АЛТЫНОРДА
Новости

Мемлекет атауы не үшін өзгереді?

АСТАНА. 19 ақпан. BAQ.KZ – Мемлекеттің атауын ауыстыруды бірінші болып, біз бастайын деп отырғанымыз жоқ. Әлемнің 55 мемлекеті, ел атауын өзгерткен екен. Мәселен, Малайзия — бұрынырақ Малайя, Саравак, Сабах елі деп аталды. Кот-д Ивуар — Берег Слоновой Кости, Шри-Ланка — Цейлон, Эфиопия — Абиссиния, Тайланд — Сиам атанған, тағысын тағылар. Мемлекет қай кезде атауын өзгертеді?! Көбінесе мемлекеттің идеологиясы ауысқанда, мемлекет ыдырағанда немесе басқа мемлекетпен қосылғанда және басқа да себебтермен өзгеруі мүмкін. Бізге қандай қажеттілік туып тұр? Қашан өзгереміз? Не пайда береді? Түсіндіріп көрейік.

Ең әуелі, дүниежүзі халқы «стан» жалғанған елдерді артта қалған ел деп таниды дегенді айттық. Біз мұның моральдық салдарын ғана емес, экономикалық та кесірін татып отырмыз. Ауғанстан секілді тұрақсыз деп ойлаған шет елдіктер біздің жерге аяқ баспайды. Басқанның өзінде, экстрим іздегендері болмаса… Міне, бір ғана атау қанша миллион туристке тұсау болып отыр. Айтпақшы, инвесторлерге де, СТАН дейтін жалғауымыз жалмауыз секілді көрінеді. Осы арада мынадай бір мысал келтіре кетсем. Сіздің азық-түлік дүкеніңіз бар. «Нағашымның кебежесі» деген ерекшелеу есімі болмаса, көп дүңгіршіктен айырмасы жоқ. Бір қызығы, көрші дүкендердің саудасы жақсы жүреді, ал сіздің пайдаңыз шығыныңызды жаппайды. Ол дүңгіршікте бар тауар, сіздің де сөреңізде тұр. Бірақ сауда жоқ. Неге?! Мәселе, бір түрлі атауда. Саудамен айналысқан білсе керек. Мақта даңқымен бөз өтер – деген… Мемлекеттіде осы мысалға сыйдыруға болады. Инвесторді елге шақырғысы келсе, туризмнің тұсауын шешем десе, әккі саясаткерлер – бірінші шаруасын елдің атауын өзгертуден бастайды.
Ал, Қазақ елі атауына келер болсақ. Шет елдіктерге ұнау үшін жасалған қадам емес бұл. Әрі, бұл ұсыныс әлдебіреулер айтқандай, аяқ астынан шыққан жоқ. Ең алғаш Президентіміз, 2012 жылы Тәуелсіздік мерекесіне орай жасалған Жолдауында «Біз, болашақта елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» – дегені бар еді…
ИӘ мен ЖОҚ
Не керек, Елбасы өз ойын ортаға тастады. Жаңалық қоғамға жеткен бетінде, қызу талқылауға көшті. Пікір білдіргендердің бір жағы бұл ұсынысты қолдайтынын айтса, қарсы тарап, бұл шаруаны орындауға — қыруар қаржы кететінін айтып кежегесін кейін тартты. Бір қызығы, әлгі кертартпалардың көпшілігі Алматыны Алма-ата қылып өзгертуге келгенде ақша, шығын туралы бас қатырмап еді.
Қарсы жақтың аргументтерінің бірі — “Қазақ елі” деген атауға өзгелердің тілі келмей қиынсынады-мыс… Тап бір өзге мемлекеттер атауларын қойғанда “Осыған қазақтардың тілі келе ме?”-деп бас қатырған секілді… Енді біреулер еліміздегі ұлыстарды санауға көшіпті… Сондағы айтпағы, Қазақ елі – қазақтың елі дегенді білдіреді. Олай болса, мұндай ұстаным өзге ұлттардың шымбайына батпай ма,-дегенді меңзеу.
Тағы бір тарап, Қазақ елі атауын алсақ – азаматтарымызды «Қазақ елдіктер», ал орысшасында «Казах елинцы» дейміз бе -деп келемеждегені бар. Ұлтшыл-патриоттар, ешқандайда «Казах елинцы» емес, барлық жұрт қазақ деп аталады,-дейді. Мұнан шошудың қажеті жоқ. Францияға барсаңыз, мейлі шешен болыңыз, мақұл орыс болыңыз, сізді Қазақстандық демейді, қазақ деп таниды.
Қазақстандық демекші. Кешегі кеңес Одағы кезінде де, ел атында «стан» жалғауы болған жоқ. «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» деп аталды. 1991 жылы «Советтік Социалистік» атауы тарихтан өшкенде «Қазақ Республикасы» болып қалуы керек еді… Бірақ, кейбір кертартпа, жалтақ көздер ”стан”-ды жалғамасақ, «Аға ұлт» ренжиді, өзге майда ұлыстар қапа болады дегенге басып “Қазақстан” атандырып тынды…
Не керек, заман қателікті түзеуге мүмкіндік көп бере бермейді. Ал қазір, сол уақыт келген сынды. Қорыта айтқанда, халық Елбасы ұсынысын бірауыздан қолдап, ”Қазақ елі” мен “Қазақ Республикасы” атауының бірін таңдауы керек деп ойлаймыз.

 

Қанат Байлы

 

http://baq.kz/kk