АЛТЫНОРДА
Новости

МАХАББАТ «МАЙДАНЫНЫҢ» ҚҰРБАНДАРЫ

психологияЖеке  адамның психологиясы қызық. Адамзат ежелден бері ғылымның осы саласын зерттеп келеді. Адамның мұқтаждықтары туралы теориялар өте ерте кезде Грецияда пайда болыпты. Мысалы, ежелгі Грек философы Эпикур Аристарах адамның әрекеттері, қылықтары, оның жағымды  сезімдерге ұмтылып, кейде құмартуларды қайтарып тастауларына байланысты екенін айтады.

Адам өзінің тұрмысында, тіршілігінде  жағымды сезімдерді тудырып, сол сезімдер үшін әрекет етеді. Соған ұмтылады. Жағымсыз сезімдерді жоюға талпынады. Адамдарда мынадай пиғыл басым. Дүниенің ең қызығы алаңсыз өмір сүру. Дүниенің бар қызығын көріп қалу. Осы орайда бір нәрсеге құмарту адамның психикасына қатты әсер ететіні белгілі.

1890- жылы туылып, 1947 – жылы қайтыс болған неміс психологы Курт Левин «адам сыртқы дүниедегі  әсер етуші заттардың ықпалында болып, еріксізден-еріксіз әрекет етеді» дейді. Қазақ психологы Төлеген Тәжібаев осы орайда мынадай мысал келтіреді. Егер Сіздің алдыңызда су толы графин тұрса, сол су адамға біртүрлі әсер етеді. Өзіне тартады.Адам еріксіз барып, суды ішеді.

1856 жылы туылып, 1939 жылы дүниеден озған немістің психоаналитигі, психоневрологы Зигмунд Фрейд адамның мұқтаждықтарын ынтығуға, құмартуға теңейді. Фрейдтің айтуынша, адамның екі түрлі ынтығулары болады. Бірі-жыныстық ынтығу. Екіншісі өзін-өзі қорғауға ынтығу, адамның «мені».

Ынтығу іштен туады. Фрейдтен бермен қарайғы психологтар осылай дейді.

Адам өзінің тәніне шексіз берілген. Мұны дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Адамның бойында ынтыққан кезде өзінен-өзі пайда болатын алапат күш бар. Фрейдшелеп айтқанда, ол адамның әлеуметтік дамуының жемісі емес. Ол биологиялық дамудың нәтижесі. Құмарту, ынтығу жайлы сөз қозғағанда адамның санасы, ойы, көңілі, қылығы, еркі туралы да көп сөз қозғауға болады. Бүгінгі әңгіме басқада. Құмарту мен ынтығу адамды еркінен тыс талай пәлеге бастайды. Сыпайылап айтқанда, махаббат «майданының» де құрбандары көп. Құдайдың құтты күні жол апатынан қаншама адам мерт болып жатады. Сол сияқты махаббат «майданында» да адамдар  аз өлмейді. Айырмашылық мынадай. Жол апатынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы статистикалық мәліметтер жүргізіледі. Ал махаббат «майданы» жабық. Айтылмайды. Жасырын жасалады. Жасырып қалады.

Дәрігерлер ашық қойған диагноздырдың өзі былай дейді. Жыныстық ынтығудың, сол құмарлықты басуға бағытталған іс-әрекет барысында жыл сайын шамамен 50 мыңнан астам адам қайтыс болады екен. Олардың өз төсегінде жарық дүниемен қоштасатындары 25 пайызға жете қоймайды, деген дерек айтылады. Қалғаны некеден тыс-сырттағы махаббат «майдандарында» көз жұматын көрінеді.

Дәрігерлердің барлығы біз айтып отырған жәттің салдарынан қайтыс болған адамның диагнозын дәл солай деп  қоя алмайды. Қоймаған жағдайлар қаншама десеңізші?! Сонда әлігі 50 мыңыңыз еселеп артып кетуі мүмкін.

