз);
«Архипов Василий Степанович. Русский. Пулеметчик. При отражении контр атаки противника уничтожил несколько десятков гитлероцев» (1-томның 81-бетінде); Блажун Андрей Федорович. Украин. Стрелок. В рукопашной схватке уничтожил несколько гитлерцев» (сонда, 166-бет) т.б.
Бұл мысалда келтірілгендер соңғысынан өзгесі – пулеметшілер мен автоматшылар. Жалғыз оқты снайпер винтовкасына қарағанда, бұл қарулардан оқты жаңбырша жаудыруға болады. Соның өзінде де олардың әрқайсысының жойған дұшпандары жүзеге жетпейді немесе содан аз-ақ асып жығылады. Ұшақ, танк, зеңбірек емес, жалғыз винтовкамен 341 жауды құрту орасан мергендік, ерлік, ұстамдылық, шеберлік екендігі – ақиқат.
Ыбырайымның Жеңіс күнін жақындату жолында қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай шайқасқан теңдесі жоқ ерлігін тарихи құжаттар, оның осы күні көзі тірі майдандас жолдастары нақты дәлелдермен бұлтарғысыз айғақтайтынын тағы да қайталап айтамыз.
Мәселе – «ол 1942 жылдың басынан 1943 жылдың қазанына дейінгі мерзімде фашистердің 281 солдаты мен офицерін жер құштырған» делінген мәліметте. Бұл цифр қайдан алынған? Бұрыннан мәлім 239-ға Невель қаласы түбінде өлтірілген 42 фашисті қосыңыз. Сонда жоғарыда көрсетілгендей нәтиже береді, яғни немістің атқыштар батальонының тең жартысын жалғыз өзі жойған болып шығады. Қолда бар құжаттарды салыстыра зерттегенімізде, Ыбырайым жер жастандырған басқыншылардың саны 300-ден әлдеқайда көп болғанына көз жеткіздік. Олай дейтінім, Невель қаласын екінші рет жаудан азат еткен 6-қазандағы ұрыстарда 60 жаудың құртылғаны белгісіз себеппен есепке алынбай қалған. Сонымен, атақты мергеннің қолынан оққа ұшқан неміс солдаты мен офицерінің саны 341 болды. Жалғыз оқты винтовкамен осыншама жауды жою – соғыс тарихында бұрын-соңды болмаған ерлік!
Зеңбірекшілердің ерен ерлігі де еленбей қалды
1943 жылдың бірінші қаңтарында біздің әскерлер Великие Луки қаласын жаудан азат етті. Бірақ Великие Луки қаласында жаудың үлкен гарнизоны қалып қойды. Дұшпан жанталасып, қаланы қайта алуға, сөйтіп, қоршаудағы гарнизонға қосылуға тырысты. 100-бригада қаланың батыс жағында қаһарын төгіп, қарсы шабуылға шыққан фашистермен белдесті.
5 қаңтар күні үшінші батарея қалаға қарай жөңкіген жау танктеріне қасқайып қарсы тұрды. Бір батарея фашистердің 30 танкісімен жалғыз шайқасты. Бұл – соғыс тарихында сирек кездесетін жағдай еді.
Біздің зеңбірекшілер мен жау танкистерінің арасында қанды шайқас басталды. Зеңбірек көздеуші Мұқан Омарбаев Әбдірахман Бимурзиннің бұйрығын мүлтіксіз орындап, бұл расчет жаудың бірнеше танкі мен жаяу әскерін жайратып салды. Бұлар жөнінде бригада басшылары мен жауынгерлері қол қойып, Қазақстанға жолдаған хатта былай деп көрсетілді: «Кіші сержант Әбдірахман Бимурзин мен көздеуші Мұқан Омарбаев жаяу әскермен тізе қоса отырып, жаудың бес танкін, бір ротадай әскерін жойды». Есіл Бимурзин сол жерде ерлікпен қаза тапты. Бұл хат «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің 1943 жылғы 8 наурызындағы нөмірінің екінші бетінің дәл жартысына жарияланды.
Мырзаби Елтайұлы Ерназаров өте сыпайы, білімді, ойлы жігіт еді. Бұрын Қазақстан үкіметін басқарған Елтай Ерназаров ақсақалдың жалғыз ұлы болатын. Ол әке-шешесіне айтпастан: «Мен құрдастарымнан қалмаймын» деп, әскери комиссариат арқылы 100-бригадаға алғаш келгендердің бірі еді.
