АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Махаббат құрбаны(Әңгіме)

максатГүлжан үлгілі, оқыған-тоқыған отбасынан шыққан қыз. Кішкентайынан ана мен әке тәрбиесін санасына сіңіріп өскен еді. Мектепті де үздік бітіріп, жоғары оқу орнын да «қызыл» дипломмен аяқтаған болатын. Анау-мынауға көңіл бөлмей, жұмысқа орналасып, ата-анасына «нанын» жегізіп жүрген. Жігітпен қыдыру дегенді ойына да алмайтын. Биге, кештерге анасының рұқсатымен ғана баратын. Қазір ойлап отырса, студент шағында да курстастарымен қыдырып көрмепті. Осының барлығы анасының айтқанын екі етпей үйренгендіктен болар, бәлкім. Анасы:

– Қызым, өзің үшін айтамын, есіңнен шығарма! Ең бірінші мақсатың – оқу, екіншісі – жұмыс, содан кейін – тұрмыс құру. Күйеу ешқайда қашпайды, басың аман болсын, жаның таза болсын! Қасиетіңді бағалайтын адам кездеседі әлі, – деп болашағын айқындап бергендей болған.
Сөз сыйлап өскен қыз анасының айтқанын бұлжытпай орындады. Университеттің соңғы жылында курстастарының біразы отбасын құрып, дипломмен бірге бөбектерін көтеріп ауыл­дарына қайтқанда да Гүлжан аса қызықпай, салқынқандылық танытқан еді. Жігіттерге көңіл бөлмей, олардың сөздеріне де мән бермейтін. Сыр тартпақ болған құрбыларына:
– Асығатын не бар. Үлгеремін әлі бәріне, – деп күлетін де қоятын. Олар бұдан басқа жауап ала алмасын біліп, әңгімені бұдан әріге созбайтын. Сол асықпағанымен жүріп, жиырма бес жасқа дейін жігіт атаулыны жанына жолатпады. Сырттан бақылап жүрген жігіттер де мұның сырын біліп, ұзақ қарап тұрып, бір күрсініп кете баратын.
Осындай ұстаныммен жүрген Гүлжанның жасы да біразға келіп қалды. Алған мамандығымен жұмыс істеп жүр. Жеке басында ешбір өзгеріс жоқ. Бір күніне екінші күні ұқсап, өмірі өтіп жатты. Жұмыс пен үйдің арасына ғана аяқ ізін түсірген Гүлжанның күндері жылжып жатты. Оның бар ынтасы жұмысына ғана ауған. Оның ойына өзгеру не басқалай қызық іздеу кіріп-шықпайды да. Бірде сылқым сұлудың жүрек тұсы әнтек шым етіп, көзіне бейтаныс біреу жылы ұшырай кетті.
Оқиға былай басталған еді. Ол жұмыстас құрбы келіншегінің туған күніне барған. Қонақтар көп жиналыпты, негізінен өзі құралпы жастар екен. Жолдастары, сыныптастары, туған-туыстары – әйтеуір толып жатыр. Бірен-саран үлкендер мен бала-шаға. Шағын отырыстың асабасы аса сөзшең жігіт екен. Алғашқы сөзін әр адамды жеке таныстырудан бастаған ол, барлығының ерекшелігін тауып, оралымды тілінің өнерін көпшілікке танытып үлгерді. Кезек Гүлжан мен Жанатбекті таныстыруға келгенде ебін тауып, өте әсірелемей ғана олардың бойдақ екендіктерін айтып өткен. Асабаның:
– Білімнен меруерт терген, білгенін еліне берген, бұл өмірде тек өзіне сенген, құралай көзді, қас сұлу – төрде отырған жаны гүлдей жайнаған ару – Гүлжан. Телефоны – Актив, жігіттер жағына пассив. Әлі күнге ерлерден серік таппаған бойдақ қызымыз деуі мұң екен қаншама жанар өзіне тіктеп қарап қалды. Гүлжан бұндай болады-ау деп ойламаған. Жасқанған жанарын төмен салған күйі біразға дейін өз-өзіне келе алмай отырды. Еріксіз тер буып, құлағы кенет біріп қалғандай болды. Сол баяғы асабаның «Таныстық үшін алып қоялық» деген сөзін де естімей қалыпты.
