Золтан бақсымен өткен жылы Венгрияда Тенгриан жаңа жылы – Карачунді тойлау кезінде желтоқсанның 21-інен 22-сіне қараған түні таныстым. Сұңқар мен үкінің қауырсынымен әдіптелген бақсылар киіміндегі сымбатты азаматты байқамау мүмкін де емес еді. Алғашында мажар (венгер) тілін білмегендіктен, әңгіме бастау мен үшін ыңғайсыздық туғызғанымен, кейін Золтан һәм ағылшын тілінде де жақсы сөйлейтіні белгілі болып, ең ұзақ түннің бір уағына дейін олардың рәсімдері мен ән айту өнері туралы Золтан һәм басқа да бақсылармен әңгімелесудің сәті түсті.
Венгрияға барған менің екінші сапарымның алдында Золтан мені бір жасқа келген баласы Абаның есімін қою рәсіміне шақырған болатын. Көктен іздегенім жерден табылған мен үшін мұндай мүмкіндікті жіберіп алу мүмкін емес. Золтан мен оның отбасы жасыл желекті ну орман арасындағы шағын ғана әдемі елді мекенде тұрады екен. Мажарлықтар әсіресе бақсылардың ата дәстүрін берік ұстанатындықтан, үйдің қақ алдында құрылған киіз үй мені таңғалдырмаса да, бірақ бір қуанарлығы үйдің ішінде менен де басқа қонақ болғанына қарамастан, киіз үйдегі ең құрметті орынға мені жайғастырғанына ішім жылып қалды. Ал кереге жапсарлай тігілген қазақтың көк байрағын көрген сәтте қуанғаннан жүрегім жарылардай күй кешкенімді жасыра алмаймын. Рәсімнен кейін мен Золтанға бірнеше сауал қойдым. Осы сұхбатты оқырмандармен бөлісуді жөн санадым.
– Тәңіршілдік мәдениеті туралы айтып берсеңіз. Сіздер үшін оның қандай мән-мағынасы бар?
– Ежелгі заманда мажарлардың да ата-бабалары Орталық Азиядағы тамырлас халықтар сияқты Көк тәңіріне сыйынған. Жалпы, бізде құдайды – Иштен деп атайды. Бұл сөздің екінші жартысы «Тен», яғни «Тенгри» сөзінің қысқаша формасындағы «шексіздік» деген мағынаны береді. Тәңіршілдік мәдениеті бостандық пен тәуелсіздікті және табиғатпен етене жақындықты білдіреді. Біз табиғаттың бір бөлшегіміз, сондықтан оны көздің қарашығындай сақтап, ондағы барлық тіршілік иелерімен де рухани байланысты сақтап қалуға тиіспіз.
Мен үшін тәңіршілдік философиясы ата-бабаларымыздың даналығын зерттеу, өз түптамырымызды іздеу арқылы ғана қайта күшейіп, болашағымызды құра алатындығымызды білдіреді.
– Сіз «ақиқат тамыр» және «қайта күшею» деген сөздерді айту арқылы нені меңзеп отырғаныңызды білуге бола ма?
– Соңғы бірнеше жүзжылдықтар ішінде ғалымсымақтар сіздердегідей біздің де ежелгі венгер-мажарлардың мұраларын, басқа да дала мәдениеті мен тарихи шындықты бұрмалауға тырысты. Енді біз сол тарихтың түптамырын қалпына келтіріп, оны сол күйінде халыққа жеткізуге тиіспіз. Бұл жерде еліне жан жүрегімен берілген ғалымдардың рөлі ерекше. Қайтадан күшеюіміз үшін біз рухани бетбұрыс жасауымыз керек. Оған біздің негізгі мәдениетіміз – тәңіршілдік қана жеткізе алады. Бұл – қазіргі заманның күрделі сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, табиғатпен етене жақындасуға жол ашатын дана пәлсапа.
– Сіз қалай бақсы болдыңыз?
– Мен Будапеште дүниеге келдім. Мен бала кезімнен табиғатты зерттеуге ден қойдым, онда мені «елес» қатты қызықтыратын. Біртіндеп мен өзіміздің ата-бабаларымыз, махаббат және табиғат жайлы поэмалар жаза бастадым. Кейін бұрынғы ұстаздардан рухани-тәжірибелік дәріс алдым. 2002 жылы Венгрияның ақсақал бақсыларының бірі мені бақсылар «қарауылы» деп таныстырды.