Басқаны былай қойғанда, махаббат «майданының» құрбаны болып кеткен елге белгілі мемлекет басшылары, «жұлдыздар» да жеткілікті. Бәрін бірдей тізіп шыға алмаспыз. Дегенмен, бірнеше мысал келтірейік.

1899 жылы Францияның   президенті Феликс Фор жұмыстан кейін бордельге барыпты. Сол жерде аяқ-қолы келісті, жүрісіне еркек біткеннің бәрі қызығатын Маргарет деген сүйікті куртизанка бар екен. Сол Маргареттің қылықтары президенттің есіне түсе береді. Бұрын да анда-санда кездесіп тұрады екен. Сол күні ынтығу сезімі әбден өршіпті.

Жұмыста көмекшісін шақырып алып, куртизанкаға қатты қызығатынын  айтыпты.

Президент борделде Маргареттің жүріс-тұрысына қарап, ауызының суы құрып біраз отырыпты. Содан кейін үйреншікті «кездесу» болыпты. Билік басындағы мемлекет басшысы куртизанкаға үйреншікті емес, тосын бір қылық шығар депті. Айтқанын куртизанка екі етпепті. Президент сол жерде қайтыс болыпты. Шамасы бақыттан қатты қуанып кеткендіктен жүрек шыдамаған болуы керек. Дәрігерлер өлім туралы Акті толтырыпты және себебін біз жазып отырғандай деп көрсетіпті.

Президенттің өлімі оңай емес. Полиция куртизанканы мемлекет басшысын өлтірді, деген күдікпен қамауға алыпты. Бірақ  істің ақ-қарасын анықтаған соң қызды «президенттің өліміне кінәлі емес» депті, ақтапты, бостандыққа шығарыпты.

АҚШ-тың  Нельсон Рокфеллер деген вице-президенті болған. Еті тірі, іскер азамат  екен. Жасы 70 – ке келсе де  тыным таппайтын, деседі. Некедегі әйелінің жасы өзі қатарлы көрінеді.

Вице-президенттің жұмыстан бос уақыттарында кездесіп тұратын бірнеше нақсүйері болыпты. Бір күні қызметтен кейін  жастау махаббатына қоңырау соғыпты. «Бүгін керемет демылыс ұйымдастырайын» депті. Сөйтіп, қаланың сыртына орналасқан отбасылық демалыс үйіне нақсүйерімен бірге барыпты.

Вице-президенттің нақсүйері нағыз сұлулардың бірі екен. Оның қылықтары кез-келген ер адамды баурап алатын көрінеді. Құмарлық сезімі күшейген кездерінде  вице-президент нақсүйеріне өте қымбат сыйлықтар жасайды. Кезінде АҚШ-тағы газеттер осылай деп жазыпты.

Демалыс үйінде екі «ғашық» жалғыз емес екен. Олардың қызметшілері үйдің сыртында монша жағып, ас-ауқат әзірлеп жүреді. Не керек, вице-президенттің қайтыс болуына байланысты тергеу жүргізіп жатқандарға сұлу қыз:

-Нельсон сол күні өзін  әдеттегіден «белсенді» ұстады. Мені аймалап, төсекке атып ұрды. Арғы жағы белгілі. Бір кезде… сылқ етіп құлап түсті де қимылдамай қалды. Сөйтсем, қайтыс болып кеткен екен,-деп жауап беріпті.

Жағдайдың тосыннан болғаны күшті, қатты әсер еткен болуы керек. Сұлу қыздың шыңғырған дауысы қатты шыққаны соншалықты, үйдің сыртында қызмет істеп жүргендер жүгіріп кіріпті.

Дәрігерлер вице-президенттің қайтыс болғаны туралы Актіге диагнозын «жыныстық қатынас кезінде жүрегі тоқтап қалған» деп жазыпты.

