АЛТЫНОРДА
Новости

МАРЫ – ТҮРКІ МӘДЕНИЕТІНІҢ БАС ҚАЛАСЫ

Былтыр қазанда айында өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің 32-отырысында қабылданған шешім бойынша, Түркіменстанның Мары қаласы – түркі дүниесінің 2015 жылғы мәдени бас қаласы болып бекітілді. Осыған орай Қазан қаласынан келесі эстафетаны алған Мары шаһарында «Мары – түркі дүниесінің мәдени бас қаласы-2015» жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Марыдағы «Рухыет» мемлекеттік сарайында өткен шараға Түркіменстанның мәжіліс депутаттары, түркітілдес елдердің мәдениет ведомстволары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен мәдениет майталмандары, журналистер мен жастар қатысты. Сондай-ақ, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының өкілдері мен Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Македония, Босния-Герцеговина, Венгрия, Болгария, Гагаузия (Молдова Республикасы), Ресей Федерациясының құрамындағы Татарстан, Башқұртстан, Хакасия, Тува, Саха-Якутия, Калмыкия, Алтай сынды түркі әлемінің түкпір-түкпірінен шығармашылық топтар келді.
Салтанатты ашылу рәсіміне арнайы сәлем хат жолдаған Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов тарихи шараға қатысып отырған барлық қонақтарды айтулы мерекелік күнмен құттықтап, адамзат өркениетінің тарихында елеулі орны бар ежелгі Мары қаласының түркі дүниесіндегі мәнін ашып, түркімен халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрі, өнері мен мәдениеті әлем халықтарының жақындасуына қызмет ететіндігін тілге тиек етті.
Мерекелік шараның тарихи маңыздылығын баян еткен ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Түркіменстан президентіне халықаралық шараның өтуіне қолдау көрсетіп, түркі дүниесінің өнер мен мәдениет саласына қосқан сүбелі үлесі үшін алғыс білдірді. «Бүгінгі күні «Түркі дүниесінің мәдени бас қаласы» жобасының аясында эстафетаны қабылдап алған ежелгі Мары қаласы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік тізіміне енгені баршаға мәлім. Осы қасиетті жерде әлемдік өркениетінің ежелгі орталықтары мен жалпы мәдени мұраның құндылықтарын сезінуге болады. Сондықтан Мары қаласының теңдессіз мәдени мұрасы түркі дүниесінің мәдени орталығы болуға әбден лайықты», – деп, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы шараның мәнін тереңдете түсті.
Шара шеңберінде өткен концертке еліміздің талантты өнерпаздары қатысты. «Ақ жайық» ансамблінің Т.Ақбөкен, А.Ноғайбаева, Ә.Набиева, А.Ержанова, Т.Жұмағалиев, Г.Жұматаева, А.Жалғапов, Б.Ақтаев, Е.Баймұратов, С.Байменова сынды өнерпаздары қазақтың дәстүрлі музыкасымен түркітілдес елдерден келген қонақтарды тәнті етті. Әсіресе белгілі домбырашы Темір Ақбөкеннің түркіменнің ұлттық аспабы дутармен қазақтың күйлерінен поппури орындағанда түркімен жұртшылығы дән риза болды, деп хабарлайды ТҮРКСОЙ-дағы Қазақстанның өкілі Мәлік Отарбаев.

http://www.qazaquni.kz/?p=33387