АЛТЫНОРДА
Новости

 Меккеге пойызбен барған қажы

              Қазақ қажылары ертеде Мекке-Мединеге қажылық сапарына Ыстамбұл арқылы барып жүрген. Абайдың шәкірті, ойшыл ақын Шәкәрім Құдай­
бердіұлы 1905 жылы Мекке сапарында Ыстамбұлға соғып, қаланың басты кітап­хана­ларында айлап отырып ізденген. Жалғыз қазақтар емес, Ресей мен Кавказ және Орта Азия мұсылмандары қасиетті Мекке мен Мединеге ежел­ден Ыстамбұл қаласы арқылы барған. Қара теңіздің жал-жал толқындарынан шаршаған қажылар осы жерде тынығып, әл-ауқат жиып, ары аттануға мүм­кіндік алған.
Орта ғасырда Орта Азиядан Ыстам­бұлға жету үшін тұтас бір айдан астам уақыт кет­се, XIX ғасырдың екінші жар­тысынан бас­тап, техникалық прогрестің (пойыз бен параход) арқасында ол жол айтарлықтай қысқарған. Түркістаннан қажылыққа атта­нушылар көбінесе Крас­новодскіге темір жолмен жетіп, одан ары Бакуге, одан Одес­са су жолы арқылы Ыс­тамбұлға пара­ходпен барған. Сондай-ақ Ташкент пен Бұхарадан Тулаға, одан ары Одессаға дейін пойызбен барған.
Ыстамбұлда аялдаған қажылар құр қа­рап жатпай, Айа-София, Сұлтан Ахмет, Сұлтан Фатих мешіттері мен Сұлтан Бая­зид, Нұр-Осман, Сұлтан Селим, Валиде Сұлтан, Топқапы секілді жерлерге зиярат етіп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен сахабалар тұ­тынған заттар мен киімдерді тәу еткен. Атақты Топқапы сарай-кешенінен Мұса пайғамбардың асатаяғын, Ибрахим пай­ғамбардың тостағанын, Жүсіп пайғам­бардың сәлдесін, Жахия пайғамбардың бас сүйегі мен қол сүйегін, Дәуіт пай­ғам­бардың қылышын, Мұхаммет пайғам­бар­дың сақалын, шекпенін, табанының тас­-қа түскен ізін, екі қылышы мен садағын, Әбу Бәкір, Омар, Осман халифтердің қы­лыштарын, Әзірет Әлінің зұлпыһарын, сахабалардың қылыштарын қазір де кө­ру­ге болады. Мұнда 24 сағат бойы үзіліссіз Құран сүрелері ғасырлар бойы оқылып келеді. Бұдан басқа 14-18-ғасырлардағы түрік сұлтандары мен парсы шахтарының шапандары мен қылыштары, алтын тақ­та­ры, алтын-күмістен жасалған бұйымдары мен бағалы сыйлықтарының өзі қаншама. Осының өзі-ақ Ыстамбұлдың бір заман­да Мекке мен Медине, Бағдат секілді Ислам әлемінің айтулы астанасы болғанынан хабар береді.
Ыстамбұлдан ол заманда Мекке мен Ме­динеге Бейрут арқылы Хижаз темір жолымен тура Мединеге дейін, болмаса Жиддаға дейін параходпен, одан ары Мы­сыр арқылы темір жолмен баратын бол­ған. Ақын Шәкәрім қажының Меккеге пойызбен бардым дейтіні рас. Ол кезде темір жол тартылып, пойыз жүріп тұр­ға­нына қазір сенудің өзі қиын. Өйткені араб әлемін түрік әлемінен оқшаулау үшін ол темір жол уақапшылдар тарапынан баяғы заманда-ақ сыпырылып алынып тастал­ған. Шойын жолдың қалдығын жойған­дар­ға өте қомақты сый-сияпат беріліп оты­рған.
Осы арада Ислам әлемінің қос қасиетті қаласы – Мекке мен Мединенің арасын байланыстыратын темір жол құрылысы бір ғасырдан астам уақыттан соң былтыр ғана қайта басталғанын, қазір аяқталу үс­тінде екенін айта кеткен жөн. Бір-бірінен 400-ден аса шақырым қашықтықта жатқан қос қалаға құлшылық етушілер енді са­ғатына 300 шақырым жылдамдықпен қоз­ғалатын жедел пойызбен аталған қа­шық­тықты бар болғаны екі сағатқа жетпес уақытта бағындыра алады.