– Гүлжан сұлу, көпшіліктен қалмайық та, – деген өзіне арналған, өтініштен гөрі талап етуі басым саңқ етіп естілген асаба сөзінен кейін мең-зең күйде басын көтергенде бетінің қызуы әлі басылмаған болатын. Қаймыға халыққа қарағанда алғаш көзіне түскені Жанатбек болды. Ол ыңғайсыз жағдайға түскен қызды барлай қарап отырғандай көрінді бұған. Әйтсе де екеуінің жанарлары әнтек кездесіп қалған олар бір-бірінен көздерін ала алмай қалған. Жігіт сыр бермеген болып, бірінші болып назарын басқаға аударғанда да бұл жәудіреп қарап қалған. Бұдан кейін де көпшілік арасынан оны еріксіз іздеумен болған еді. Бірақ жігіт байқамаған кейіп танытқандай болған.
Жанатбек той иесінің сыныптастарының бірі болып шықты. Киім киісі, сөйлеген сөзі өзіне аса жарасым беріп тұратын оны жолдас­тары «Жан» дейді екен. Жігіттердің ішіндегі сымбаттысы да, ақылдысы да осы Жан болып көрінді Гүлжанға. Іштей «Жан десе жан ғой» деп ынтыға түсті. Жан шет тілдер институтының француз тілі бөлімін бітірген көрінеді. Өзі де құдды бір француз секілді. Біраз жыл аудармашы болып жұмыс істеген екен, қазір бір шетелдік фирмада қызмет жасайтын болып шықты. Ол шетелдерде, Парижде болғанын балын тамыза әңгімелегенде тыңдаушылары аузына қарады да отырды.
Талай жігіт сөз салғанда ешбіріне пысқырып та қарамай қойған Гүлжан, сол күні беймәлім сезімнің жетегіне берілген. Билеп жүргендерден бөлініп шыққандағысы да сол Жанды іздеу, оны бір көру болатын. Санасы сергек болса да, өзін-өзі түсінбей әлек. Барлық әрекеттер еркінен тыс болып жатыр. Ішкі дүниесі ала сапыран дауыл дерсің. Денесі бір өртеніп, бір басылады. Жанның көзіне жанары түйіскен сәтте аққұба, әдемі келбетінде кенет қан ойнап, қызарып кетті. Гүлжан өзінің бір көргеннен ессіз ғашық болғанын ұқты. Осы сәтте де ана сөзін есіне алып, «Оқуымды бітірдім, жұмыс істеп жүрмін. Енді жеке басымның өмірімен айналысуға әбден болады» деп шешті.
Түсініксіз жағдайда басталған кеш аяқталуға жақындады. Гүлжанның мазасыз жалғасқан бір кеші аяқталмастай ұзақ сықылды. Бірен-саран жұрт қайтып та кеткен. Алғашқы махаббаттың әлегіне түскен Гүлжан Жанның дауысын естігенде қаққан қазықтай, қозғала алмай қалған. Күтпеген жерде келіп, өз атын айтады деп ойламаған қыздың тұла бойынан тоқ жүріп өткендей болды. Қыздың оң иығына алақанын қойып:
– Қарсы болмасаңыз, шығарып салайын, – сыпайы ғана өтініш жасап тұр Жан.
Қыздың жүрегі лүпілдеп, аузына тығылардай болды. Демі тоқтап қалғандай, үні шығар емес. Әрі-беріден соң тұтығып, сөйлей алмай қалды. Өзін-өзі әзер билеп, ішкі сезімін байқатпауға тырысып, сөзге араласты.
