АЛТЫНОРДА
Новости

Мәскеу Украинадағы сайлауды заңды деп таныды

Мәскеу Украинада өткен парламент сайлауын мойындады деп мәлімдеді Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасин. Оның айтуынша, Жоғарғы Рададағы күштер ара салмағының айқындалуы Украина басшылығына «қоғамның басты мәселелерін шешумен шындап айналысуға» мүмкіндік жасайды.

Бүгін Украина орталық сайлау комиссиясы 26 қазанда өткен кезектен тыс парламент сайлауында берілген дауыстардың 30 пайыздан астамын санағандағы алғашқы нәтижесін жариялаған. Ол бойынша, сайлаушылардың 21.6 пайызының қолдауына ие болған президенттің «Петр Порошенконың блогы» мен 21.7 пайыз дауыс жиған премьер-министр Арсений Яценюктің «Халық майданы» блогы алға шыққан.

Тағы бір батысшыл ұйым – «Самопомощь» партиясы 10.8 пайызбен үшінші боп тұр.

Порошенко 26 қазанда телеарнадан сөйлеген сөзінде сайлаушылар «Украинаның Еуропаға беталысын айқын қолдағанын» айтқан.

450 орындық Жоғарғы Радаға енуі мүмкін партиялар арасында құрамына көпшілігі бұрынғы президент Виктор Януковичтің Аймақтар партиясының өкілдері кіретін «Оппозициялық блогы», Олег Ляшконың радикалдық партиясы мен экс-премьер Юлия Тимошенконың «Батькивщина» партиясы бар.

Украинадағы сайлауды бақылауға ЕҚЫҰ-ның 700 өкілі қатысты. Бақылаушылар дауыс беру барысында айтарлықтай заң бұзушылықтар болмағанын айтады.

Петр Порошенко мен Арсений Яценюк елдің демократияшыл үкіметі мен парламентін жасақтауға дайын екендерін мәлімдеп үлгерді. Порошенко бүгіннен бастап жаңа үкіметті жасақтау туралы келіссөздер басталатынын да айтты.

http://www.azattyq.org/archive/news/20141027/330/330.html?id=26658839