Жоғарыда айтылған Бимурзин бірінші зеңбіректің командирі болса, екінші зеңбіректің командирі Мырзаби еді. Оның зеңбірек көздеушісі Алматы тау-кен институтының бірінші курс студенті, тіл алғыш, шапшаң қимылды Халел Айтбасов болатын. Бұл екі зеңбірек те сержант Рымбек Байсейітов басқарған бірінші взводтың қарамағында болды. Байсейітов жауған оқ, жарылған бомба астында зеңбіректен зеңбірекке жүгіріп, жігіттеріне жігер беріп, басшылық етті. Жоғарыда айтылған тарихи хатта бұл зеңбірек расчеты туралы мынадай жолдар бар: «Политрук орынбасары Мырзаби Ерназаров жаудың үш танкісіне қарсы расчетпен ұрысқа шығып, үш танкінің үшеуін де өртеп жіберді».
Сөйтіп, сержант Рымбек Байсейітов басқарған бірінші взвод бұл күні жаудың сегіз танкін және бірнеше офицері мен солдатын жер жастандырды. Бірақ бұл взвод түгелдей дерлік қырылып қалды. Тек взвод командирі Байсейітов пен Бимурзин зеңбірегінің көздеушісі Мұқан Омарбаев қана денелерінен қан саулап тірі шықты. Лейтенант Месхин бастаған екінші взвод та орасан ерлік жасап, опат болды.
Тек үшінші зеңбіректің көздеушісі Қабдылқай Байжанов қана аман қалды. Батареяның төрт зеңбірегі төңкеріліп, жанында расчеттары жусап жатты. Снаряд таусылып, оқ бітсе де, бірде-бір адам кейін шегінбеді. Кешке қарай барлау взводының командирі Мәті Құсайынов келіп, батареяға кейін шегінуге бұйрық болғанын айтып, тірі қалғандарды қолтықтап кейін алып қайтты.
1943 жылы 5 қаңтарда Великие Лукидің батыс жақ шетінде, Сахно деревнясының іргесінде біздің үшінші батарея фашистердің 30 танкісімен шайқасты. Үшінші батареяның ол ерлігі Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романындағы француздармен жан аямай жағаласқан Тушин батареясының ерлігімен пара-пар еді. Айырмасы: Тушин батареяны өзі басқарып, артиллеристердің қасында болды. Ал үшінші батареяның командирі лейтенант Нұқаш Ералин мен оның орынбасары лейтенант Месхин ұрыс басталар бетте жараланып, тылға кетті. Сондықтан батареяның бірінші взводын сержант Байсейітов, екінші взводын сержант Светличный басқарды. Екінші айырмасы: Тушин батареясы француздардың атты әскер мен жаяу әскеріне қарсы тұрған еді. Ал біздің үшінші батарея әрі жаяу әскермен әрі танктермен шайқасты. Батарея фашистердің он шақты танкін талқандады, бірақ өздері мерт болды. Одан үш адам ғана тірі шықты. Біздің қаһарман жігіттер өздері өлсе де, жауды ілгері жібермеді.
Осы ұрыс үшін үшінші батареяның бірсыпыра жігіттеріне Батыр атағы берілуі керек-ақ еді. Бес танк жойып мерт болған Бимурзин мен үш танкті өртеп опат болған Ерназаровқа І дәрежелі Отан соғысы ордені, ал ол екеуінің зеңбірек көздеушілері Омарбаев пен Айтбасовқа және осындай қиын кезеңде взводты басқарған Байсейітовке ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені ғана берілді.
Ал Ұлы Отан соғысының тарихында екі-үш танкті қиратқаны үшін Совет Одағының Батыры атағын алған артиллеристер әлденешеу.
Атақсыз қалған батырлар
Жалпы, қазақтардың Ұлы Отан соғысында ерлігі ересен болды. Оны мынадан көруге болады. КСРО Батырларынан саны жағынан бірінші – орыстар, екінші орында – украиндар, үшінші орында – белорустар, төртінші орында еврейлер тұрды. Бесінші орынды қазақтар иеленді. Басқа ұлт өкілдерінің бәрі қазақтан кейін тұрды. Бірақ бұл барлық ержүрек адамдардың бағасы емес. КСРО Батыры атағын алуға лайықты көп адамдар атаусыз қалды. Ол туралы ағылшын жазушысы Александр Верт өз кітабында қазақтардың ерлігін ерекше атап көрсетті.
«Батыр» деп жарлықпен Батыр болғандарды ғана айтпау керек, елі үшін жауған оқтың астында жауға қарсы қорықпай бас көтергендердің бәрі – Батыр.
