Ресей АҚШ-тың жаңа ұлттық қауіпсіздік стратегиясын «Ресейге қарсы бағытталған» деп сынға алды. Ресей ұлттық қауіпсіздік кеңесінің мәлімдемесінде «АҚШ келешекте ұзақ уақыт бойы одақтастарымен бірге Ресейді саяси және экономикалық тұрғыдан оқшаулай беру саясатын жалғастыратыны» айтылған.
Ақ үйдің жаңартылған ұлттық қауіпсіздік стратегиясында Ресей Қырымды аннексиялап алып, Шығыс Украинадағы ресейшіл сепаратистерге қолдау көрсеткен, «қауіпсіздікке қатер төндіретін аймақтық агрессор» деп сипатталған.
Ресей ұлттық қауіпсіздік кеңесі АҚШ «антиресейлік саяси бағыт» қалыптастыру үшін Ресей әріптестік орнатқан елдерге ықпал етуге және посткеңестік кеңістікте «Ресей ықпалын төмендету үшін үлкен күш жұмсап жатыр» дейді.
Ресей бұған қоса АҚШ Ресейдегі саяси режимді ауыстыру үшін «Украина президенті Виктор Януковичті құлатқанда пайдаланған технологияны қолдануы әбден мүмкін» деп біледі.
2013 жылдың қарашасында Украина президенті Виктор Януковичтің Еуропа Одағымен ассоциация орнату жөніндегі келісімге қол қоюдан аяқ астынан бас тартып, Мәскеумен жақын байланыс ұстауды қолдап шығуы Киевте үкіметке қарсы жаппай наразылықты күшейткен. «Еуромайдан» атауға ие болған жаппай толқулар нәтижесінде 2014 жылдың ақпанында Янукович Ресейге қашуға мәжбүр болды.
http://www.azattyq.org/archive/news/latest/330/330.html?id=26921628