– Жарайды. Жалғыз қайтуға өзім де қаймы­ғып тұр едім. – Сыр бермегенсіп, анық сөйледі.
Екеуі түнгі қаланың көшесімен біраз жаяу жүрді. Талай тақырыпта сөйлесіп, бір-бірін ептеп таныта бастағандай болды. Арасында ортақ таныстары да шығып жатты. Әңгімемен Гүлжанның үйіне қалай келгендерін де байқамай қалды. Бір-біріне бойы үйреніп қалған жігіт пен қыз қоштасуға асықпады. Тоңазыған қолын уқалап тұрған қыздың саусақтарын өзінің жылы уысына алып жылытып тұрған жігіт әуелі түйіскен қолдарға, содан соң қыз көзіне ерекше нұр төге қарап тұрды да:
– Гүлжан, көріскенше сау болыңыз! – деп Гүлжанның қолынан биязы өпті. Қыздың бойы­нан жан кетіп қалғандай. Тіл қатуға да шамасы келмеген. Тек басын изеуге ғана мұршасы келді. Бұл Гүлжанның қоштасуы болды.
Қандай жігіт! Тәрбиелі, нағыз серінің өзі! Ғашық жан жігіт бойынан бір мін таппайды.Үйге келген соң да қиялға беріліп, біразға дейін ұйықтай алмай жатты.
Осыдан кейін екеуі телефон арқылы хабарласып, күнде кешке қыдыруға шығады. Гүлжан әрбір кездесуді асыға күтетін болды. Шын ғашық махаббаттың дәмін татып, сүйіктісінің қас-қабағынан күйін оқып, болашақ туралы нақты жоспарлар құра бастады.
Сезімдері бір арнада ұштасқан сүйген жан­­дар арада үш ай өткенде үйленіп, отау құрды. Дүрілдеп өткен той артынан екі жастың бақыт пен қуанышқа толы күндері өтіп жатты. Жұмыстан кейін бір-бірімен сағынысып көріседі. Тіпті кейде ас ішпеске де бар бұлар. Құшақтасып, өбісіп, ішпей мас күйде жүрді. Үйдің тірлігін де бірге бітіріп тастайды, бірге қыдырады, ас үйде де үнемі бірге. Бұлар шын бақытты еді.
Сол бақытты күндердің ғұмыры қысқа болды. Жан өзгере бастады. Әуелгі жұмыстан ара-тұра кешігу кейінгі уақытта тым көбейіп кеткен. Мінезінде де бір шырт етпелік пайда бола бастады. Гүлжан Жанды танымауға айналды. Іштей қиналғанмен, көңіліне келер деп ештеңе айта қоймады.
Бір демалыс күні Гүлжан үй ішін жинап, ертеңгі жұмысқа киімдерін дайындап жүрген. Өзі ерекше көңілді. Ара-тұра ыңылдап ән айтып қояды. Жанның костюм-шалбарын щеткалап, ілгішке ілгені сол еді шалбарының қалтасынан сусып әлдене түскендей болды.
