Қоғамда махаббат жайлы қалыптасқан пікірлер баршылық. Көбі бір-біріне қайшы келіп жатады. Ал махаббат дегеніміз не?
Біз махаббаттан сезімге беріктік пен шынайылықты күтеміз. Бір адамды мәңгі сүйіп өтуді махаббат деп атаймыз. Сыңарымыздың жүрегін толықтай жаулап алғымыз келеді. Сүйікті адамың басқа адамды жақсы көруі мүмкін бе?
Сыңарыңыз сізден басқа адамды жақсы көрсе, бұл әрекетіне көз жұма қарай аласыз ба? Мұны қабылдай алмайтын кімдер?
Салыстыруға дағдыланған адамдар. Салыстыру дегеніміз – адам сізді белгілі бір қасиетіңіз үшін жақсы көреді деп ойлау. Ал басқа адамда ол қасиет «жақсырақ, көбірек» болатыны һақ. Яғни «мені сұлулығым үшін жақсы көреді», «мені дене сымбатым үшін жақсы көреді» немесе «мені ақылым мен сабырлы мінезім үшін жақсы көреді» деп ойлау. Ондай адамдар өзінің дара, қайталанбас тұлға екеніне күмәнданады. Ал негізінде адам сіздің қасиетіңізді емес, сізді жақсы көруі керек. Ата-анамызда бізді еш нәрсеге қарамастан жақсы көреді. Махаббат – адал, пәк сезім екенін түсіне біліңіз.
Қорқыныштан өзгелерді «жоқтайтын» адамдар. «Өзге әйелдер немесе өзге ер адамдар мен үшін жоқ, менің сыңарым үшін де болмауы керек. Біз тек бір-бірімізді ғана көріп, бір-бірімізбен өмір сүруіміз керек» деп сенетін адамдар. Әдетте бұл типтегі жандар тіпті балаларының да ұядан ұшып, отбасы құруын көз алдыларына елестете алмайды. Олар үшін отбасының әр мүшесінің махаббаты тек оларға арналуы керек. Бұл орайда көптеген адам өзін, досын, сыңарын немесе ата-анасын, енесін тануы мүмкін. Біз бұны сіздердің сондай типтегі адамдарды түсініп, оларға көмектесуге тырысу үшін айтып отырмыз. Себебі, махаббат сезімін дұрыс қабылдай білу — табиғаттан дарыған қасиет емес, есейе келе сіңірген әдет.
Басқыншылар. «Сыңарымның сезімі тек маған арналуы керек» деп ойлайтын адамдар. Олар махаббат пен басқыншылықты ажырата алмай, сезімнен айырылып қалуы ғажап емес. Себебі, сүйіктісі өзін тұсауда сезініп, саналы да, бейсаналы да түрде қашу амалын іздейді.
Махаббат – сүйіктіңе сену. Ол сізді қалай жақсы көретінін өзі шешуі керек. Егер сіз оның тұлғалық қасиетін сыйлап, оған өзінше өмір сүруге мүмкіндік берсеңіз, ол ешқайда да кетпейді.
Сурет: ©Тимур Утешбеков
http://massaget.kz/kyizdarga/psihologiya/25624/