АЛТЫНОРДА
Новости

Мектеп туризмін қалыптастыруды жүзеге асырсақ

434_058cf704ac992e7eed1136667f63aef9Астана. 4 қыркүйек. Baq.kz – Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен үшінші парламенттік сессиядағы алғашқы жалпы отырыста депутат Алдан Смайыл Премьер-Министр Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдады, — деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.

«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның – 2050 жылға дейінгі стратегиясы айқындалған Жолдауында ұлттың тарихи санасын қалыптастыру міндетіне айрықша мән берген еді. Сол тарихи сана Қазақстан өрендерінің бойында қай кезінен қалыптаса бастауы керек? Тарихты құрметтеу сезімі бүгінгі балдырғанда бар ма? Жоқ болса, не істеу қажет?
Бұл сауалдарға қазіргі таңда мемлекет те, қоғам да, зиялы қауым да жауап іздеуде. Тарихқа оралу, жеңістер мен жеңілістерге, қателік пен даналыққа, өкініштер мен қуаныштарға толы ұзақ тарихқа оралу үрдісі қауырт жүріп жатыр. Тарихты, барлық ақиқатын ашық айтып, қайта жазу қолға алынды. Көнерген ғасырларды өзгелердің жаласы мен жалғандығынан тазартуға бет бұрдық.
Осы қарбаласта бір мәселе, біздіңше өте өзекті мәселе, жеткіншектерді тарихтың уызына жарыту мәселесі қалтарыста қалып барады. Біз бұдан былай мектеп туризмін қалыптастыруға тиіспіз. Туған халқының тарихи ескерткіштерін бала өз көзімен көруі керек. Ұлт тарихына оның құштарлығын оятудың ықпалды жолы осы. Ұлытаудың ұлан өңіріндегі Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл кесенелерін Жетісу мен Ертістің, Көкше мен Сырдың оқушылары түгілі сол өлкедегі шәкірттердің өздері көре бермейді. Түркістанға, ондағы Яссауи мазарына балаларды арнайы апарған қалалар мен облыстарды табуың қиын. Маңғыстаудың тарихи жерлерін мыңдаған жеткіншек өңі түгілі түсінде көріп пе екен?!
Сонау 90-ыншы жылдары ұлттық сана туралы әпіл-тәпіл айта бастаған шағымызда Целиноград қаласында өзіміз арпалысып жүріп ашқан бастауыш сыныптарының балдырғандары қазақ деген ұлы ұлт екенін, оның ұлы тарихы бар екенін көрсін және пәк жүрегімен сезінсін деп, көптеген қиындықтарға қарамастан Целиноградтан Ұлытау мен Түркістанға сапарға жіберген едік. Сол өңірлердегі тарихи-археологиялық ғажайыптарды көрген, емін-еркін аралап, әңгімесіне қанған жасөспірімдер мүлде басқа сезімде оралды, өздерінің қазақ халқының перзенттері екендігіне мақтанып оралды. Бірталайы Ұлытау мен Түркістан туралы өлең шығарса, біразы Алаша, Жошы кесенелері туралы шығарма жазып, Яссауи шумақтарын жарыса жаттады.
Біз қазіргі балаларды осындай патриоттық құлшыныстан тыс қалдырып жүрміз. Ұлытау, Қарқаралы, Жетісу, Маңғыстау өңірлерінде болған кезімізде осындай ойға бөктік. Талай тарихи жауһарлар құладүзде жетімсіреп тұр. Олар қазақтың бүгінгі ұрпағымен табыспай жатыр. Білім және ғылым министрлігі соны ескеріп мектеп туризмін қалыптастыру жөнінде арнайы бағдарлама жасағаны абзал ғой. Облыстар, қалалар мен аудандар әкімдіктері оқу озаттарын жаз айларында еліміздің тарихи жерлеріне сапарға жіберуді мақсат етсе, мүмкіндіктері жеткілікті емес пе?!
Егер осылай жасасақ, уақыт өте келе мектеп туризмі республикадағы жалпы туризмнің сүбелі саласына айналар еді.
Қолға алынбай келе жатқан, шын мәнінде елеулі рухани және елдік маңызы бар осы шараны, мектеп туризмін қалыптастыруды жүзеге асыруға ықпал етуіңізді өтінемін, — дейді халық қалаулысы өзінің депутаттық сауалында.

http://www.baq.kz/kk/news/35138