XIV-XV ғасырларда Осман түріктері бүкіл Анатолия мен Балқанды ғана емес, Ирактан Алжирге дейінгі араб мемле­кет­терін жаулап алғанын тарихтан білеміз. Сирия, Ливан, Палестина, Ирак, Хижаз, Йемен, Египет, Трипол, Тунис, Алжир секілді араб елдері Осман империясына сол XVI ғасырда-ақ қосылып, төрт ғасыр бодан болған деуге болады. Түріктер тек араб жерінен Марокконы ғана бағындыра алмаған.
1517 жылы түрік билеушісі Селим сұл­тан Мысырды бағындырып, өзін Египет халифы етіп жариялайды. Мұсылман әлемі­нің көзінің қарашығындай қос қа­сиетті қаласы – Мекке мен Медина осман сұлтанының билігін мойындайды; сұлтан Селим I Явуз «Ислам сұлтаны» және «Қос қасиетті мешіттің қамқоршысы» (яғни Мекке мен Мединенің) атанып, мұсылман әлеміндегі ең жоғары титулға ие болады. Осыдан былай қарай араб елдері бірінен соң бірі Осман сұлтандарына мойынсұ­нып, алып империяның құрамында бо­лады.
1517 жылы Мысырды жаулап алған түріктер Египет мемлекетінің ішкі ісіне араласпаған деуге болады. Мысыр түрік сұлтаны тағайындаған пашаның басқа­руында болғанмен, жергілікті жерлерді бұ­рынғыдай мәмлүк мырзалары билеп тұрған. XVIII ғасырдағы тоқырау кезеңін­де Мысыр империядан алшақ саясат жүр­гізе бастайды да, нәтижесінде Наполеон Бонапарт Египетті оп-оңай жаулап алады. Артынан мәмлүктер басып алған Сирия секілді жерлер қайтадан Осман импе­рия­сына қайтарылады.
Осман сұлтандары қасиетті рамазан айында қажылықтың қауіпсіздігі мен ке­лушілерге жайлы болуын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөліп, барлық шығындарын өз мойындарына алады.
Атақты түрік сұлтаны Сүлеймен I Ка­нун Мединені крестшілдерден қорғау үшін биіктігі 25 метр, айналасы суға толы ормен қоршалған алып қорған тұрғы­за­-ды. Түрік сұлтаны Пайғамбар мешітін 16 рет жөндеп, қаланы сумен жабдықтауды жақсартады.
Араб жарты аралында ХVIII ғасырда Мұхамед Абдулуақап тарапынан саяси-діни ағым – вахабизм тарала бастайды. Қазіргі кезде бұл діни ағым Сауд Арабия­сының ресми мәзхабы болып саналады. Абдулуақап қайтыс болған соң оның жо­лын жалғастырушылар сақабалардың ма­зарлары мен кесенелерін жаппай қи­рат­қан. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) асыл жары әрі сенімді серігі болған Хадиша анамыздың басына түріктер орнатқан күмбезді ке­се­нені жермен-жексен еткен. Осылайша қа­бірлер мен әулиелердің басы­на баруға, түнеуге, кереметке сенуге, мәуліт оқуға қатаң тыйым салынған. Сөй­тіп, түріктер мен шиіт дінін ұстанатын парсыларға қар­сы «қасиетті соғыс» жа­риялап, біртұтас Араб мемлекетін құру жолында күрес бас­тайды. Кербаладағы шиіттердің қасиетті әулие кесенелерін тып-типыл етеді. 1786 жылы Орталық Ара­бияда түпкілікті же­ңіс­ке жеткен уақап­шылар Сауд династия­сымен келісімге келіп, ірі мемлекеттің ір­гетасы қаланады. Осман пашаларымен жанқиярлықпен соғыса жүріп, олар Бах­рейн, Кувейт, Оманды бағындырып, Си­рия мен Иракқа шапқыншылық жасай­ды. Осындай толқу­лардың кесірінен 1803 жылдан бастап әлем­нің түкпір-түкпірінен Мекке мен Ме­динеге қажылыққа бару­шы­лар қатары айтарлықтай сирей бас­тайды.
