«Оңтүстікфильм» мекемесінің басшысы Батырхан Дәуренбековтың пікірінше, биліктегілер мультфильмді баланың ойыншығы деп түсінеді. Алайда, мультфильмнің нағыз идеологиялық қару екенін естен шығармаған абзал. Бүгінгінің баласын, ертеңгінің батырларын ұлттық кино, мультфильмдер арқылы ұлтжандылыққа тәрбиелеуде әліде болса енжарлық басым секілді. Мәселен, көрші Ресей бір ғана анимация саласына жылына 300 миллион АҚШ долларын бөледі екен. Олар «Три богатырья», «Илья Муромец», «Алеша Попович», «Добрыня Никитич» сияқты батырларын дәріптейтін толықметражды фильмдер шығару арқылы «великая русь», «русь непобедима», «наша русская сила» деген сияқты патриоттық сөздермен әсерлеп, балаларына өз тарихын танытып, орыс халқының рухын асқақтатып, елжанды болып қалыптасуына ықпал етуде. Ал, Алпауыт Қытай мемлекеті өз елінде шетел мультфильмдерін көрсетуге тыйым салған. Олар өз елінің мәдениеті мен салт-дәстүрін өзге елдің мәдениетімен ластамайды. Бүгінде балақайларға базарлық сыйлап, қазақ мультфильмінің қанат жайып, өркендеуіне атсалысып келе жатқан аниматорларды саусақпен санайсыз. Сондайлардың бірі оңтүстіктің тумасы, жерлесіміз – Батырхан Дәуренбеков.
Өзіндік қолтаңбасы бар сценарист-аниматор «Толағай», «Қошқар мен Теке», «Момын мен қарақшылар», «Маймақ қаз», «Қанатты Барыс», «Қазақия», «Мұңлық-Зарлық», «Сапа олимпиадасы» сияқты деңгейі жоғары көптеген қазақ мультфильмдерін балақайларға ұсынып келеді. Дегенмен, теңізге құйылған тамшыдай ғана бұл дүниелердің қарасы көбейіп, қоржыны толыспайынша жас ұрпақты ұлттық болмыспен тәрбиелеуде қиналып қалар жайымыз бар. Төл өнімдерімізге деген қамқорлықтың аздығының басты себебі, елімізде шетелдің мультфильмдері көптеп сатылуда. «Бала тәрбиесі – бесіктен» десек, қазіргінің бесігі теледидар болып кетті. Теледидарға телмірген қаракөз балаларымыздың санасы атыс-шабысқа толы қатыгездік пен жауыздықты, өзге мәдениет пен тәрбиені, батыстық идеологияны насихаттайтын дүниелермен улануда. Ата-аналарының базардан сатып әкелген шетел мультфильмдерін азаннан кешке дейін көріп, «Тасбақа-ниндзялар», «Өрмекші-адам», «Трансформер», «Мегамозг», «Халк», «Аватар» сияқты құбыжықтарды құрметтеп, соларға еліктеп өсіп келеді. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуі, мектептегі атыс-шабыс, өз-өзіне қол жұмсау сияқты келеңсіз жәйттардың бәрі осы өнімдерді насихаттап келе жатқан «телеидеологиялық тәрбиенің» жемісі.
– Біздің негізгі мақсатымыз – балалар киностудиясын қалыптастыру болып отыр. Мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болса жылына балаларға арналған 2-3 кино түсірер едік. Оған материалдық-техникалық базамыз да лайықты, білікті мамандарымыз да бар. Бүгінде «Оңтүстік-фильм» киностудиясы арқылы «Томпақ» атты балаларға арналған кино түсіріліп, көрерменнен өз бағасын алып үлгерді. Бұл – Қазақстандағы бірінші анимациялық кинотуынды. Сондай-ақ, алдағы уақытта оңтүстіктің тарихи жерлерін насихаттайтын «Ерлік» деген деректі фильм түсіру жоспарда бар. Ілгеріде «Оңтүстік-фильм» киностудиясы түсірген «Жаңғырық» және «Ауыл академиясы» атты қысқа метражды фильмнің тұсауы кесіледі. Бұның бәрі өз қаражатымызға түсірілген, – дейді Батырхан Дәуренбеков. Жуырда қазақ қаракөзерінің көзайымына айналған «Қошқар мен теке» фильмінің екінші нұсқасы да көрерменге жол тартты. «Оңтүстікфильм» мекемесінің кинозалында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен «Қошқар мен теке 2» мультфильмінің тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. 2009 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен «Сақ» киностудиясы бірігіп жасаған «Қошқар мен теке» мультфильмі кішкентай көрермендердің көңілін бірден жаулаған болатын. Б.Құлжабеков сценарий авторы, А.Ерназаров қоюшы суретші болған қазақы болмысқа жақын мультфильмді жұртшылықтың жылы қабылдауы ондағы бейнеленген оқиғаның, кейіпкерлердің халқымыздың болмысына, табиғатына жақын болуынан деп түсінген жөн.
Жұмақ мекен іздеп қиындыққа тап болған қошқар мен теке жайлы мультфильм әлеуметтік желілерде қаралу саны жағынан миллионнан асып жығылды. Бұл жағдай соңғы онжылдықта шыққан қазақ мультфильмдерінің ішінде рейтингісі ең жоғары туынды екендігін танытты. «Оның бірден-бір себебі мультфильмнің оқиға желісі қызықты, тілі жеңіл, әрі дубляждың өте сәтті шығуында жатса керек», – дейді мультфильм режиссері әрі сценарий авторы Батырхан Дәуренбеков. Мультфильмнің жалғасында қошқардан таяқ жеген екі қасқыр кек қайтару ниетімен сол үйдің бұзауын ұрлап кетеді. Бұзауды іздеуге шыққан қартты да ұстап алып, байлап қояды. Ондағы көздегендері – қарияны іздеп шыққан қошқар мен текені ұстап алып, қазанға тоғыту. Тіпті бұл жоспарларының жүзеге асуы үшін тағы да екі қасқырды көмекке шақырып қойған. Анимациялық фильм соңында бақытын басқа жақтан іздеп шаршаған Текенің «Бақыт деген өз Отанымызда, өз үйімізде екен» – деп мойындауы көрерменге ой салады.
Текенің «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген… Бірлігіміз мықты болса, бізді ешқандай жау ала алмайды!» — деген түйіндеуі де жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, елжандылық сезімдерін қалыптастыратыны сөзсіз. YouTube әлеуметтік желісінде көрерменмен қауышқан қазақы болмысқа жақын мультфильмнің жұртшылық жүрегіне жол тартуын ондағы бейнеленген оқиғаның, кейіпкерлердің халқымыздың жүрегіне жақын болуынан деп түсіндіруге болады. Сондықтан қазақ мультфильмінің дамуына үлес қосып келе жатқан осындай мекемелер мен жекелеген азаматтарға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілсе құба-құп болар еді…
Автор: Нұршат Төкен
Толығырақ: http://alashainasy.kz/culture/memleketke-multfilm-kerek-emes-pe-55011/