Астана. 23 қазан. Baq.kz — Павлодар облысында тастанды сәбидің туыстары табылды. Ақсу қалалық ішкі істер бөлімі бүгін еңсесі түскен әке мен тасбауыр анадан жауап алып жатыр. Енді өткен іске өкініп отырған соқталдай жігіт баласын сот арқылы дауламақ ниетте.
Естеріңізге салсақ, кеше Павлодардағы мектеп ауласынан бес жасар бала табылған. Кейін Батырханды ол жерге анасы әдейі тастап кеткені анықталды. Бес жасар ұлын шешесі кезінде дәретханада босаныпты. Тасбауыр шешенің өміріндегі осындай таса тұстар бүгін ғана мәлім болып отыр. Ал ұлынан көз жазып қалғанын білген әкесі көп ұзамай полицияға дабыл қағып, кеш те болса қимылдаған. Баланы ол бұрынғы әйеліне туу туралы куәлігін рәсімдеп алуға беріп, кейін қайта алмақ болған екен. Ал анасы екінші күйеуінен тапқан баласын құшақтаған күйі үн-түнсіз отырыстан шығып кетті. Әкесі Батырханды енді сот арқылы қайтарып алуға қам жасауда.
Марат Талақпаев, Батырханның әкесі:
— Ұл менікі, өзім ат қойғам Батырхан деп. Соттасам енді, қала берсе ұлды-қызды бермеймін.