Еш жаман ойға бармаған келіншек еңкейіп, жерге түскен бүктеулі жылтыр қағазды көтеріп алды. Ішін ашып қараса, аппақ ұнтақ. Иісі жоқ. Келіншектің денесі мұздап сала берді. Түсі таза, ісі қара осы бір дүниенің әлемді бүлдіріп жатқан қарекетін айтпаса да түсінікті. Гүлжан өзінің сүйген жары, келбетті де білімді, бір бойында қаншама жақсы қасиеттері бар, Құдайға өз жолында осындай жанға кездестіргеніне күн сайын алғысын білдіріп жүрген, пір тұтатын жаны, «жан» десе, Жаны – Жанатбегі осының құрбанына айналды дегенге еш сенгісі жоқ. «Жоқ. Мен қателесіп тұрған болуым керек. Мүмкін емес. Келген соң осы сөзімді өзі де растар. Гүлжан жамандық шақырма. Қателескен боларсың. Ештеңе етпейді. Бұдан еш нәрсе де бүлінген жоқ. Тек мен қателескен болайын, мен…» деген ой келіншекті жақсылыққа тартады. Біресе, өзі теледидардан сан рет көрген нашақорлар келбеті келді көз алдына келе қалады. Солардың ортасында өзінің сүйіктісі де кейіп-келбеті келіспеген қалыпта жүрген сияқтанды. Жас әйел жалма-жан күйеуін олардың арасынан алып шыққысы келгендей, жан ұшыра басын қайта-қайта шайқап, есеттен құтылғысы келіп жанталасып кетті. Ойы сан-саққа жүгірген Гүлжанның миы қатты. Сүйіктісін осыншалық төмендеуге қимайды. Бір сәт «біреудікі шығар, қайтарып берер» жарына «қорғаушы» болса, «Әй, соңғы кезде күрт өзгеріп кетіп еді. Осының әлегі болмаса қайтсін» деген ой қаталдық танытып қояды іштен.
Түс әлетінде әлденені сылтауратып шығып кеткен Жан, міне, кеш қараңғысы қоюланды, әлі жоқ. Бұл болса, тағатсыздана күтумен отыр. Осы сәтте есік кілтінің сыртылдаған дыбысы шығып, артынша үйге Жан да енді. Келіншек ішкі салқындығын білдірмей, күйеуінің кешкі асын берді. «Ауруын жасырған – өлер» деген қағиданы ұстанып, сәлден кейін оның алдына ораулы ұнтақты қоя салды. Келіншегінің алдында қиыс мінезімен көрінбеген жігіт бұл жолы да өз абыройын түсіргісі келмей:
– Бұл дәрі еді ғой. Стимулятор… Адамның бойына шаршағанда күш-қуат береді. Орнына қоя салсаңшы. Бұны қайтпекшісің? – деп өзіне кінә арта сөйледі Жан шімірікпестен.
– Сен өтірік айтуды да үйренгенбісің? Бұның нағыз наркотиктің өзі ғой. Кімді ақымақ санап отырсың? – дегені сол еді, Жан Гүлжанның жағынан шапалақпен бар пәрменімен салып жіберді. Жаннан бұндай қылықты күтпеген Гүлжан теңселіп барып диванға отыра кетті.
Ызадан жарылардай болған Гүлжанның жанарын жас жуып кетті. Кенет орнынан ұшып тұрып:
– Жан, мұның не? Мен саған не істедім бұлай жасайтындай? – деп есікке қарай жүгіре жөнелген әйелінің артынан Жан қуып жетіп:
– Жаным, кешірші. Мен саған әуел баста-ақ шынымды айтуым керек еді. Бұл соңғы рет болсын, енді ешқашан қол жұмсамаймын. – Дауысы жаспен қарлыға шыққан жігіт жас баладай уәде беріп отыр. Жылап отырып тағы бір шарасыздығы мен әлсіздігін байқатып қалғанын өзі де сезбестен: Нашақорлықтың шырғалаңынан шыға алмай жүрмін, маған көмектес! – деді еңкілдеп отырып. Арқа тұтар жарының сәбиден бетер жылауын алғаш көрген жас әйелдің денесі тітіркеніп кетті. «Жігіт адамның жылағаны қандай жаман!» деп өзінше ой түйді. Әйтсе де күйеуінің жанын түсінуге тырысып, қиындықтан шығар жол іздей бастады.
Гүлжан ынты-шынтысымен Жанға жәрдем беруге бел буды. Өзі ізденіп, нашақорлықтан бас тартқызудың жолдарын қарастырды. Күйеуіне оның зияны туралы білгендерін айтып, жаңаша өмір сүру мақсатында ойын сергітетін кітаптар оқып та береді. Осылайша айға жуық уақыт өтті. Жанатбек өзгергендей болған. Жұмысынан да уақытылы келіп, Гүлжанның да көңілін табуға тырысып бақты. Отбасына қайта береке кіріп, тату-тәтті өмір сүре бастаған. Бірақ бұл да уақытша нәрсе болып шықты.