1804 жылы Мединаны уақапшылар жау­лап алады. Дегенмен Осман империя­сы­на қарасты Мысыр әскерлерінің күші­мен 1814 жылы уақапшылар біржола қуы­лады. Бүлікшілердің басшылары Осман сұлтандары тарапынан өлім жазасына ке­сіледі. 1818 жылы уақапшылар біржола талқандалып, келесі ғасырға дейін олар­дың аттары естілмейді.
1901 жылы түрік сұлтаны Абдулхамид II араб елдерін еуропалық мемлекеттер­-дің отарлауынан қорғау үшін Ыстамбұл
мен Мединаның арасына темір жол са­лады. II Абдулхамид сұлтан темір жолды ұзарту үшін қайырымдылық қорын ашып, оған 320 000 алтын ақша бө­леді. Иран шахы 50 000 алтын ақша қоса­ды. Қайы­рымдылық шарасына Үндістан да белсене атсалысады. Сұлтан жоба үшін байлығын бөліскендерді орден мен ме­дальдарға ұсынып отырған. Алғашқы пойыз 1908 жы­лы 22 тамызда Дамаскіден Медина стансасы­на келіп тоқтайды. Бұл темір жол өз кезе­гінде Осман империясы үшін аса маңызды әскери-стратегияға ие бол­ған. Темір жол құрылысы жеті жылға со­зылған. Медина­ға дейінгі жол тыңғылық­ты салы­нып бітіп, ары қарай Меккеге, ол біткен соң Жидда мен Йеменге дейін тарту жос­парланады. Дегенмен бұл идея толық іске аспаған. Темір жол құрылысы 1908 жылы аяқталғанмен, бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді де, Хижаз билеушісі өзін халиф деп жариялап, түріктерге қарсы соғыс ашады. Дегенмен ол ағылшындар­дың қолдауына ие бола алмай, билікті Сауд тұқымдары басып алады. Ал жол са­луға тиіс­ті материалдар 1916 жылға дейін қой­мада іріп-шіріп жатады да, ары қарай оны ағылшындар Палестина – Мысыр жолын жөндеуге пайдаланады.
Араб пен түріктің арасы ажырай бас­таған соң-ақ араб жерлері ағылшындар мен немістердің, француздар мен ев­рей­лер­дің ықпалына түсіп, біртіндеп Ба­тыс­тың тақымына кете бастайды. Мысырда Суэц каналының салынуы Египетті батыс банкирлерінің қолына біржола байлап береді.
2016 жылы Түркияның Ыстамбұл қа­ла­сында Пайғамбарымыздың мұражайы ашылмағы жақында белгілі болды. Бұл мұ­ражай «алтын ғасыр» (Пайғамбарымыз бен әділетті төрт халифаның дәуірі) мен бүгінгі заманның арасын қосып тұратын көпір болуы тиіс деп есептейді мұра­жай­дың негізін қалаушылар. Мұражайға Пай­ғамбарымыздың күнделікті қолданған тұр­мыстық заттары, пайдаланған құрал­дары, киімдерінің көшірмелері және де Пайғамбар мешіті мен Қағбаның да ма­кет­тері қойылмақшы екен. Осынау маңызды жобаны қолға алып отырған Пайғамбар қорының төрағасы Мехмет Каяның айтуын­ша, мұражай Ыстамбұлдың Аюб орамынан салынады, аумағы 3,5 мың метр болмақ. Оған әрине, жоғарыда біз атап өткен Пайғамбарлардан қалған жәдігер­лер қойылатыны анық. Ол жәдігерлердің бар­лығы кезінде Мекке мен Мединеден крест­шілдердің жойқын шабуылдары кезінде жойылып кетуден сақтау үшін әкелінген.
Қысқаша айтқанда, Араб жеріндегі Осман империясының сайрап жатқан іздері осындай. Әрине, біз там-тұмдап қана мәлімет берген болдық. Әйтпесе араб пен түрік бірлігінің тарихы біз айтқаннан әлдеқайда түпсіз терең әрі өте қызғылық­ты екені анық.
Төреғали ТӘШЕНОВ

http://www.aikyn.kz