АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

 Марста өмір сүруге болады

Жақында НАСА ғалымдары «Марс планетасында қазірдің өзінде өмір сүруге болады» деген пікірге келді. Жер планетасындағы Антарктида, Чилидегі Атакама шөлі сияқты Марсқа ұқсас жерлерде бактериялар тіршілік жасайды екен. Демек, Қызыл планетада да тіршілік иелері болуы тиіс.


Марс планетасында құрамын­да еріген тұзы бар сұйық түрдегі су бар. Ондағы тұз атмосферада­ғы ылғалды сіңіріп, бойына жи­нап отырады. Чили шөліндегі эксперименттің көрсеткіші бойынша, бұдан бұрын Қызыл планетаға жіберілген марсар­балары (марсоход) топырақты алғанда қыздырып жіберіп, Марстағы тіршілік белгілерін жойып жіберген деген тұжырым жасап отыр астроном ғалымдар. Осыған байланысты қазір жаңа технологиямен жабдықталған Curіosіty марсоходы Қызыл пла­нетаны жаңаша зерттеуге дайындалып жатыр.

Түрлі микроорганизмдер өмір сүріп жатқан Чили құмын қыздырған кезде тіршілік бел­гілері мүлде жойылатын көрі­неді, бұл эксперимент кезінде анық­талған. 2008 жылы Қызыл планета бетіндегі құм қабатынан мұзға айналған су табылған бо­латын. Соған қарағанда, Марс бетінің қыртыстары басқа да тың жаңалықтарды ашуы мүм­кін. Ең бастысы, тірі ағзалар­дың табылуы мүмкін. Мысалы, жер бетіндегі дамуы ең сусыз шөл да­лада бактериалдық пленкалар бес метрлік тереңдікте дамиды екен. Бәлкім, Марс бетінің ас­тыңғы қыртыстары да тірі ағза­ларды жасырып жатқан шығар деген дәмеде ғалымдар.

НАСА-ның Dіscovery Program жобалары бойынша Марстың беті ғана емес, тереңдегі топы­рағы да тексерілмек. Ол үшін 2016 жылы Марстың беті бұр­ғыланып, бес метр тереңдіктен алынған топырақ Жерге жет­кізіледі. Ал ІnSіght қондырғы­сы инфрақызыл диапазонда ска­нер жасап, Марс планетасына сейсмикалық, геодезиялық зерт­теулер жүргізеді. Қызыл пла­нетаның бетіне түсірілетін зерттеу құралы 2008 жылы Марс­тың полярлық аумағына қон­ған Phoenіx Mars аппаратына ұқсас. ІnSіght-тің бұрынғы құ­рылғыдан айырмашылығы – Марстың бетіндегі бос жатқан материалдарды емес, оның қой­науында бес метрлік терең­дікте жатқан топырақты алып зерттеу. Марс бетіне түсіріле­тін аппарат стационарлық бола­ды. Ол инфрақызыл сәулелер арқы­лы Марс ядросы Айдағы сияқ­ты қатты, суық, немесе Жердің ядросы сияқты қайнап жат­қан сұйық па, соны зерттейді.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

 

http://www.aikyn.kz