Көп ұзамай Жанатбек үйреншікті әуеніне басты. Жалақысы да босағаға кірмейді. Ол былай тұрсын, бір күні үйге қонбады. Қандай болса да, күйеуі емес пе?! Гүлжан әбден уайымдайды. Ең болмаса ұялы телефонын қоссайшы. Ол да өшірулі. Бір хабар біле алмаған келіншек көрер таңды көзімен атырды. Тек таң қылаң бере телефон шырылдап, бейтаныс еркек дауысы мынандай хабар берді: «Күйеу керек болса, мына жерге кел». Гүрілдеген дауыс мекенжайды айтты да телефон тұтқасын қоя салды.
Такси ұстап, айтқан жерге келді. Онысы қаланың ең шеті екен. Үйге кіргенде көргені – кескен теректей ретсіз сұлап жатқан адамдар. Әлгілердің жатысы құдды бір соғыста қырылған құрбандар секілді. Ала кеуімде әрқайсысына бір үңіліп жүріп, күйеуін тауып алды да үйіне келді. Түрінен түр жоқ. Баяғы өзіне есестеген кейіпке енген. Түнімен ұйықтамағаны да көрініп тұр. Жейдесінің жеңін дереу түріп жібергенде, егілген иненің ізі айқын көрінді. Салы суға кетіп, күйеуінің шарасыздығына көзі анық жеткендей болды. Үміті сөніп бара жатқандай болды. Дегенмен, өзі қасиет тұтып, сеніп артынан ерген жары емес пе? Жамандыққа да қиғысы келмеді.
Шарадай басы шақшадай болған Гүлжан медицинаға жүгінгенді дұрыс деп шешті. Жанатбек біраз ұйықтап, тынығып оянған соң жуындырып, асын берді. Артынан мәселенің басын ашу мақсатында өз ойын күйеуіне айтты:
– Жан, мен білетін Жанатбек мүлдем өзгеріп кетті. Ант-су ішіп, берген уәдесін де ұмытып, ескі әдетіне салды. Мұның арты жақсылыққа апармасы белгілі болды. Бәрінен кешікпей тұрғанда ауруханаға жасырын тіркеліп ем алсаңшы, – деп өтінді.
Бұл сөз шымбайына тиген Жанатбек өрттей тұтанып, орнынан атып тұрып:
– Сен не, мені нашақор көремісің? Анда-санда аңсап, дәмін тататыным болмаса, оның құрбаны бола қойғаным жоқ, – деп әйеліне кектене қарағанда, жанары өңменінен өтіп кеткендей болды. Көзі біртүрлі. Бұрынғы мейірімділік пен жылылықтың ізін іздесең, таппайсың. Баласының бұл әрекетін әке-шешесіне айтайын деп бір оқталды, бірақ «шешесінің жүрегі ауырады, мазаламайын» деп ойлады. Ал әкесі басқа жанұяға кеткелі бұлармен ісі де жоқ. «Бұған не істер дерсің. Бірдеңе айтқан күнде баласы да тыңдай қоймас» деген ішкі ойын тыңдады да бұл ойынан бас тартты. Енді қанша ойласа да ешбір амал таппады.
Уайым мен ұйқыдан шаршаған Гүлжан түн ортасы ауа талықсып ұйықтап кетті. Көзі ұйқыда болғанмен, санасы ояу секілді. Жанатбектің дөңбекшігенінің бәрін сезіп жатыр. Бір кезде орнынан тұрып, киіне бастаған күйеуіне алаңдап, бұл да амалсыз тұрды. Шамды жағып қараса, енді ғана төрттен асыпты. Түрі бұзылып, бойын тер басқан Жанатбек шапшаң киініп, далаға беттеді.