– «Қарауыл» бақсы деген қандай мағына береді, сондай-ақ бақсылардың бағынышсатысы жайлы айтып кетсеңіз?
– «Қарауыл» дәрежесінің мағынасы:
1.Қиын әрі қауіпті кезеңде білім мен салт-дәстүрлерді сақтайтын адам.
2.Қараңғылықтан жауап іздейтін адам.
3.Қараңғылықтан сақтаушы.
4.Іздеуші.
Өкінішке қарай, біздің салт-дәстүрімізді ұстануға ұзақ уақыт бойы заң тыйым салғандықтан, Венгриядағы шын бағынышсатыны (иерархия) жоғалтып алғанымыз рас. Сондықтан бұл дәстүрді жандандырып, ата-бабаларымыздың мұраларын іздеу біздің негізгі міндет болып саналады. Біз көп нәрсені салт-дәстүрлері бізге етене жақын туысқан халықтардан іздейміз, үйренеміз.
– Соңғы сапарым кезінде маған Сіздің жасқа толған ұлыңыздың есімін қою рәсіміне қатысудың сәті түсіп еді. Біздің оқырмандарымызға осы жайлы әңгімелеп беріңізші…
– Рәсім киіз үйде (біздің тілімізде шатыр) өткізілді. Киіз үйдің ортасында Жаратушының орталығын білдіретін алтарь орнатылған. Рәсім кезінде мен жан-жаққа қымыз шашып, ата-баба аруағынан ұлымды сақтауға көмектесуін өтіндім. Және де жан-жаққа қарап ұлымның есімін айғайлап айтып, оның сол жақ білегіне жағымсыз энергиядан қорғауы үшін қызыл жіпті, ал оң жақ білегіне болашағы ашық әрі жарқын болсын деп біздің туымыздың түсіндей жіпті байладым. Одан кейін әрбір мейман менің ұлыма өздерінің жақсы тілектерін білдірді. Рәсім соңында музыканттар біздің ескі аспаптарда бақсы әуенін орындады.
– Баланың тууымен байланысты басқа қандай рәсімдер бар?
– Ежелде бақсылар дабылдың көмегімен әйел босанатын жердегі энергияны тазартатын. Ал қазіргі заманда аналар, негізінен, перзентханада босанатындықтан олай ету мүмкін емес.
Туғаннан кейін балаларға еркелетіп ат қойылатын, бірақ нақты есім тек бір жасқа толғанда ғана беріледі бізде.
– Тәңіршілдік мәдениетінде ана тұлғасы қандай мағына береді? Оның маңыздылығы неде?
– Бұл сөз – ең маңызды символдардың бірі. Ана өмір береді, сондықтан тіршілік әлеміне жетектеуші болып табылады. Жер мен су аналықтың символы болып табылады. Бұл элементтер біздің тіршілік етуімізге мүмкіндік беріп, қоршаған ортаға, табиғатқа өмір сыйлайды.
– Ерлер мен әйелдер қарым-қатынасының негізгі ережесі қандай?
– Негізгісі – теңдік. Еркектер мен әйелдер осы әлем мен тіршіліктің рәмізі. Бұл ұғым дау-жанжал немесе араздық ұғымын бермейтінін есте ұстау қажет. Бұл – қосымша теңгерім. Тек осындай ұғым ғана теңгерім құрып, тіршілікті толыққандылыққа жеткізіп, біртұтас қыла алады.
Екінші негізгі ереже – өзара құрмет. Біз әрбір адамның ерлер мен әйелдердің ерекшеліктері мен әдеттеріне құрметпен қарауға тиіспіз.
– Әлемнің барлық бақсылары арасында рухани байланыс бар ма? Болған жағдайда жылына қанша мәрте жиналасыздар?
– Әрине, біз бір-бірімізбен тығыз байланыста боламыз. Әсіресе бұл байланыс белгіленген күндері жылына кемінде екі рет жиналып та тұрамыз. Сондай басқосуларда біз кез келген мәселені шеше аламыз. Ал бұл рухани әңгіме болғандықтан, бізге жеке кездесудің қажеттілігі шамалы.
Автор: Қасаболат БЕКБАЙ