Кезекті сайлау науқаны өтіп жатады. Саясаткер Рауль Велосо депутаттыққа үміткер ретінде тіркеліпті. Ол өзінің сайлау алдындағы бағдарламасына сәйкес кездесулерде көбірек сөйлеп жүреді. Өз сөзінде азаматтардың моральдық тазалығы, тұрақтылығы туралы көп айтады екен. Сайлау алдындағы насихат аяқталып келе жатқанда кездесулердің бірінде жезөкшелікпен айналысатын қыздардың біріне саясаткердің көзі түседі. Күн жылы кез екен. Жезөкше қыз өзінің дене бітімі айқын байқалып тұратындай  киініпті. Саясаткердің өзіне қарайлай бергенін байқаған жезөкше кездесу аяқтала бере жанына жақындайды. Депутаттықтан үміткер сол жерде уағдаласып, жезөкшемен бірге демалуға кетеді. Ынтықтық сезімі оянған саясаткер құмарын басам деп жүргенде қайтыс болып кетіпті.

Сайлау комиссиясының мүшелері қайтыс болып кеткен Велосоны бюллетендерден алып тастауға үлгермепті. Сөйтіп, Велосо қайтыс болғаннан соң депутат болып сайланып кетіпті. Кейіннен оған берілген дауыстарды жарамсыз деп танып, екінші орын алған үміткер депутат болып сайланды.

Ұлыбританиялық белгілі велоспортшы Роберт Мортимер 2010 жылы Белгияға барып демалыпты. Курорттық өмірді өздігінше әртүрлілендіру үшін жергілікті «садист» жезөкшелермен хабарласады. Екі кәсіпқой жезөкше велоспортшыға көңілдендіретін газ беріпті. Газдың ауырғанды жылдам сездіретін, бірақ алған әсерді айтарлықтай төмендететін қасиеті бар көрінеді. Әлігі екі қыз өздерінің «қызметтеріне» қатты кірісіп кетіпті. Сөйтіп,  Мортимерді  жан тәсілім еткенше аймалапты.

Мұндай мысалдар көп. Олардың барлығын бірдей жұртшылыққа жария ете  бермейді. Бірақ ара-кідік ел-жұртқа белгілі болып қалатын кездері бар. Мысалы, жақында Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында бір кісіні жерлепті. Өзі қалаға белгілі азамат екен. Көңіл айтуға барған кісімен әңгімелестік.

-Қиын жағдай екен. Әйелі де, ұл-қыздары да жыламайды, жоқтамайды,-деді қиналып.

-Не болған?- дейміз түсінбей.

-Ізім-ғайым жоқ болып кетіпті. Содан ешкім таба алмай жүреді. Оңашалау, үйден қашықтау жерде  гаражы бар екен. Көрші гараждағылар әлдебір иісті сезеді. Ол иіс күннен-күнге күшейе береді. Гараждың есігін бұзайық, деп шешеді. Сөйтіп, гаражға кірсе әлігі табылмай жүрген кісі нақсүйерімен бірге тыр жалаңаш қатып қалған екен,- дейді.

Жағдай осылай. Жасырғанмен іс оңайын деп тұрған жоқ. Сондықтан құмарлық, ынтықтық сезімдерінің құрбандары туралы айтып, әлдекімдерді сақтандырғымыз келді. Фрейдтің  сөзіне қарағанда, мұқтаждық, құмарлық, ынтықтық адамның барлық іс-әрекетін басқарып отырады. Ғылымда кейде адамның мұқтаждықтарын материалдық және рухани деп екіге бөледі. Осыған жыныстық мұқтаждықты да қосу керек деп есептеймін.

Ғалымдардың алдында тұрған міндет-сол жыныстық мұқтаждықты, құмарту мен ынтығуды тежеудің жолдарын көрсетіп, адамдарға сақтануды үйретуді өз мойындарына ала бастауы керек. Бұлай етпесек адамдар жалдамалы пәтерлерде, мейманханаларда, саяжайларда, гараждарда, автокөліктердің ішінде қатып қала береді.

Құдай сақтасын! Махаббатты қанша жерден соқыр сезім деп дәріптесек те… Дәл осылай екеніне Фрейдтің теорияларына дауласпағанымызбен…   Сезімдерге де сабыр бергенін қалар едік.

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент.