Өткен жылы іссапармен барған Зоология институтының қызмекерлері Сырдарияның бойында орналасқан ауылдарда шіркей толып кеткенін және оларға қарсы ешқандай шара қолданылмайтынын мәлімдеген. Шымкент обаға қарсы күрес станциясының жетекшісі Ратбек Сайлаубекұлы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ректорының атына ресми хат жолдап, осы мәселе бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуге университет мамандарының көмектесуін сұрапты. Жақында осы мәселе бойынша биология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті Қаршыға КӨШКІМБАЕВ Оңтүстік Қазақстан облысына бір аптаға іссапармен барып қайтты.
Іссапар барысында құрылған шағын экспедициялық топ Шардара су қоймасынан бастап Түркістанға дейін аралап, деректі материал жинады. Осы аймақта 1970 – 1980 жылдары жүргізген зерттеулер бойынша Сырдария өзенінің қазақстандық бөлігінде шіркейдің 8 түрі кездеседі екен және солардың барлығы қансорғыштар тобына жатады. Бірақ ол жылдары адамды негізінен маса талайтын, сондықтан шіркейлерге оншалық мән берілмейтін. Қазіргі жағдай басқа – ауыл тұрғындары жаз айларында сыртта жұмыс істей алмайтындай, балалар далада ойнай алмайтын жағдайға жеткен. Қалың шіркей мал мен үй құсын да талап жатқан көрінеді.
Шіркейлер қосқанаттылар ортядына, соның ішінде шіркейлер тұқымдасына жататын ұсақ қансорғыш жәндіктер. Жұмыртқасын суға, су жиегіне өскен өсімдіктерге салады, дернәсілдері мен қуыршақтары оттегіне қаныққан ағын суларда – өзендер мен бұлақтарада, каналдар мен арықтарда дамиды. Экспедиция мүшелерімен сұхбаттасқан адамдар шіркейдің қаптап кетуін бірауыздан Көксарай су қоймасымен байланыстырады. Біріншіден, Көксарай су қоймасы 2011 жылы толыққанды жұмыс істей бастады, ал 2012 жылдың жазында шіркей қаптап шықты, сонан бері әр жаз сайын көз аштырмайды; екіншіден, шіркейден зиян шегіп отырған негізінен Көксарайға жақын орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысының Сыр бойындағы үш ауданы екен. Демек, халықтың күдігі орынды сияқты. Қызылорда облысында да шіркей бар, бірақ мұндағыдай қалың емес. Экспедиция шіркей ұя салып, көбеюі мүмкін-ау деген су арналарының барлығынан материал жинады, бірақ Дарияның Көксарай бөгетіне дейінгі бөлігінен ғана шіркейдің екі түрінің өзенде қыстап шыққанын дәлелдейтін қуыршақтарын тауыпты, басқа су арналарында ол жоқ болып шықты. Табылған шіркейлер Сыр бойында бұрыннан белгілі болған қансорғыш түрлерге жатады және көктем кездерінде олар мұнша көбейе қоймайтын, халықты соншалық әбігерге түсірмеуі тиіс еді. Бұл құбылыс ғалымдарға жұмбақ болып отыр.
– Өз басым шіркейлерді зерттеумен шұғылданып келе жатқаныма 30 жылдан асты. Бұрын, ҰҒА Зооология институтында қызмет істеп жүрген кезімде қансорғыш қосқанатты жәндіктер, соның ішінде шіркейлер, менің негізгі зерттеу нысаным болатын, ҚҰУ-ға ауысқан соң да зерттеуді мүмкіндігінше жалғастырып келемін. Қазіргі кезде Қазақстанда өзінің табиғи ағысын сақтап қалған бірде бір ірі өзен қалған жоқ, олардың арнасы бірнеше жерден байланып, гидрологиялық режимдері өзгерген. Солардың ішінде, бойында ірі су қоймалары салынған өзендердің аңғарларында шіркейдің саны күрт артқаны байқалады. Біз мұндай құбылысты Ертістің Үлбі ГЭС-інен төменгі бөлігінен, Іленің Қапшағай суқоймасынан төменгі бөлігінен, Шудың Тасөткелден төменгі жағынан, Аса мен Таластың бойынан байқайтынбыз. Енді солардың қатарына Сырдария алқабын қосуға болады. Қазірге дейін су арналары шіркейлердің тіршілігі үшін қандай қолайлы жағдай туғызатынын ешкім зерттеген жоқ. Сыр бойындағы қазіргі құбылыстың да себептерін білмейміз. Айталық, Шардара су қоймасы сонау 1967 жылдан бері бар, бірақ шіркейдің мұндай күрт көбеюі болған жоқ. Қансорғыш насекомдардың көбеюіне Көксарай су қоймасы қалайша себеп болғаны түсініксіз. Қансорғыш қосқанатты жәндіктердің қай тобы болмасын адамды мазалайтыны түсінікті. Бірақ шіркейдің ерекшелігі – оның сілекейінің улы болуы. Жәндік адамның терісін теседі де, терінің астына сілекейін бүркіп жібереді, сонан соң ғана қан сора бастайды. Өйтпесе қан ұйып, шіркейдің тұмсығын бітеп қалады. Қанға тойған жәндік ұшып кетеді, бірақ терінің астында оның улы сілекейі қалады. Сондықтан терінің шіркей тескен жері ісініп, бірер күннен соң жараға айналады. Шіркей талаған адам денесінің қызуы көтеріліп, ауырады. Бұл ауру симулидотоксикоздеп аталады. Қатты таланса адам да, кез келген жануар да өліп кетуі мүмкін. Жиырмасыншы ғасырдың басында Европада, Дунай өзенінің бойында, малдың симулидотоксикоздан қырылуы бірнеше рет тіркелген. Шіркейлерден келетін тағы бір қауіп – олардың әртүрлі инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырушыларын тасымалдауы. Ал Сыр өңірінде, өзен аңғарында және іргелес жатқан шөлді аймақтарда мұндай аурулардың табиғи ошақтары бар, — дейді ғалым Қаршыға Көшкімбаев.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілігі, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы т.с.с. басқармалардың жетекшілері бұл мәселеден бейхабар деуге болмас. Бірақ облыста онымен тікелей айналысатын мекеме де, мамандар да жоқ. Сырттан мамандар шақыра қалған күнде, қаржыландыру көзі белгісіз. Жауапты мекемелердің ешқайсысы оны өз міндетіне алғысы келмейді. Биыл көктемде Шымкент обаға қарсы күрес станциясының бастамасымен құрылған экспедиция бір апта жұмыс істеді. «Бір аптаның ішінде бірдеңені тындырып тастадық деу қиын, барлау сияқты ғана болды: жер жағдайымен, шіркейлер дамуы ықтимал су арналарымен ғана танысып үлгердік. Зерттеулерді онан әрі жалғастыруға қаражат жоқ болып шықты», дейді ғалым.
Сырдарияның бойында шіркейдің күрт өсуі жалпы Республика бойынша ушығып тұрған бір мәселені – білікті мамандар тапшылығын, тағы да көрсетті. Қазір ҚР БҒМ Ғылым комитетіне қарасты Зоология институтында қансорғыш жәндіктерді зерттейтін жалғыз лаборатория қалды, бірақ онда да мамандар жетіспейді, өйткені 30-35 мың теңгелік жалақыға университет бітірген жастарды ұстап тұру қиын және сол лабораторияның өзі ғылыми жобалары бірде қабылданып, бірде қабылданбай қалатындықтан өлместің күнін кешіп отыр. Мұндай жағдайда жас мамандар даярлау түгілі, бұрынғы қызмекерлерінің өзі нан табудың өзге жолдарын іздеуге мәжбүр болды. Ал энтомология саласында білікті маман даярлау үшін кем дегенде 4-5 жыл уақыт қажет.
– Мәселе әбден ушыққанда ғана қимылдай бастайтын әдетіміз бар ғой. Ересек буын өкілдері ұмыта қойған жоқ шығар: облыстардағы, аудандардағы өсімдік қорғау станциялары жабылып, Қазақстандағы жалғыз Өсімдіктерді қорғау институты тарап кетуге жақындаған кезде «құдай жарылқап» көшпелі шегіртке шабуылға шыққан. Сонда бұрынғы мамандардың біразын әрең жинап алғанбыз. Бірақ шегірткені ауыздықтау үшін 3-4 жыл қажет болды. Қазір өсімдік қорғау станциялары аудандарда қайта қалпына келтіріліп жатыр. Екінші мысал: Республикадағы бірден-бір Обаға қарсы күресу институты жабыла жаздап, кейін басқа атпен қайта ашылды. Бұл жолы себепші болған – Қазақстан аумағындағы обаның табиғи ошақтарының қайта жандануы болды. Сырдария аңғарындағы шіркей проблемасы өздігінен шешілмесі анық. Шіркейдің қаулап өсуінің себептерін анықтау қажет, сонан соң ғылыми негізделген күрес шараларын белгілеуге болады. Осы бағыттағы зерттеулер неғұрлым ертерек басталса, мәселенің шешілуі де жақындай түседі. Әрине, біз де қол қусырып отырмаспыз, ғылыми жобалар ұсынармыз. Бірақ қазіргідей экономикалық қиыншылық кезінде сол жобалардың қабылдануы екіталай, қабылданған күнде жоба тек 2016 немесе 2017 жылдан қаржыландырыла бастайды. Оған дейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілігі жағдайдың қаншалықты ушығып тұрғанын түсініп, жауапты мекемелерді анықтаса, қаржыландыру көзін тапса, бұл бағыттағы зерттеулерді осы жазда бастап кетуге болар еді, – деген ойын айтады Қаршыға Көшкімбаев.
.