АСТАНА. 31 қаңтар. BAQ.KZ – Қолда бар қаржыны ұқсата алмайтын әкімдерді қызметінен кетіру керек. Өңірлік даму министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Серік Ахметов осындай пікір білдірді, деп жазады «Айқын» газеті.
«Әкімдерді бағалау критерилерінің бірі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға қатысты болатынын айтқым келеді. Бізде кейбір әкімдер бөлінген қаржыны игеруге қауқарсыз. Міндеттерін атқара алмаса аудандар мен қалалардың әкімдерін қызметінен босатыңыздар.
Облыс әкімдеріне осындай тапсырма жүктеймін. Мәселе шешпесе, әкім не істеп отыр?!», – деді ол.
Осыдан соң С.Ахметов мемлекеттік бағдарламалар үздіксіз және кедергісіз жүзеге асуы тиіс екенін атап көрсетіп: «Министрлік Қолжетімді баспана – 2020», «Ақбұлақ», Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламалары бойынша қойылған мақсаттарды мінсіз атқаруға міндетті. Қаржының тапшылығы бағдарламаның орындалмауына себеп емес. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы жүзеге асуы керек. 2013 жылдың қорытындысы бойынша тапсырылған 6,8 млн шаршы метр тұрғын үйдің жартысы жеке инвестициялар есебінен салынды. Егер біз барлық жағдайды, базаны, инфрақұрылымды құрсақ, бизнес құрылысқа тартылады. Бизнестің құрылысқа арналған қаржысы да бар», – деді.
Оның сөзінше, өңірлерді дамыту мен қаржыландыруға қатысты бірде бір жоба Өңірлік даму министрлігінің қатысуынсыз өтпеуі керек. Ал бағдарламалардың орындалуы мен қаржының игерілуі айрықша назарда тұруы тиіс.
Сөз арасында бас министр «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша салынған үйлердің құны белгіленген бағадан өспейтінін айтты. «Жақында бір шаршы метрдің бағасын 10 мың теңгеге арттырдық. Енді, бұдан артық көтере алмаймыз. Адамдардың табысы да қарқынды өсіп отырған жоқ. Мысалы, Ақтөбе облысында бір шаршы метр 90 мың теңге.
Олар бұл соманы Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі желісі бойынша жалға алушылар үшін және басқа да бағыттар бойынша да сақтап отыр. Алайда бұл жерде жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыру жүріп жатыр…» деді С.Ахметов.
Бұдан кейін Министрлер кабинетінің жетекшісі ауыл шаруашылығына қажет жерлердің есебін жүргізу мәселесіне назар аудартып, былай деді: «Осы жылы біз ауылшаруашылық мақсатта қолданылатын жерлердің инвентаризациясын аяқтаймыз. Агенттік бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарды, ал қазіргі уақытта мұнымен жер ресурстарын басқару комитеті айналысады. Сондықтан министрлікке осы жылы жерлердің инвентаризациясын аяқтауды және 2015 жылдың бірінші тоқсанында тиісті ақпаратты үкіметке ұсынуды тапсырамын. Бұл салада шешім қабылданып, заңнамаға өзгерістер енгізілетін болады».
Үкімет басшысы жай жатқан жерлер мемлекеттің иелігінде болуы керектігін тілге тиек ете келіп: «Бұл – маңызды мәселе. Мен мұны Ақмола облысы мен Астана маңындағы жерлерге қатысты айтып отырмын» деді.
Әңгіме ауаны Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасына ауысқан кезде Үкімет басшысы 2020 жылға дейін 10 млн шаршы метрден астам үй бой көтеретінін жеткізді. «Мен әкімдердің рөлін атап өткім келеді. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы Үкіметке емес, алғашқы кезекте өңірлер үшін әзірленген құжат. Әкімдер халық алдында есеп берген кезде маңызды мәселенің бірі ретінде баспана құрылысын атап өтеді, оның ішінде тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бар. Осы бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері барынша түсінікті әрі қолжетімді болуы тиіс» деді ол.
Алқа мәжілісінде баяндама жасаған Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев биыл «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша 6,9 млн шаршы метр баспана салынатындығын жариялап: «Өткен жылы «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында республика бойынша 6,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 6,9 млн шаршы метр, оның ішінде республикалық бюджет есебінен 766 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған» деді.
Оның сөзінше, 16 өңірдің төртеуінде ғана жалға берілетін тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылым салуға бөлінген трансферттер толық игерілмеген.
«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасында межелі мерзімге дейін құрылыс көлемін 10 млн шаршы метрге дейін жеткізу көзделген. Қойылған міндетке қол жеткізу үшін индустриялық үй салу комбинаттарын құру бойынша, үлгілік жобалау бойынша, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге түзету енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр» деді баяндамашы.
Министрдің мәлімдеуінше, тап қазір бірқатар өңірлерде үлгілік жобалар бойынша тұрғын үй салу тәжірибесі бар. 2014 жылы кірпішпен және панельмен толтырып, қаңқа технологиясы бойынша, коридор және мұнара типті, жайлылығы 3 және 4-сыныпты 5, 9-қабатты тұрғын үйлердің, сондай-ақ, бір және екі қабатты тұрғын үйлердің үлгілік жобалары әзірленеді.
Алқа мәжілісін қорытындылаған
С.Ахметов министрлікке жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жаңарту және аудан орталықтары мен елді мекендерді дамыту жөніндегі кешенді жоспарларды, сондай-ақ ауылдық округтерді дамыту туралы облыстық іс-шаралар жоспарларын тиянақтауды тапсырды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы Өңірлік даму министрлігі 2030 жылға дейінгі Астана және Алматы агломерацияларын дамыту стратегиясын әзірлеуі, өңірлерді дамытудың бірыңғай бағдарламасын аяқтауы қажет. Бұл іс сапалы әрі жылдам атқарылуы тиіс» деп түйді ойын Үкімет басшысы.
http://baq.kz/kk/news/42943