– Қайда барғалы жатырсың? Не болды саған? – деп артынан жүгіре ерген әйелін сұсты көздерімен бір түйреген қалпы:
– Менде шаруаң болмасын. Қайда барарымды өзім білемін, – деді де жолында тұрған Гүлжанды итеріп жіберіп, кете барды.
Арпалысуға әл-дәрмені қалмаған келіншек бір мезгіл күйеуін аяп, «Қап, әлгі «притонына» кетпесе, не істесін. Құдайым-ай, енді не істейін? Әрі қарай қалай өмір сүрмекпіз. Әз әзіл неме мұны уысына алды ғой әбден» деп күйзелсе, енді бірде «Бала емес қой. Өз ісіне есеп беруге шамасы келмейді дейсің бе. Әлі де болса ойланар. Бекерге шаршамайын» деп өзін жұбатып қояды. Неше күн ұйқыдан қалған байғұс әйел арпалысқан ойлардан шаршап, бір мезгіл көз шырымын алды да ертемен тұрып жұмысына кетті.
Жанатбек сол кеткеннен молынан кетті. Арада бір апта өткенде сүмірейіп үйге кірген күйеуін Гүлжан әзер таныды. Түрі суық, жанары ызғарлы. Үсті-басы кір-кір, шашы ұйысып қалған. Үйден кеткелі тарақ пен су көрмегенін бастың жағдайын Гүлжан біліп тұр. Түрінен адам шошырлық. Алдында тұрған өзі ғашық болған Жанатбек емес, нашақор, жексұрын біреу сияқты. Көзінің асты көгерген секілді, біреу ұрғанға ұқсайды. Есін жиған соң үйреншікті әдетіне басып, Гүлжаннан кешірім сұрап, жалынып-жалбарынып, өлердегі сөзін айтып жатыр.
Осы сәтті арнайы күткендей телефон да шырылдап қоя берді. Тұтқаны көтерген Гүлжанға сымның арғы басындағы гүрілдеген дауысдоқ көрсете сөйледі:
– Сенің күйеуің бізге 50 мың доллар қарыз. Егер оны үш күннің ішінде тауып бермесе, өз обалы өзіне. – Әңгіме әдеттегідей қысқа болды.
Жанатбек тұтқаны жұлып алып:
– Тиіспеңдер, тауып береміз, – деді аса бір жалынышты, аянышты үнмен. Оның бұлай сөйлегенін көрмеген Гүлжанның көз алдында Жанатбек театр артисіне ұқсап кетті.
Көргені аздай Гүлжан қиюы кеткен қисынсыз мәселені шешудің жолын іздестіре бастады. Тоқтағандары көлігін сату болды. Ертесіне су жаңа шетелдік көлік 15 мың долларға бағаланып кете барды. Бұдан басқа берешегі әлі 35 мың доллар. Оны қайдан алмақ? Бұл сұрақтың жауабын Жанатбек өзі тапты.
– Гүлжан, мені сен ғана құтқара аласың. – Жанары пәс. Жасанды шарасыздық табы байқалады. – Ол сенің қолыңнан келеді, – деп әйелін шабыттандырып қояды. Сөйтіп отырып, тізесіне басын қойып, жалына бастады.
– Қалай? Менің қолымнан не келеді, байғұс-ау. Не дейсің маған? – Гүлжан күйеуін аяп кетті.
Күйеуі келіншектің көнгенін байқап, жұмыс жоспарын әрі қарай түсіндіре жөнелді:
– Сен аналардың айтқан қаласына барып, ол жақтан берген сөмкені осылардың қолына жеткізесің. Бірақ онда не бар екенін сен білмеуің керек. Осы істі бітірсең, олар менің қарызымды кешіреді, – Жанатбек іс тынғандай жадырап сала берді. Сүйіктісінің өзі үшін бұл істен бас тартпайтынын алдын ала сезген сияқты.
Ішпей-жемей қарыздың астында қалып, қасықтап жинағанын шөміштеп шашып отырған еркегінің ісіне іші удай ашыған Гүлжан бір сәт зарлана бастады.