Кеңес Одағы ыдырап, өз алдымызға дербес мемлекет атанғаннан кейін тарихымызды өз көзімізбен, өз сөзімізбен қайта жаза бастадық. Ең алдымен, шейіт боздақтарымыз халқымен қайта қауышты. Барлығын Мәскеу шешіп тұрған заманда Ұлы Отан соғысында да боздақтарымыздың қағажу көріп, «марапат қазанынан» қағылғаны енді белгілі болып жатыр. «Айтпаса сөздің атасы өледі» дегендей, іштегі шерді тәуір-ақ ақтардық. Әлі де ақтара береміз. Тек есітер құлақ содан нәтиже шығарып, әділдік пен шындық орнатар «үлкен жүректі азаматтар» ат үстінде болсын дейік.
Отан ортақ болғанымен, орталықтың ала қойды бөле қырқып, ұсақ ұлт өкілдерінің ерен ерлігін елеусіз қалдыруға тырысқанын несіне жасырамыз. Ерлікті бағалауға келгенде Кеңес үкіметінің басшылары нәсілшілдікке бой алдырды. Аз ұлттардың өкілдерін ұлты орыс қолбасшылар мен командирлер тарапынан кемсітуге жол берілді. Олар өздерінің түймедейін түйедей етіп көрсетуді мақсат тұтты. Славян нәсілдердің басқалардың майдандағы көзсіз ерліктеріне күдікпен қарауы, менсінбеуі орын алды. Бұл – тоталитаризмнің сталиндік солақай саясатының салдары еді.
Біз, бүгінгі ұрпақ, ештеңені ешқашан ұмытқан емеспіз және ұмытпаймыз да. Қазіргі сәулетті өмір үшін жанын пида етіп, кеудесін оққа төсеген, арамызда әлі де белгісіз болып келген ерлер есімін ел есінде қалдыру – бәріміздің азаматтық борышымыз. Біздің міндетіміз – 1418 күн мен түндегі ел тағдырын еңкеймей көтерген аға-әкелеріміздің қаһармандығын бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп көрсету.
Осыған орай, қолда бар мұрағат деректеріне сүйене отырып Ұлы Отан соғысында ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, алайда саяси солақайлық, тарихи әділетсіздіктің кесірінен бұл атаққа ие бола алмай қалған қандастарымыз жөнінде қысқаша мәлімет беруді жөн көрдік.
Олар: 1. Біләл Қалиев – 1941 жылы 8 тамыз күні Берлинді бомбалады. 16 тамыз күні екінші рет бомбалады. Аса қауіпті тапсырманы орындауда асқан ерлік пен кәсіби шеберліктің жоғары үлгісін көрсетті.
2. Балтабек Жетпісбаев – Панфилов дивизиясының артиллерия полкінің комиссары, командирі. Ол басқарған батарея қысқа мерзім ішінде жаудың 6 танкісін, 13 машинасын, 120 солдат пен офицерін жойып жіберген.
3. Аманша Меңдіғалиев – Панфилов дивизиясының батарея командирі. Батарея жаудың жалпы саны 4 танкісін, 5 бронемашинасын, 18 оқ ататын нүктелерін жойды, 200 солдат пен офицерін оққа ұшырды.
4. Төлеуғали Әбдібеков – Панфилов дивизиясының мергені. Гитлершіл батыр қазақтың соңғы атқан оғынан сеспей қатты. Бұл атақты мергеннің есебіне енген 395-інші дұшпаны болатын. Фашистер оны «Қара өлім» деп атаған.
5. Сұлтанбай Ысқақов – Бір өзі гранатпен және автомат оғымен 52 фашисті өлтірді, жаудың 2 пулеметін және танкі ататын мылтықтың расчетін жойды, 7 неміс солдатын тұтқынға алды. Екі сағаттық ұрыста 25 жауынгері ерлікке бастап бүкіл полктің ілгері басуына мүмкіндік берді.
6. Сембай Қалиев – Будапешт түбіндегі ұрыста жаудың 20 бронемашинасын, 8 танк, 12 бронетранспортерін жойып жіберген батареяның командирі.
7. Оразай Самақов – Батарея дұшпанның 5 танкісін жандырып, 3-еуін істен шығарды. Артиллеристерді бірнеше рет жау снарядының жарылысынан кейін топырақ басып қалды. Соған қарамастан, олар зеңбіректі тез ретке келтіріп, фашистерге қарсы тұра білген.
8. Ораз Әлібаев – Барлауда жүріп Ораз Ленинград түбіндегі Ладога көліне немістердің 10 мың адам десант түсіру жоспарын біліп, хабарлайды. Күн ілгері хабарланған кеңес әскері 10 мың адам неміс десантын Ладога көлінде мұз үстінде түгел жойып жібереді.
