Абай ОМАРОВ (коллаж)
Қазақы тәрбиенің қаймағы бұзылды. Оң босағада отырған қыздың арына дақ түскені бір әулеттің ғана емес, бір рулы елдің, тұтас ауылдың абыройын айрандай төгуші еді. Бүгінгінің «қырық үйден тыйым көрмей» өскен бойжеткені мектеп партасында отырып-ақ «мама» атанып жатыр. Мұны «әркімнің өз тағдыры» деп жылы жауып қоюға болар ма еді, бірақ ұлт болашағы, елдің ертеңі деген мәселеге келгенде ойланатын тұсымыз көп. Бір ғана Атырау облысында 2011 жылы жасөспірім қыздар арасында 2 409 жүктілік есепке алынған. Оның ішінде 102-сі «ойнақтап жүріп от басқанын» кеш аңғарып, жасанды түсіктің көмегімен құрсағындағы нәрестеден құтылыпты. Оның екеуі – жасы 15-ке де толмаған қыздар. Ал өткен жылы 1 153 қыздың екіқабат екені анықталды. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылған жайттар бізді бейжай қалдырмады.
АРЫҢ ҚАЙДА, АУЫЛ ҚЫЗЫ?
Қазір ауыл баласы мен қала баласының арасында айырмашылық жоқ десек те болады. Заман дамыды, техника мен технология өрледі, білмеген нәрсеңді компьютердің бір тетігін бассаң-ақ, ғаламтордағы мәліметтерден қаныға қоясың. Мұның жақсы жағы бары анық, бірақ қазақы түсінік тұрғысынан келгенде, ар-ұят, тәрбие мәселесінде ұтылып жатқан тұстарымыз аз емес. Рас, бұрын да бірді-екілі жағдай кездесетін, мектеп қабырғасында жүріп келе жатқан қызының етегін жаба алмаған «бүлініп» қалған тағдырлар болмады емес, болды. Бірақ аз еді. Өсіп келе жатқан қызының етегін жаба алмаған ата-ана түн жамылып ауылдан көшіп кететін. Оқушы қызы ұятты болып қалған мектеп директоры орынтағын босататын. Сынып жетекшісіне тағылар айып та аз болмайтын. Бүгінде ата-әже институты қараң қалып барады. Әке-шешенің жан бағу мен мал табудың қамында балаға қарайтын уақыты жоқ, өмір жайлы түсінігі әлі нақты қалыптасып та үлгірмеген жас өскін небір сұмдықтың түрін көрсететін теледидарға телміреді, ғаламтордың қызығына батады. Бұл «қызықтан» ауыл балалары да құралақан емес. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Дина Камелова айтқан деректерге сүйенсек, 2011 жылы ерте жастан жүкті болған қыздардың 34-і ауылдық жерден шыққан. Ал былтыр бұл сан 12-ні құрады, жасанды түсік жасатқан 34 оқушы қыздың бесеуі – ауыл тұрғындары. Қазақ үшін ауыл тазалықтың көрінісі еді, жанның жайлауы еді, ұлттық тәрбие мен тәлімнің қайнар бұлағы еді, өкінішті, бұлақ та лайлана бастады.
ТӘРБИЕ ТЕТІГІ ТАБЫЛСА ИГІ
Қаланың жағдайы айтпаса да түсінікті. 16 жасында ана атанғандар қазір «қызық емес» болып қалды. «Он үшінде отау иесі» дегенді теріс түсініп кеттік пе, кім білген, 14 жасқа толар-толмасында дүниеге ұрпақ әкеліп жатқан қыздардың қарасы көбейді. Айталық, Атырау қалалық перзентханасында 2011 жылы жасы 15-ке де жетпеген 24 қыз босаныпты. Ал өткен жылы бұл сан 36-ны құраған. Перзентхананың бас дәрігері Гүлзейнеп Дүсіпова ерте жастан жүкті болған қыз баланың денсаулығына төнер қауіптің аз еместігін айтады. «Жас ағзаның физиологиялық қызметі 14 жаста әлі толыққанды жетіліп болмайды», – дейді дәрігер. Оның айтуынша, жүктілік әйелге физикалық та, психологиялық та қиындықтар әкеледі. Сондықтан жастай жүкті болған қыздардың өздеріне де, құрсақтағы нәрестеге де қауіп төнеді. Дүниеге дені сау ұрпақ әкеліп, өзінің де денсаулығына залал келтірмеуі үшін қыздардың 20-дан 30-35 жасқа дейін жүктілік кезеңін бастарынан өткергендері дұрыс.
Перзентхананың бас дәрігері сондай-ақ бұрын мектеп жасындағы қыздардың екіқабат болуы қоғамның дерті делінсе, енді бұған болашақ ананың діни көзқарасы да әсер етіп тұрғанын жасырмады. Расында, ерте жүкті болу фактілері дәстүрлі емес, діни ағымдарды ұстанушылар арасында көп кездеседі.
– Мен 14-16 жасындағы қыздарын тұрмысқа берген отбасыларды білемін, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Дина Камелова, – Бұл мәселенің әлеуметтік жақтары да бар. Мысалы, некелер АХАТ-та емес, мешіттерде тіркеледі. 14-тен енді асқан қызы жүкті болып қалғасын, ата-анасы амалсыздан күйеуге береді. Бірақ мұндай некелерге заң жүзінде рұқсат етілмейді, тағы да амалсыздан мешітке барып, неке суын ішіп, рәсімді атқарғандай болады. Ал мешітте берілетін құжаттың заңдық күшінің жоқтығы – өз алдына бөлек әңгіме.
Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері Гүлнұр Смағұлова ерте жаста босанған аналардың балалары көп жағдайда түрлі ауруларға бейім келетінін айтады. «Барлық мәселені мектепке жауып тастап қарап отыруға болмайды, – дейді дәрігер. – Бұл жағдайда ата-ананың да атқаратын рөлі үлкен. Әр ата-ана өз баласының жастық, психологиялық ерекшеліктеріне мән беріп отыруы тиіс».
Қазір қыздар арасында ерте есею, ерте жыныстық жетілу жағдайларының барын дәрігерлер жоққа шығармайды. Мұны экологиялық ахуалмен байланыстырушылар да бар. Қалай болған күнде де, қазір бізге, ең алдымен, тәрбие тетігін, ұлттық сана-сезім мен тәлімді реттеп алу керек болып тұр. Мектеп партасында отырып «мама» атанған жасөспірім қыз күні ертең не білімі, не білімі туралы құжаты жоқ, тұрмыс тауқыметіне ерте жегілген қарабайыр адам болып қалуы да мүмкін. Мұндай жастарды кешкі мектепте оқытады дегеннің өзінде, қатар құрбысымен бірге алаңсыз дәріс оқымай, үйіндегі балаға алаңдап отыратын «баланың» білім дәрежесі туралы не айтуға болады? 14-ке енді толған, желкілдеген жасөспірім қыздың аналық инстинкті де жетіліп үлгермеген ғой.
Автор: Бақытгүл БАБАШ