– Үйге ақша әкелмеу былай тұрсын, бұл не былығың сенің? Осыншама ақшаны былайғы жұрт жанын салып таба алмайды. Өйткені жалақыдан мұндай сома құрау оңай емес. Сен осыны қалай ұқпайсың? Бұл не масқараң сенің? Енді менің жұрттың жүгін тасуым ғана қалып еді, ойбай! – Гүлжан теріс қарады. Келіншектің іші қан жылайды. Бала болса, бір сәрі. Ересек еркектің ессіздігін немен ақтарын да білмейді.
Жанатбек тағы да рөлге енді.
– Жаным, Гүлжан, құтқаршы мені осыдан. Енді бәрін де қоямын. – Тағы да жаттанды сөз. – Олар аяушылық дегенді білмейді, нағыз қанішерлер. Сені де, мені де өлтіреді.
Жанатбек әйтеуір Гүлжанды көндірді. Әйел сорлы айтқанға жүрді, дегенін істеді. Әйел ол жүктің не екенін де біліп тұр. Күйеуі «қауіпсіз» деп уайымын сейілткісі келгенмен, жүрегі әлдебір жайсыздықты, қалай айтса екен, жамандықты сезетін секілді. Бірақ амалы қанша, сүйгені үшін неге де болса басын тікпек. Егер бәрі жақсы болса, бір адамның – сүйгенінің өмірін қорғап қалады ғой…
Келесі күні Гүлжан жолға шықты. Аналар айтқан қалаға барып, жіберген «сәлемдемесін» алып, қайта кері қайтты. Жолда полицейлердің тексеру іс-шарасы кезінде Гүлжан қолға түсті. Махаббаты үшін басын құрбандыққа шалған әйелдің ол кездегі күйін жеткізудің өзі оңай болмас. Бес келі нашаның жазасы ауыр болды. Заң тұрғысынан қарасаң, осыншама наркотикалық зат бір адамды құтқарғанмен, қаншама адамды құрдымға жібереді. Үкім шыққанша естіген сөздің өзі Гүлжан үшін өлімнен де ауыр тиді. «Бұны естігенше, өлсемші» дейді ызаланып. Бірақ көреріңді көрмей, көрге түспейсің. Бәрін көтеріп келеді. Әрбірден соң намыстан, өкініштен өзегі өртеніп кете жаздайды.
Тергеу жұмыстары нақты жүргізілді. Гүлжанды кінәлі деп тауып, оның бұрын заң бұзбағандығы, сотталмағандығы ескеріле отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. 8 жылдың соншалық ұзақ болған алғашқы айлары енді бітті. Гүлжан үшін бұл бес ай емес, бес жылдай. Ендігі өмірі көмескі. Өмір бойы жазылмас жара болары айдан анық. Бір кезде тәтті сезімнен күйіп-жанған жүрегі енді аязды қыстай қатал. Тіпті қатыгез. Бір жолы өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Түрме ауласынан тауып алған екі-үш метрдей жіпті камера терезесіне түн жарымында байлап, өмірімен қоштасқысы келген еді. Нәтижесі сәтсіз болды. Гүлжанның көз алды тұманданып, басқа бір әлемге аттанып бара жатқан. Көп ұзамай кері қайтты. Камерадағы Мәнсия деген келіншек құрбысының әрекетін көріп тұрып, көмек қолын созбауға шыдамапты. Ол құтқарып алмағанда жаны жай табар ма еді, әлде қайтер еді. Енді, міне, бір күннен соң бір күн ілбіп өтіп, өкініш жарасын тереңдетіп барады…
Ал Жанатбек тіпті оған түрмеге барып, халін білмек түгіл, оның істі болғанын пайдаланып, Гүлжанға әке-шешесі алып берген пәтерді сатып, басқа қалаға көшіп кетіпті.

http://anatili.kz

Мақсат Рсалин, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан
Журналистер одағы сыйлығының лауреаты