9. Ысқақ Уәлиев – Старшина Ысқақ Бәлиұлы Калинин майданының үздік мергені атанып, екі рет «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Ержүрек жауынгер жаудың 227 солдат-офицерін құрдымға жіберген.
10. Алқар Унгаров – Офицерсіз қалған ротаны аға сержант А.Унгаров шабуылға көтерген. Жауынгерлер бұл ұрыста 38 жау әскерінің көзін жойып, 61-ін тұтқынға алған.
11. Ғали Әділбеков – Гвардиялық танк полкінің командирі. Соғыс қарсаңында бронетанк әскерлерінің академиясын бітірген. Ол басқарған полк жаудың 29 танкісі мен бронемашинасын, 20 танкіге қарсы ататын зеңбірегін, 3 батальон жаяу әскерін құртты.
12. Ғұсман Ахметқалиев – Орел-Курск доғасындағы жан беріп, жан алысқан шайқаста бөлімше командирі Ғұсман бес дұшпанды атып өлтіріп, 22-сін гранатамен жайпап, 19-ын тұтқынға алған. «Қызыл жұлдыз» орденімен екі рет марапатталған.
13. Әбіл Нүсіпбаев – Панфилов дивизиясының атақты мергені. 260 фашистің көзін жойған. І дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталған.
14. Әбен Ахметов – Берлин түбіндегі болған шайқастарда гвардия лейтенанты Ә.Ахметовтің зеңбірекшілері жаудың 1«Тигр», 2«Пантера» танктері мен 5 бронды машинасын атып, өртеп жіберді.
15. Ораз Бұзақаров – «Егемен Қазақстан» газетінің 2000 жылғы 9 мамырда шыққан мерекелік басылымында ҚР Мұрағатының бөлім меңгерушісі Ә.Ипмағанбетованың Бауыржан Момышұлы жөніндегі мақаласы жарық көрген болатын. Сол материалда көрсетілгендей, 1942 жылы Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновтың Мәскеуден Қазақстанның Орталық партия Комитетіне жеделхат жолдап: «Біз Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған жолдастар: Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин, Балтабек Жетпісбаев, Ораз Бұзақаров туралы қажетті өмір-деректік мәліметтерді жіберулеріңізді сұраймыз. Капитан Б.Момышұлы туралы мәліметтер жеткіліксіз болып шықты», деген. Әйтсе де бізге белгісіз себеппен Б.Жетпісбаев пен О.Бұзақаров кезінде өзінің әділ бағасын ала алмағаны қазір ғана белгілі болып отыр.
16. Алтыншаш Нұрғожинова – 1924 жылы туылған, ұлты – қазақ. Әскерге Мәскеу қаласының Сталин аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. 1941 жылы Орал әскери округінен алты айлық командирлер курсын бітірген. Қазақтың тұңғыш офицер қызы. Гвардия лейтенанты. Орталық, Воронеж және Украина майдандарында соғысқан. 237, 70-атқыштар дивизияларында батальон комсоргі болған.
Игіліктің ерте кеші жоқ. Сондықтан бұдан 68 жыл бұрын жасалған әділетсіздікті кеш болса да түзетуге пәрменді шаралар қолданылуы тиіс деп ойлаймыз. Ол үшін Ұлы Отан соғысының 70 жылдығын мерекелеуге байланысты құрылған республикалық ұйымдастыру комитеті қажетті материалдарды кешіктірмей дайындап, Елбасының алдына мәселе қояды деген үміттеміз. Торқалы той қарсаңында тарихи қателікті түзетіп, атақсыз қалған батырларға «Халық Қаһарманы» деген жоғары атақ берсек, нұр үстіне нұр болар еді.
2010 жылғы 12 желтоқсанда еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған қазақстандық дербес ұлттық 100 және 101-атқыштар бригадалары жауынгерлеріне арналған мемориал қаһарман Ржев қаласында салтанатпен ашылды. Ол ұзындығы 27 метр болатын гранит қабырғадан тұрады, онда Қазақстанның алып картасы бейнеленген. Картада осы бригадалар құрылған Ақтөбе және Алматы қалаларының, сондай-ақ еліміздің бас қаласы – Астананың аты жазылып, жұлдызшалармен көрсетілген. Мемориалдың іргелес аумағы түгелдей абаттандырылған.
Ескерткіштің эскизін қазақстандық сәулеткерлер жасап, оның құрылысы Ақтөбе облысының бюджеті арқылы қаржыландырылды. Ескерткіштегі гранит тақталарға 10 мыңнан астам қазақстандық жауынгердің аты-жөні ойып жазылған.
Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор ҚР ГҒА-ның академигі, ҚР Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.